Жәбірленуші бола тұра қылмыскер атандым: Аяусыз пышақталған жасөспірімнің анасы әділдік сұрайды
Коллаж: Orda.kz
Қазақстандағы құзырлы органдардың қызметіне қатысты дау көп. Редакциямызға хабарласқан Маржан Мұсырманқұлованың 15 жастағы ұлын 3 жерден пышақтаған, 3 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 42 жастағы Сарыарқа ауданының тұрғыны 6 жыл 2 айға қамалды. Алайда соған қарамастан, жәбірленушілердің азабы әлі бітпеді. Оның сөзінше, қоқан-лоқы көрсетіп, материалдық шығынды өтемей жатыр. Маржанның айтуынша, билік органдарыны әрекетсіз отыр және кейбір істерін жауып тастаған. Оның сөзінше, қылмыскердің анасы ұрып-соқты деп жала жапқан, басқа туыстары болса соңынан аңдып, пышақ көрсетіп қорқытып жүр.
Orda.kz тілшісі 3 жерден пышақталған баланың анасымен тілдесіп, істің мән-жайын сұрады.
Қандай жағдай болды?
2024 жылдың 1 тамызы. Астана қаласы, Сарыарқа ауданы. Бұрын сотталған С. есімді азамат 15 жастағы баланы пышақтайды.
Жәбірленуші тараптың деректеріне сүйенсек, оны бұрын сот бірнеше рет жауапқа тартқан:
- 2001 жылы ҚР ҚК-нің 103-бабы – денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру, 178-бабы – тонау (яғни бөтеннің мүлкін ашық түрде иемдену) бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру;
- 2007 жылы 179-бап 3-бөлім «г» тармағы – бопсалау, қаруды немесе қару ретінде қолданылатын заттарды пайдаланып, 120-бап 2-бөлім «а, б, г» тармақтары – зорлау: а) жас балаға қатысты б) бірнеше рет г) топтасып істеген қылмыс бойынша және 103-бап 2-бөлім «к» тармағы – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдалану бойынша сот жазалады. ҚР ҚК 58 және 60-баптарын қолдана отырып, 16 жыл бас бостандығынан айыру.
С. шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. 14.04.2020 ж. шешімімен шықты. Өтелмеген мерзімі – 2 жыл 2 күн.
Маржанның сөзіне қарасақ, 2024 жылы 1 тамыз күні үйіне сотталушы екі әйелді шақырған. Сол күні Н. есімді жиені (20 жаста) шақырып, төртеуі бірге ішімдік ішеді. Баланың анасы Маржанның сөзіне қарасақ, осы отырысқа сотталушының Б. есімді анасы келіп қалады. Олардың арасында дау болады.
«1 тамызда күндіз осы оқиға болды. Пробацияда жүрген, зорлау, нашақорлық, тонау, көлік ұрлау т.б. қылмыстық ісі бар С. деген көршіміз үйіне 2 әйелді шақырған. Біз оның істі болғанын кейін сотта білдік. Оларды танымаймыз, араласпағанбыз. Сол күні қасында жиені бар. Н. деген 20 жастағы жиені және жаңағы 2 әйел бар, төртеуі отырып ішімдік ішеді. Оның Б. деген 70 жастағы шешесі бар. Сол ішіп отырған жерлеріне келіп қалады. Сол кезде үйлерінде жанжал болады. Оны өздері желтоқсанда болған сотта мойындап қойды. Сол үйіндегі жанжалдан соң аяғы көгеріп қалған. Соны мен ұрды деп жала жауып отыр. Сол отырысқа келгенде шешесі ана екі әйелді қуып жібереді. Үйде үлкен жанжал болады. Олар болса мас. Шешесі келгенде одан ұлы бас жазатын сыра алуға ақша сұрайды. Шешесі бермейді. Сонымен шешесі миының тыныштығын ойлап сыртқа шығады сол кезде. Оның артынан қалтасында пышағы бар баласы шығады», — деді Маржан.
Видео: Маржан Мұсырманқұлова, жеке архивтен
Бейнежазбада С. ашуланып, кіреберістегі орындықты төңкергені көрінеді. Маржанның сөзінше, оның ұлы Нұрбақыт оған ескерту жасап, қоғамдық орын екенін айтқан. Ал сотталушы оны балағаттаған. Сонымен 15 жастағы бала мен 42 жастағы ер адам сөзге келіп қалады. Ақыры ер адам балаға тап беріп, иығына, білегіне, бүйіріне пышақ сұғып алады.
«Бейнежазбаны қарасаңыз, 2-кіреберісте тұратын көршіміз Ш. мен қылмыскердің шешесі 10 метр жерде қарап тұрады. Ешқандай көмек көрсетпейді... Сол оқиғада ешкім жедел жәрдем шақырмайды. Полиция да шақырмайды. Кейін оқиға орнына келген учаскелік полиция қызметкері мен аға қызметкері сөйлесіп тұра береді. Балама жарақат алып, қансырап отыр», — деді Маржан.
Видео: Маржан Мұсырманқұлова, жеке архивтен
42 жастағы ер адамның 15 жастағы баламен арпалысып, алысып жатқанда оқиға орнында болған Б. мен Ш.-ға қатысты Маржан арыз түсірген. Ол олардың еш әрекетсіз тұрғанына, ажыратпағанына, болмаса полиция және жедел жәрдем шақырмағанына наразы болған. Бұл арызға қатысты Бас прокуратура былай деп жауап беріпті:
«Кәмелетке толмаған ұлыңызға қатысты дене жарақаттарын алу кезінде қауіпті жағдайға қалдыру фактісі бойынша С. мен Ш. деген азаматтарға қатысты арызыңыз АЕК-не тіркеліп, тексеру жүргізіліп, көрсеткен тұлғалардың жәбірленушіге қамқорлық жасау міндеті жоқ екені анықталып, материалдар номенклатуралық іс есептен шығарылды», — деп жауап берді Бас прокуратура.
Жаралы балаға жедел жәрдем 45 минуттан кейін келеді. Үй қан-жоса болады.
«Сонымен балам үйге келеді. Үйдің бәрі қан-жоса болады. Қызым үйде еді. Өзі бір қыз, бір ұлым бар. Қызым 22 жаста. Балам 15 жаста. Қызым көріп шок болады. Қызым маған қоңырау шалады. Мен жұмыстан шыққан едім. Сонымен қызым: «Мама, бала пышақталды. Тез келіңізші» деді. Әдетте жұмыстамаған таксидің ақшасын беретін. Бірақ мен автобуспен қайтатынмын. «Қойшы, балаларыма жеміс-жидек алып барайын» деп. Сонымен көңілім алаң болып, бейнеқоңырау шалдым. Қарасам, балам қан-жоса. Ол дене қызуымен жамбасынан, бүйрегінен пышақ салғанын сезбеген ғой, балам. Одан кейін қызым үстін тексергенде білім қалды. Сонымен жедел жәрдем 45 минутта келеді. Мен 35 минутта үйге жетемін», — деді Маржан.
Видео: Маржан Мұсырманқұлова, жеке архивтен
«Маған қылмыскердің анасы жала жапты»
Маржанның сөзінше, осы ұрыс кезінде Б. соққы алып, аяғы көгерген. Сол көгерген іздерді Маржанға жауып, 109-бап, «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша арыз жазған. Сот Маржанға 42 сағат қоғамдық жұмыс істеу мен 20 мың теңге айыппұл салған. Мүлде ұрмағанын айтқан ол қазір осы іс бойынша өзін ақтап алу үшін бәрін істеп жатыр.
«Сөйткенде учаскелік полицей келеді. Жедел жәрдем шақырған-шақырмағанымызды сұрай бастайды. Сонымен қанын бәрін тоқтатып болғаннан кейін, кез келген ата-ана барады ғой. Не жағдай болды деп? Қазақтың бір долы қатыны болса, жанжалдасатын еді. Мен жай ғана бардым. Қасымда қызым болды. Кемпір есікті ашты. «Менің баламның не айыбы бар?» деп сұрап бардым. Ол: «Менің балам істеді. Баламнан сұра» деді. Оның артында қылмыскердің інісі тұрды. Мен оны ерекше жан, яғни ақауы бар екен деп қалдым. Аяғынан тұра алмайды, мас, көзі аспанға қарап кеткен. Шегіп алған ба, білмедім. Сонымен 3 сұрақ қойдым да кеттім», — деді Маржан.
Біз істің мән жайын толығырақ білу үшін Маржаннан Бас прокуратураның берген жауабын сұрадық. Онда прокуратура С. есімді сотталушының шешесін ұрды деген айыпқа негіз болған жағдайларды көрсетіп береді. Бас прокуратураның мәліметіне қарасақ, жәбірленуші болған қылмыскердің шешесі Б. өзін үйіне «Маржанның келіп, ұрып, қылқындарғанын» айтқан. Экспертиза бойынша Б. аяғы мен қолында жеңіл жарақаттар болған және сот оны денсаулыққа жеңіл жарақат салу деп мойындаған. Бас прокуратура куәгерлердің Б. есімді азаматшаның сөзін растағанын негізге алғанын мәлімдеген. Ал сырттағы бейнежазба анасының жарақатты ұлымен жанжалдасқанда алғанын дәлелдей алмайтынын айтқан.
Маржан Б. есімді қылмыскердің шешесінің сөзін растап, куәгер болған адамның сол тараптан екенін, яғни қылмыскердің жиені екенін алға тартады. Сол себепті олар міндетті түрде Б. есімді азаматшаны жақтайтыны анық деп отыр. Оның сөзінше, пәтерге бірге келген куәгер болған Маржанның үлкен қызының сөзін жақын туысы деп есепке алып отырған жоқ.
«Сот жақын туысы деп қызымның сөзіне мән берген жоқ. Ал қылмыскердің сөзіне мән берді», — деді Маржан.
Суицид жасауға талпыну
Әуелі баланың жарақатының денсаулыққа зияны жеңіл деп бағаланады. Алайда оның анасы жағдайы өте ауыр болғанын айтты. Қазіргі кездің өзінде баланың денесі құрысып, қалшылдап қалатынын көрінеді.
«Жедел жәрдемге қызыммен қосып жібердім. Сол жерде экспертизаны дұрыс жазбаған. Жеңіл жарақат деп қоя салған. Шын мәнінде баланың қолы әлі күнге дейін қақсайды. Маған кейде айтпайды. Анамын ғой. Сезіп отырамын», — деді Маржан.
Маржанның сөзінше, қылмыскердің анасы оның ұлына психологиялық қысып көрсетіп, түрлі нәрселер айтқан.
«Балам суицид жасамақ болған күні біртүрлі болып жүрді. Адам психология жақтан ауру болса, көп тамақ жей береді. Балам бес мезгіл тамақ жейді. Бұл қалыпты емес. Мен жұмыс істеймін, тамақты қызғанбаймын. Бірақ бүгінде балам екі сағатта бір тамақ жейді. Түнде теледидар қарап отырсам, ас үйдегі балам біраз уақыт үнсіз қалды. Нұрбақыт десем, жауап жоқ. Барсам қолы қан, қолын кесіпті. Есім шыққан мен сол кезде жедел жәрдем шақырмадым. Осы менен кеткен қате болды. Дегенмен бұл іс ашылды, тергеу жүргізілді. Сырттай бізге қысым көрсетілді, Оразхан деген тергеуші болды сол жерде. Қылмыскердің шешесімен беттескенде аузына келгенін, өте қатты ауыр сөздерді айтты. Балам ондай жағымсыз сөздер естісе қазір қалшылдап, ұстамасы ұстап қалатын болған. Доғар десем, доғармайды. Оған арыз жазып едім, оған ешқандай заң бұзушылық жоқ деп жауып тастады», — деді Маржан.
Маржан тергеушінің сол кезде қысым көрсеткенін айтты.
Оның сөзінше, ұлының суицид жасауына байланысты 105-бап «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» айыбы бойынша іс қозғалған.
«Ұлымның суицид жасауына байланысты 105-бап «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» айыбы бойынша іс қозғалғанын. 105-бап (очный ставка) бойынша қылмыстық істі Ж. О. есімді тергеуші жүргізген. Очная ставка 4 айдан кейін болды. 3 ай қаралған жоқ. Төртінші айында Астана қаласындағы бас прокурор Е. Өтеуовке кірген кезде ғана іс жүрді. Қылмыскердің шешесі осы кезде ұлыма қысым жасап, аузына келгенін айтты. Сол кезде қасымыздағы Ж. О. есімді тергеушіге арыздандым. Еш нәтиже болмады. Сол кездің бейнежазбасын сұрадым. Осы жағдайға дәлел болсын деп. Бірақ менің сұрауыма Сарыарқа ауданының ішкі істер бөлімінің басшысы Д. Жанықұлов бәрі дұрыс, онда ештеңе жоқ деп жауап берді», — деді Маржан.
Маржан редакциямызға ұлының осы жағдайды жапа шекпей тұрған кездегі бейнежазбасын жіберді. Нұрбақыт домбыра үйірмесіне қатысады екен.
Видео: Маржан Мұсырманқұлова, жеке архивтен
Осы мақала жазылып жатқанда Маржан ұлының ұстамасы ұстап, тағы қалшылдап денесі құрысып қалғанын айтты. Жедел жәрдем келіп көмек көрсетіпті.
«Диклофенакпен өмір сүріп келеміз. Қазір ол да әсер етпейді», — деді Маржан.
Ол оқиғадан соң ұсталған қылмыскермен жүздескенін айтты. Ол Маржанға былапыт сөзбен жауап қайтарған.
«Сонымен учаскелік полицейге барып, қылмыскердің қайда екенін сұрадым. Учаскелік пунктіде отыр деді. Оған: «неге өйттің?» десем, маған: «кет!» деп былапыт сөздер айтты. Сусын ішетінін айтып, әкеліп беріңдер деп үйінде отырғандай отыр. Менің телефоным оның бетіне түсіп кетті. Беті қанап кетті. Сонымен сол үшін мені балағаттап, арыз жазатынын айтты. Мен оған баламды 3 жерден пышақтағанын есіне салып, «арың мазаламай ма?» дедім. Ол тағы мені боқтады. Сонымен біріншісінде әкімшілік іс қозғады. Мен арыз жаздым. Учаскелік полицей қызым жазған арызды 3 сағат бойы алмаған ғой. Ақыры өзім барып, арыз жазғанда әкімшілік іс қозғады ғой. Қылмыс құрамы бола тұра әкімшілік іс ашқан Қ. Е. есімді полицей», — деді Маржан.
Біз суицидке қатысты Бас прокуратураның жауабын сұрадық. Онда былай деп жазылған:
«Баланың өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігімен тергеу жүргізілген. Сот-медициналық сараптамамен ұлыңыздың оң жақ жоғарғы аяғының сыдырылуы доғал қатты заттың әсерінен пайда болған, алайда адам денсаулығына зиян келтірмейтін залал ретінде қарастырылады. Ұлыңызға қатысты тағайындалған сот психолого-психиатриалдық сараптама өтуден өзіңіз бас тарттыңыз. Тергеу нәтижесімен С. есімді азаматтың әрекетінде ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігінің белгілері болмауына байланысты іс тоқтатылды», — деп жазды Бас прокуратура.
Маржан Бас прокуратура берген жауаптың қате жазылғанын айтты. Суицид жасаған ұлы өз тамырын кеспек болған. Ал жауапта «аяғының сыдырылуы доғал қатты заттың әсерінен пайда болған» деген сөз жүр. Маржанның сөзінше жауап бергенде олар қылмыскердің шешесінің аяғанан алған жарақаты мен шатастырып, немқұрайлы қарап жаза салған.
Біз Маржаннан психолого-психиатриалдық сараптама өтуден неге бас тартқанын сұрадық. Ол істі жабу үшін өтірік көмектескен сыңай танытқанын айтты:
«Бұл жерде алаяқтық болған секілді. Жұмабек Абай деген бөлім басшысы сол кезде маған: «психологиялық сараптама өтпеңдер. Баланы тізімге қойып қояды. Ертең зияны келеді. Қадағалауда тұрады» деп маған көмектескен болған еді. Солай қағазға жаздыртып алды. Сотқа жіберіле беретінін айтқан. Осындай қулықтармен 105-бапты жауып отырған сияқты», — деді Маржан.
С. есімді азамат 6 жыл екі айға сотталған. Бірақ Маржан сотталушы тараптың туыстарынан қоқан-лоқы көргенін айтты.
«Қылмыстық іс қаралып жатқанда ұлым бұрын көрген адамның тағы да қасымызда жүргенін айтты. Содан бастап мен бейнежазбаға түсіре бастадым. Бір күні жұмыстан үйге түскі асқа келсем, ауладағы қылмыскер төңкерген орындық бар ғой. Сол жерде бір адам маған пышағын көрсетті. Жасы 50-ге таяған. Ол деген қысым ғой. Бейнекамера бар еді. Сол күні арыз жаздым. Бірақ арызым жауапсыз қалды. Бейнежазбаны алдым деді. Оны ішкі істер бөлімінде деді. Білмедім. Қараша айында балам суицид жасады. Қылмыскердің шешесі қысым көрсетіп жіберген ғой. Тіл тигізіп, маған, ұлыма. Туыстарының бәрінен әлі күнге қысым көріп отырмыз. Осы жағдайдың бәрін Астана қаласы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша атқарушы Қ. Н. білсе де, көз жұмып отыр. Ештеңе істемей отыр», — деді Маржан.
Маржан өзінің есігін біреулердің тақылдатып, қашып кеткенін айтты. Ал анасының кіреберісте отырғанда көргенде ауыр сөздер айтатынын да баяндады. Оның сөзінше соңғы рет бейтаныс адам 5 мамыр күні пышақ көрсеткен екен. Ол 103-ке хабарласып арыз жазғанын айтты. Бірақ нәтиже болмады деп отыр.
Полицейлердің әкімшілік іс ашуы және алғашқы соттағы әділетсіздік
Маржан әу баста істі әкімшілік жаза деп жолдаған тергеушілерге және ол істі мақұлдаған прокурорға наразы екенін айтты. Тіпті әуелгі сот 5 минуттай ғана өтіп, 1 сағаттан кейін қылмыскерді босатып жібергенін де баяндап берді. Ол өзінің әлеуметтік желісіне олардың аты-жөнін де жариялады.
«Сол сот барысындағы бізден кеткен бір қателік — ходатайство (сотқа өтініш беру) деген сөзді бір ай бұрын ғана түсіндім. Адвокатыма сендім. Бірақ сол кезде мына екі адамды, учаскелік қызметкерді жауапкершілікке тарту туралы ходатайство (сотқа өтініш беру) қоспаған екенмін», — деді Маржан.
Ол ең бірінші өткен бір сағаттан кейін қылмыскерді босатып жіберген сот отырысы жайлы былай деді:
«Ертесінде сағат 1:05-те 5-ақ минут сот болды. 2 пышақ жарақаты әкімшілік іске жатпайды деп судья айтып, істі жауып тастады. Қылмыскерді 1 сағаттан кейін олар босатып жіберді. Соттағы сөзінде үйге келіп, пышақты алып, тамақ істегенін айтады. Сонымен баламның қалшылдап, құрысып қалатыны бар еді. Сол үшін ауруханада қасында жаттым. Балам 10 жыл спортпен айналысқан. Содан жарақат алғаннан ба, қалшылдап қалатыны бар. Рингке шыққанда да сөйтетін. Спортпен айналысады. Соны ойлап, балалар ауруханасының ақылы бөлімінде жаттым. Анализдерге ақша төледім. Сонымен аруханада жатып онлайн сотқа 5 минут қатысқан соң, қылмыскерді босатып жібереді», — деді Маржан.
Ол С. босап шыққан соң қатты алаңдағанын айтты. Үлкен қызы сол күні көршісінен қауіптеніп, үйге бармай басқа жаққа қоныпты.
Тергеушілер жайлы
Маржан ең бірінші келген тергеушілер іске қылмыстық құрамды қоспай прокурорға бергеніне наразы болды.
«Басында Н. Б. мен Ә. Х. деген тергеуші болды. Олар 109-бап бойынша істе қылмыстық іс жайлы жазылмағанына қарамай сотқа жібермек болды. Н. Б. келгенде мен қол қоймай қойғанмын. Кейін Ә. Х. түнделетіп сағат онда келіп, қояр да қоймай қол қойдыртып кеткен. Адвокат жалдайын, ертең келіңдер дегенге көнбей, істі сотқа жолдайтындарын айтты. Осы тергеуші қылмыстық құрамы жоқ болса да, жолдай салған істі Сарыарқа ауданының прокуроры мақұлдап Дайыров сотқа жіберді», — деді Маржан.
Маржан тергеушілердің әрекетіне қатысты ішкі істер министрі Ержан Сәденовке хат жолдағанын айтты.
Осы жағдайдан кейін адвокатқа жолыққанда оған қол қоймау керегін айтыпты. Осыны біле сала, істі мақұлдаған Сарыарқа ауданының прокуроры Дайыровқа әрең кіргенін айтты. Маржанның сөзінше, ол істі жабатынын айтып құрғақ уәде берген. Одан кейін бөлім басшысына да кіргенін айтты.
«Келесі күні адвокатқа жағдайды айтсам, адвокат: «Неге қол қойдың? Қоймау керек еді» деді. Сонымен келесі күні Сарыарқа ауданының прокуроры мақұлдап Дайыровқа барамын. Кіргізбейді. Телефонымды алып, айқай шу шығарып әрең кірдім. Бәрін көрсеттім. Сол кезде ол маған: «Ой, болды, арыз жазыңыз. Істі жабамыз» деген. Ертесінде іс сотқа кетті деп тұр міз бақпай. Іс тергеліп жатқанда Жомарт деген бөлім басшысы бар, соған да кірдім ғой. Ол да алаңдамаңыз, бәрі жақсы болады деген», — деді Маржан.
Маржан Бас прокуратура Берік Асыловқа жазылғанын айтты. Алайда Маржанды басқа жаққа жіберіпті.
«Кеше қайтадан Тоқаевқа хат жаздым. Қазір мен тұрақты түрде жұмысқа шыға алмаймын. Ауру бала бағып отырмын. Бұрындары адам сияқты адам қатарында өмір сүргенмін. Осы істен кейін балам аурушаң болып қалды. Айына 3-4 рет денесі құрысып, қалшылдап қалады. Оны емдеуге несие алып-алып, қазір мойнымда миллиондаған қарыз бар», — деді Маржан.
Маржан тілшімізге көршілерінің Петропавлдан көшіп келгенін айтты. Бұрын-соңды мүлде араласпаған соң, олардың сырын білмеген көрінеді.
«Сот барысында біз «Бұзақылық» деген айыппен 293 бапқа ауыстырған кезде, анасы: «Мен үйіне бардым. Кешірім сұрауға, оны учаскелік полиция растайды» деп жалған сөйледі. Мен 2 ай бойы әрең дегенде учаскелік полицейдің төсіндегі камерадағы бейнежазбаны әрең алдым. Оны да бергісі келмей әрең берді. Сөйтсем туысы екен. Сол сотта қылмыскердің шешесі кешірім сұрауға барғанын айтты. Ол жерде кешірім де сұрамады. Ол бейнежазбаны да жоққа шығарғысы келген. Мен аудандық ішкі істер бөліміне барып, айқай-шу шығарып жүріп, сол бейнежазбаны зорға алдым», — деді Маржан.
Маржан жауапқа тартылған тараптың материалдық шығынды төлемей жатқанын айтты.
«Материалдық шығынды қазір төлеп жатқан жоқ. Біз бес миллион дегенбіз, алайда миллион ғана міндеттеді. Үш айдан өтіп, міне төртінші айға кетіп барады. Бір теңге де жіберген жоқ. Осы күнге дейін қылмыскер тарапы кешірім де сұраған жоқ. Туыстары бәрі көрермен болып келіп отырды», — деді Маржан.
Жалғызбасты ана енді қоқан-лоқы көрсетіп, аңдып жүретін адамдардан құзырлы органдар заң жүзінде шара қолданып, қорғаса екен дейді. Ал отбасына түскен осы жағдайды әу баста әкімшілік іс деп ашқан, істі барынша созуға тырысқан полицейлер мен тергеушілердің жауапқа тартылғанын қалайды. Сонымен қатар төленбей жатқан материалдық шығынды өтеулерін талап етеді. Себебі ұлының еміне деп қарызға батып қалғанын да жасырмады.
Orda.kz осы мәселе бойынша Бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдады.
Сарыарқа прокуратурасы 15 күн беруді сұраған болатын. Жауап беруді «ЕИАС Қадағалау» орнына тапсырғанын хабарлады. Бірақ сол күйі хабар келмеді. Жауабын күтеміз.
Ал Бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне бұрын Мұсырманқұловаға берген жауаптарына ұқсас жауаптарды қайта жіберді. Біздің сауалдарымызға жауап бермеді.
Жаңалықтар
- Мбаппе Ла Лиганың сегізінші матчында гол соғып, Реал Мадридке жеңіс сыйлады
- Түтін тұншықтырды: Алматы аспаны зиянды шығарындылардан арылмай тұр
- $10 миллионға алтын дәретсауыт сатылады
- «Ғасыр ұрлығы»: Луврдан ұрланған жәдігерлерді астыртын ондаған миллион еуроға сатуға тырысқан, ұрылардың арасында әйел адам да бар
- СҚО-да жас жігіт жұмысының ақысын төлемей жүрген ауылдасын атып өлтірді
- Теңселген теңгеге теңгерім бар ма: доллар жақында 600-ден сатылады
- Астанада сәтсіз жарнама жасаған блогер қамауға алынды
- Қазақстан халқы алтын құймаларды сатып алуға құмар
- «Ескі» және «Жаңа» Қазақстанның экс-кеңесшісі кісі қолынан қаза тапты. Ресей контрабандаға қысым көрсетуде. Тоқаев Трамппен жолығады
- Араб басқарушылары Астана әуежайынан кетпекші
- Мемлекет ауыл шаруашылығымен айналысқан шаруаларға 300 млрд теңгеден астам қарыз
- Ерлан Қарин «Өзбекстан ханшайымы» Саида Мирзиёевамен кездесті
- Бас прокуратура: «Шетелде табыс табамын деп құлдыққа түсу қаупі бар»
- Полиция Орал қаласы тұрғынынан 12 келіден астам есірткі тәркіледі
- Қостанайда полиция такси атын жамылып жеңгетайлық жасаған ҰҚТ-ны ұстап, тінту жүргізді
- Қазақстан УЕФА турнирі финалын өткізуге үміткер елдердің тізіміне енді
- Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасынан бес адам зардап шекті
- Тоқаев Алжир президентін Революция күнімен құттықтады
- Елімізде жанар-жағармай бағасының өсуіне және автогаздың тоқтап қалуына шағымданатын жедел желі ашылды
- Түркістандағы прокурорлар мен судьялар тұратын үйде газ жарылды