Заманауи адам табиғи құбылысты басқара ала ма?

cover

2021 жылы Қазақстанды қуаңшылық жайлап, мал өлімінің көбеюіне себеп болды. Су ресурстары мен жем-шөп тапшылығы көрініс тапты. Апатты жағдайды қалай алдын алуға болатын еді? Қазақстан қандай шаралар қолданды?

Осы және өзге де сұрақтарға Orda.kz редакциясы жауап іздеді.

Қазақстанның табиғаты қоңыржай белдеуде орналасқанына қарамастан, міне, бірнеше жыл қатарынан оның жазы мен қысы құрғақ болып өтуде. Сонау 2019 жылдары болжамды түрде алдағы жылдары елді қуаңшылық жайлайтыны айтылған.

Негізінен құрғақшылық тек Қазақстанның бас ауруы емес, әлем елдерінің қиындығы болып отыр.

Осыдан екі ай бұрын құрғақшылық мәселесі енді көтерілгенде эколог Азаматхан Әміртай өзен-көлдің көлемін ұлғайту керектігі туралы айтқан.

– Қазір біз су мәселесін шешіп, өзен-көлдің көлемін ұлғайту үшін Жамбылда бұлақ көздерін ашумен айналысып жатырмыз.

Көптеген бұлақ көздерінің бітелуі, көрші Ресей, Қырғыз, Қытай елдерінің өзен көздерін ашпауы Қазақстанның қуаңшылықпен бетпе бет келуіне әкеліп жатыр, - деп түсіндірді эколог.

Бірақ шілде айында «Біріккен Араб Әмірлігі дрон арқылы жасанды жаңбыр жаудырып жатыр» деген ақпарат тарады. Көбі мұндай жаңалықты естіп, таңданғандары өтірік емес.

Ендеше Orda.kz редакциясы ХХІ ғасыр адамы әлемді жайлаған қуаңшылықпен қалай күресіп жатқаны туралы анықтап көрді.

Жалпы, жасанды жаңбыр шақыру технологиясы 40-жылдары бастама алғаны белгілі. Бірақ ол күні бүгінге дейін көпшілік үшін пенденің қиялы болып қана қалуда.

Жаңбырды қалай шақырамыз?

Адамзаттың табиғатқа әсер ету саласындағы алғашқы зерттеулері 1930 жылдан жүргізіле бастаған.

Бернард Воннегут, 1949 ж

1946 жылы қарашада атақты химик және метеоролог Бернард Воннегут судың кристалдануында күміс йодид әсерін анықтады, ол жасанды жаңбыр немесе қарды шақыру үшін пайдаланылды.

Алайда онымен бір мезгілде, 1946 жылы қарашада тағы бір америкалық зерттеуші, физик Винсент Шефер бұлтпен тәжірибе жасап жүрген. Ол күміс йодидті емес, құрғақ мұзды қолдану арқылы осындай әсерге қол жеткізген. Дегенмен Шефер экспериментті бірінші болып тәжірибеден өткізді. Ол ұшақ арқылы бұлттың үстінен алты фунт құрғақ мұз шашып, қар жаудырған.

Бірнеше айдан кейін, 1947 жылдың қаңтарында Бернард Воннегут Вашингтон тауының шыңындағы генератордан күміс йодид шашып,  қарлы боранды қолдан жасаған.

Тіпті осы жылдары АҚШ-та «жаңбыршы» мамандар да пайда болған. Яғни, жеке компаниялар күміс йодты аэрозоль генераторларының желісін құрды.

Бірақ КСРО экономикалық мақсаттарды басшылыққа ала отырып, осы салада басқа елдерді озып кетті. Жасанды жаңбырдың көмегімен өртті сөндіріп қана қоймай, құрғақшылық кезінде егістік алқаптарын суару үшін, қыста қар шақыру үшін де қолданған. Тіпті 1958 жылдары арнайы метеорологиялық полигон ұйымдастырылған.

1960 жылғы Арал теңізінің жағдайы

1960 жылдары Сырдария мен Әмудария өзендері бастау алатын таулардағы жауын-шашын деңгейін арттыру арқылы Аралды қалпына келтіру жобасы қарастырылды. Бірақ КСРО-ның ыдырауымен бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары тоқтап қалған.

Жасанды жаңбыр қалай жауады?

Реагенттердің жерден және ауадан таралуы

Жаңбырды жаудыру үшін суды кристалдандыру керек, оны жасанды түрде жасауға болады. Ол екі жолмен жасалады:

  • ылғал тамшыларын өздігінен кристалдануға мәжбүрлеу арқылы бұлтты күрт суытып алу үшін салқындатқыштар қолданылады (құрғақ азот не мұз);
  • бұлтқа кристалдар түзетін арнайы реагенттерді (күміс йодид) қосады.

Жасанды жауын-шашын шақырудан қазіргі таңда Қытай көш бастап тұр. Болжам бойынша, 2025 жылға қарай елдің 60%-ында жасанды жаңбыр шақыртылады.

2020 жылдың соңында Пекин ауа райының өзгеруінің ұлттық бағдарламасын бекітті. Жасанды жаңбыр қоңырауы бағдарламаның негізгі нүктесі болып саналады. Құрғақшылық пен су тасқыны қаупін кездейсоқ емес, қажет кезде және қажет жерлерде қатты жауын-шашынға әкелетін бірқатар технологиялардың көмегімен түзетуге болады. Мысалы, ең көп таралған және дәлелденген технология бұлттарды химиялық себу болып қала береді, бұл әдіс тамшылар мөлшерінің ұлғаюына, артынша жауын-шашынға әкеледі.

Фото: REUTERS

Дрондарды Қытайда мұндай жұмыстарға қолдану ауа райын түзетудің ең перспективалы құралы болып саналады. Осы мақсатта Ganlin-1 дроны 2021 жылдың қаңтарында сынақтан өтті.

Қытайлық дрон. Фото: Nikkei

Дәл осындай құрылғы Біріккен Араб Әмірліктерінде орналастырылды. Алайда, БАӘ үнемді, әрі экологиялық таза тәсілді енгізуге тырысып жатыр. Олар химикаттардың орнына электр разрядтарын қолданды.

Дрон технологиясы. Фото: наука и техника

Ұшақтардың немесе дрондардың қанатында ілулі тұрған зарядтағыштар бұлтта ылғалдың зарядталған бөлшектері бар аймақтар жасайды, олар статикалық электр энергиясының әсерінен ұлғаяды және жаңбыр жауады. Жақында БАӘ-де жауын-шашынның көп болуына реагенттер емес, электр қондырғылары себеп болғаны деп айтылған.

Сонымен күн санап жаңа технологиялар шығып жатқанда, адамдар қалай жаңбырды қолдан шақырады?

  1. Бұлтқа химикаттарды тастау үшін Ил-18, Ан-26 және Ан-12 арнайы жабдықталған көлік ұшақтары қолданылады.
  2. 2021 жылдың қаңтарында Ganlin-1 дроны Қытайда сынақтан өтті. Ол бұлтқа химикат себеді. Дәл осындай тәжірибе БАӘ-де де бар, тек онда химикаттың орнына электр разряды қолданылады.
  3. Бұлтты сұйық азотпен кристалдандыру үшін сұйық азотты ұшақ генераторлары қолданылады. Ұшақтың үстінде атмосфераға сұйық азотты шығаратын арнайы бүріккіш орнатылады.
  4. Күміс йодидімен жаңбыр себу үшін сондай-ақ пиропатрондар қолданылады. Жерден шамамен бес шақырым биіктікте оқ атылады. Салмағы 75-80 грамм болатын тұтандырғыш шамамен 40 секундта жанып, күміс йодидін шығарады. 30 минут ішінде жаңбыр күтіледі.
  5. Бұлтты құрғақ мұзбен себу үшін бұлттың үстінде көлемі 2 см-ге дейін құрғақ мұз түйіршіктері шашыратылады.

Қазіргі таңда әлем елдерінің 50-ге жуығы ауа-райын басқаруға барынша тырысып, түрлі зерттеулер жүргізіп жатыр. Бірақ ең ауқымды, әрі өзекті зерттеулердің бірі – жаңбыр шақыру технологиялары болып келеді.

Себебі, құрғақшылық пен ыстық бар әлемге бірдей қауіп төндіріп тұр.

Мысалы, америкалық ғалымдардың айтуынша, 2021 жылдың шілде айы метеорологиялық бақылаулардың бүкіл тарихында ең ыстығы болып тіркелген.

Адамдар белгілі аймақты ғана бақылауында ұстай алады

«Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаевтың айтуынша, озық технологиялар қазіргі таңда Қазақстанда да қолданылып келеді.

– БАӘ жаңбыр шақыруда қолданған технологиясы, атап айтқанда, дрондардың қолданысы барлығын таңғалдырды. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Жалпы жаңбыр шақыру технологиясы 40-жылдары қолға алынған.

Жаңбырды табиғи құбылыс жоқ жерде шақырып, жаудыруға болмайды. Ол үшін ең болмағанда бір аймақта бұлт болу керек. Адамдар тек оның көлемін ұлғайтып, не болмаса жаңбырдың жерге түсуін жеделдете алады. Мұндай технологияларды үлкен аумақтарда іске асыра алмаймыз.

Ал Қазақстанға келер болсақ, жаңбыр шақыру технологиялары республикалық көлемде қолға алынып жатқан жоқ. Ол тек белгілі бір аймақтарда, білуімше, Алматыда және тағы да басқа қалаларда осымен айналысатын компаниялар бар. Демек, Қазақстанда оның негізі салынып жатыр. Бірақ қондырғыларға неше қаражат кететінінен хабарсызбын. Себебі, онымен тек жеке компаниялар ғана айналысады, - деді Абаев.

Қазгидромет ғылыми-зерттеу орталығы маманының айтуынша, адамзат табиғи құбылыстарды бұрыннан бақылауына алуға тырысуда. Бірақ ол ауқымды көлемде әлі де жүзеге аспаған. Сондықтан, адамдардың белгілі бір аймақтағы іс-әрекеттері ауқымды қиындықтар тудырады деу ақылға қонымсыз болады. Ары кетсе тәжірибе жасалған аймақта нөсер жаңбыр жауып, сел өтуі мүмкін. Бірақ Еуропадағы топан су мен Африкадағы қар адамдардың табиғи құбылыстарға араласуынан деуге болмайды. Мұның бәрі табиғи құбылыс Африкада  да қыс болады, олар төрт мезгілді де көреді. Сондықтан қауіп төндірудің қажеті жоқ. Бізде жаз болса, онда тамызда да қар жаууы қалыпты құбылыс.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар