«Ұлттық қор – балаларға» қаражаты инвестиция арқылы өсе береді

cover ЖИ көмегімен жасалған сурет

Қаңтар айының соңында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында кезекті төлем жүргізілді, деп хабарлайды Orda.kz.

«1 ақпан демалыс күніне сәйкес келгендіктен, қаражат алдын ала — жұма күні аударылды. Іс жүзінде ата-аналар мен бағдарлама қатысушылары ақшаны 31 қаңтар күні түстен кейін немесе 1 ақпан күні таңертең көре алады», — деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова. 

Төлем мөлшері әрбір балаға шамамен 130 АҚШ доллары көлемінде болды. Қазіргі бағам бойынша бұл 65 мың теңгеден асады.

2026 жылы бағдарламаның іске асырылып келе жатқан үшінші жыл толды. Алғашқы жылы балалардың есепшотына шамамен 100 доллар, екінші жылы — 130 долларға жуық қаражат аударылған. Биылғы аударымды және инвестициялық табысты ескерсек, үш жыл ішінде қатысушылардың шоттарында шамамен 370 доллар жиналған.

Ұлттық банк атап өткендей, бұл қаражат жай ғана сақталып тұрмайды. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаржы инвестициялануын жалғастыра береді, сондықтан жинақ сомасы біртіндеп арта түседі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша әрбір баланың есепшотына 130,71 АҚШ доллары есептелген. Бағдарламаға барлығы 6,9 миллион бала қатысуда. Инвестициялық табысты қоса есептегенде, бір балаға шаққандағы жалпы жинақ көлемі 370,56 доллар болады.

Төлем туралы ақпаратты 31 қаңтардан бастап eGov mobile қосымшасынан және kids.enpf.kz сайтынан тексеруге болады.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы үшінші төлемнің 1 ақпанға дейін есептелетіні туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылдың басында хабарлаған болатын.

Бұл қаржыны кейіннен тұрғын үй сатып алу мен білім алу үшін пайдалануға болады, тек мерзімінен бұрын алуға рұқсат жоқ.

Тақырып аясында ұсынамыз:




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар