Уикипедиядағы даулы тұжырым: Тазыны арабтар әкелді ме?
Фото: Orda.kz ИИ
Интернет кеңістігінде, соның ішінде Уикипедияда қазақы тазы иттерін арабтар алып келген деген пікір таралған. Бұл мәлімет ғылыми ортада нақты дәлелденген бе, әлде жорамал ғана ма? Осы сұраққа жауап іздеу үшін Orda.kz этнограф, Алматы облысының музейлер бірлестігі, "Әлмерек баба тарихи-мәдени кешенінің" ғылыми қызметкері Бағашар Қожахметовпен сөйлесті.

Ғалымның айтуынша, қазақ тазыларының шығу тарихын тек аңыз-әңгімелермен емес, нақты археологиялық және мәдени деректермен қарастыру қажет.
«Қазіргі таңда жартастағы суреттерге, материалдық мәдениеттегі көркем бейнелерге және зооархеологиялық материалдарға сүйене отырып, Қазақстан аумағында қазіргі қазақ тазыларының тазытәріздес арғы тегінің өте ерте кезеңдерден бері өмір сүріп келе жатқаны анықталған. Сондықтан бүгінгі қазақ тазыларының хронологиялық тамыры әлдеқайда тереңде жатыр деуге толық негіз бар»,– дейді Бағашар Қожахметов.
Қазақстандағы ежелгі жартас суреттерінде тазы тәріздес иттердің бейнелері ірі петроглифтік кешендерде кездеседі.
Мысалы:
- Арпаөзен петроглифтері және Сауысқандық петроглифтері
Бұл кешендер Түркістан облысында орналасқан. Мұнда аңшылық көріністері мен жануарлардың бейнелері өте көп. Зерттеушілер ұзын сирақты, жіңішке денелі кейбір ит бейнелерін ерте кезеңдегі тазы тәріздес аңшы иттердің прототипі болуы мүмкін деп санайды.
- Тамғалы петроглифтері және Құлжабасы петроглифтері
Бұл аймақтағы жартас суреттері қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Аң аулау көріністерінде адамдармен бірге жүрген жеңіл денелі, жүйрік иттер бейнеленген. Олардың дене бітімі қазіргі тазыларға ұқсас деп сипатталады.
- Ешкіөлмес петроглифтері

Жетісу өңіріндегі бұл кешен ежелгі аңшылық мәдениетінің маңызды дәлелі саналады. Мұнда да аяғы ұзын,, жеңіл дене бітімді ит бейнелері кездеседі. Ғалымдар олардың тазы тәріздес болуы мүмкін екенін айтады.
«Бұл бейнелер қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейін жалғасып, кейінгі этнографиялық кезең ескерткіштерінде де сирек болса да көрініс табады. Жартастағы суреттерден бөлек, археологиялық деректер де бар. Ит жерлеулеріне қатысты материалдар әлі толық зерттеліп жатыр, бірақ кейбір маңызды табылымдар бар. Мысалы, энеолит дәуіріне жататын Ботай қонысынан бастап ортағасырлық ескерткіштерге дейін ит жерлеу дәстүрі байқалады;
Алматы облысындағы Түрген өзені маңынан кейінгі сақ кезеңіне жататын қорғаннан (Түрген I, б.з.д. IV–III ғғ.) ертедегі тазы тәріздес иттің сүйек қаңқасы табылған», – деді ғалым.
Бұл деректер тазы тәріздес иттердің Қазақстан аумағында ерте заманнан тіршілік еткенін көрсетеді.
«Арабтар әкелген» деген пікір қаншалықты ғылыми?
Зерттеуші бұл тұжырымға сақтықпен қарау керегін айтады.
«Ғылыми қорытынды жасау үшін біржақты пікір жеткіліксіз. Мұндай мәліметтер салыстырмалы талдау үшін қолданылуы мүмкін, бірақ нақты ғылыми еңбектер мен дәлел қажет. Бұрын кейбір зерттеушілер жекелеген жұмыс жүргізгенімен, мәселені толық шешетін іргелі еңбек әлі жарық көрмеген»,– деді маман.
Ғалымның айтуынша қазақ тазысы, қырғыз тайғаны, араб салюкиі сияқты тұқымдар абориген иттер қатарына жатады. Сондықтан әр халық өз ит тұқымының тарихын өз мәдениеті аясында зерттеп келеді. Жалпы әлемдік тәжірибеде ит тұқымдарының шығу тегіне қатысты ортақ біржақты пікірдің жоқтығы да осы мәселенің күрделілігін көрсетеді.
Ғылыми зерттеу қазір қалай жүріп жатыр?
«Қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау және көбейту үшін арнайы ұлттық орталық құрылған. Оның құрамына ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кинологтар және дәстүрлі ит өсірушілер кірген. Бұл құрылым тарихшылар, археологтар, зоологтар, генетиктер мен кинологтардың бірлесіп кешенді зерттеу жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр. Алғашқы ғылыми нәтижелер де жариялана бастаған», – деді ғалым.
2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы ретінде алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Осылайша Қазақстанға бұл тұқымның иесі деген мәртебе берілді. Сонымен қатар Қазақстан Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысына өзгерістер енгізіліп, мерекелік күндер тізіміне «3 қыркүйек – Қазақы ит тұқымдары күні» енгізілді.
Этнограф Бағашар Қожахметов пен Тәттігүл Қартаеваның Қазақстан шығыстануы сайтында дәл осы иттер жайлы жазылған мақаласында азақы тазы – жалғыз дара құбылыс емес. Ол Солтүстік Африкадан Орталық Азияға дейін таралған Шығыс тазылары тұқымдасының бір бөлігі.
Осы топқа:
- қазақ тазысы,
- қырғыз тайғаны,
- өзбек тазысы сияқты тұқымдар кіреді.
Ал төбет тұқымдары Еуразия кеңістігі мен Оңтүстік-Батыс Азия аумағында таралған ежелгі иттерге жатады. Сондықтан Орта Азия тазы мен төбеттің тарихи таралу аймағы болғаны анық.
Қазіргі таңда бұл тұқымның азайып кеткені де мәселе болып тұр. Соңғы жылдары қазақы тазы мен төбеттің таза тұқымдарының саны күрт азайғаны байқалады. Кей өңірлерде мүлде кездеспейді. Тазының жарғақ түрі шашақ тазыға қарағанда әлдеқайда аз қалған. Таза қанды төбеттердің де түр-типінің өзгеруі дәстүрлі ит өсірушілер арасында алаңдаушылық туғызды. Осы мәселе бойынша қоғамда ашық пікір айтылып, бұл бастамалар мемлекеттік деңгейде қолдау тапты.
Бұл тақырыпты кеңінен көтерген qazaqbubble - дың айтуынша тазыны арабтар әкелген деген түсінік қате. Тазыны Еуразия халықтары мыңдаған жыл бойы өсіріп, аңшылықта пайдаланған. Орталық Азия аумағында да адамдар ежелгі заманнан аңға тазы қолданған.
«Алайда кейбір деректерде «арабтар тазыны әкелген» деп жазылады. Бұл қате қайдан шыққанын түсіндірейік. Көпшілік шатастырады, себебі «тазы» сөзі парсы тілінен енген және парсы тілінде екі мағынасы бар: біріншісі — «бәдүи», яғни араб, екіншісі — «тазы», «жылдам». Білмеген адам, әрине, бірден «тазы» сөзі арабтан келген деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл тек сөздік аноним. Ит тұқымының атауы парсы тіліндегі «тази» — «шапшаң, жылдам» деген мағынадан шыққан. Ал «араб» деген түсінік осыдан пайда болған қате ой», - дейді qazaqbubble.
Қорыта келе, қазақы тазыны арабтар әкелді деген пікір ғылыми тұрғыда толық дәлелденген тұжырым емес.
Археологиялық және мәдени деректер керісінше тазытәріздес иттердің Қазақстан аумағында өте ертеден өмір сүргенін көрсетеді. Ғылыми зерттеу жалғасып жатыр. Ал нақты жауап тек кешенді археологиялық, генетикалық және тарихи зерттеулердің толық нәтижесі шыққанда ғана беріледі. Бірақ бір нәрсе анық: қазақы тазы — жай ғана аңшылық иті емес, ол қазақ өркениетінің көне мәдени кодтарының бірі.
Жаңалықтар
- Қазақстанда 37 градусқа дейінгі аяз болады
- Лақап аты «Грудак»: Қырғызстанда ҰҚМК-ның тағы бір қызметкері ұсталды
- Дильназ Ахмадиева ерекше балалардың құқығын қорғайтынын мәлімдеді
- Қарағандыда ережесіз жекпе-жек турнирінде 18 жастағы Арслан комаға түсті
- Шымкентте қаржы пирамидасымен айналысқан 10 адамға үкім шықты
- Уикипедиядағы даулы тұжырым: Тазыны арабтар әкелді ме?
- Министрлік Android жүйесі бар қолданушыларға ескерту жасады
- Алматыда ақпанда +22,8°С болды: Синоптиктер күрт жылыну себебін түсіндірді
- Трамп өзгеғаламашарлықтар туралы құжаттарды жариялайтынын айтты
- Елімізде такси қызметі 17%-ға қымбаттады
- 583 млн теңге жымқырған: Түркістанда 18 адам сотталды
- Қазақстанда телефон нөмірін бір оператордан екіншісіне көшіру тәртібі өзгеруі мүмкін
- Qarakesek атымен танылған рэперге сот үкімі шықты
- Олимпиада-2026: Софья Самоделкина ел көрсеткішін көтерді
- Тоқаев Бейбітшілік кеңесі инаугурациялық отырысында не айтты?
- «Қар көшкіні жүруі мүмкін»: Синоптиктер алматылықтарға ескерту жасады
- Олимпиада-2026: Софья Самоделкина елдік көрсеткішті көтерді
- Тоқаев Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынды
- Қазақстан Газаға қаржы бөліп, әскер жіберуге қатысады
- Абай облысында жол апатынан 4 адам тіл тартпай кетті