«Түрмедегі қазақтар»: Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қақтығыстан қандастар жапа шекті
Фото: Бейнеден кадр
Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы жағдай шиеленіскен сайын біз бұған дейін бірнеше рет көтерген Пәкістандағы қазақтардың жағдайы ушығып барады. Әр апта сайын атажұртын аңсаған бір қазақ Пәкістан полициясына ұсталып, Ауғанстанға жер аударылып жатыр. Сол ұсталған қандастарымыздың бірі абақтының арғы жағынан Пәкістан тілшілеріне бір-екі ауыз сұхбат беріпті. Orda.kz редакциясына бұл туралы Пәкістанның Карачи өңірінде тұратын Хамид Уллах Жорабай хабар берді.
Бір топ қандастың Пәкістанға қалай тап болғаны, Пәкістандағы Қазақстан елшілігінің жауапсыздығы туралы жазылған материалды осы сілтемеден оқи аласыздар.
Пәкістандық City21 телеарнасының жаңалықтар бөлімінде Пәкістанда ұсталған өзге елдің азаматтары көрсетілді. Телеарна тілшісі түрмеде отырғандардың жанына жақындап, сұрақ қояды. Оның сұрағына жауап берген азамат — Ауғанстаннан Пәкістанға көшіп барған қандасымыз. Аты-жөні — Исламуддин Латифи. Сонымен қатар, бейнеге түсіп қалған егде жастағы кісі — Абдул Латиф. Ол екі ұлымен, яғни Исламуддин және Сайфулламен қоса полицияға ұсталып қалған.
Пәкістандық тілші Исламуддиннан қайдан келгенін, полиция оны не үшін ұстағанын сұрайды.
«Біздің Пәкістанға келгенімізге 45 жыл болды. Бұл елге Ауғанстаннан келгенбіз. Бірақ біз қазақпыз. Пәкістанның ІІМ-і біздің мәселеміз шешілгенше полиция ұстамауы үшін арнайы құжат дайындап берген. Бірақ қолымызда осындай құжат болса да, полиция бізді ұстап әкетті», – дейді Исламуддин.
City21 арнасының тілшісі Исламуддин Латифиден Карачиде не жұмыс істеп жүргенін де сұраған. Ал ол картоп, пияз сатып күн көріп жүргенін айтады.
Біз енді Хамид Уллах Жорабайдан тұтқындағы қандастардың қолындағы не қағаз екенін сұрадық.
«Бұл құжатты Пәкістан үкіметі берді. «Бұлар қазақ. Бұл кісілердің мәселесі шешілуде. Қазақстан үкіметі азаматтарды тексеріп жатыр. Сондықтан, Қазақстан тексеріс жүргізіп біткенше, олардың Пәкістанда тұру мүмкіндігі бар» деп жазылған құжатта.

Хамид Уллах бұл қағазға Пәкістанның сыртқы және ішкі істер министрлігі қол қойғанын айтты. Бірақ оларға осы құжатты алудың өзі оңайға соқпапты. Себебі Қазақстан елшілігі бірде-бір рұқсат қағазын бермей, не оңды жауап айтпай, әуре-сарсаңға салған. Хамид Уллах Жорабай полиция 3 азаматты үйіне баса-көктеп кіріп, ұстап кеткенін мәлімдеді. Тағы бір қандас та ұсталған. Бірақ Хамид Уллах төртінші адамның қай полиция бөлімінде екенін таппай әлек. Ал Ауғанстанға «айдалған» отбасылар ұшты-күйлі жоғалған. Ешбірі байланысқа шығып, «тірімін» деп тіл қатпапты.
Айта кеткен жөн, сенбіден жексенбіге қараған түні Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қақтығыс болды. Ауған тарапы 58 пәкістандық сарбазды атып түсіргенін, тағы 30-ы жараланғанын хабарлады. Сондай-ақ, Пәкістан әскерінің 25 бекетті басып алғаны айтылды. Бұл туралы Талибан үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид Кабулдегі баспасөз мәслихатында хабарлады. Міне, осы қақтығыстан кейін Пәкістан полициясы үй-үйді тінтіп, босқындарды тырқыратып қуып жатыр. Хамид Уллах Жорабайдың өзі пәкістандық досының үйін паналап отырғанын жасырмады.
Ал енді, елшіліктің берген бірден-бір ресми жауабына тоқталып өтейік. 19 қыркүйек күні Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Е.Қыстафин мәжіліс депутаттығына кандидат болған, тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмшінің өтінішіне жауап қайырады.
Елші Карачи қаласындағы өздерін қазақпыз деп санайтын 300-ге жуық тұрғын бойынша өтінішті қарастырғанын хабарлайды. Бірақ өтінішке жауап ретінде жазылған құжаттағы мәтіндер түсініксіз екенін байқаймыз. Сөйлемге тоқталайық:
«Қазіргі таңда, ҚР елшілігі өз құзіреті шеңберінде және жоғарыдағы заңнамаға сәйкес Карачи, Кветта және Пешавар тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді 2025 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы құзырлы мемлекеттік органдарға қарастыруға жолдап, тиісті жұмыстарын атқарды».

Елшіліктің келуіне әлі 2 ай бар бола тұра, желтоқсан айына жоспарланған «жұмыс атқарып тастағандары» қызық екен. Немесе елшілік бұл істі мемлекеттік органдарға желтоқсан айында қарастыруы керегін айтып, осылай өз міндеттерін орындағанын жазғысы келді ме екен. Жұмамұрат Шәмші де елшінің сөздеріне түсінбегенін айтып күйінді.
«24 тамыз күні сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуге (ред. экс-министр) Пәкістандағы 300 қазақты елге қайтару туралы арыз жазып кеткен едім. Сол арыздың жауабы 4 қазанда келді. Бұл мәтіннен түк түсінсем бұйырмасын. «Желтоқсан айында тиісті жұмыстарын атқарды» дейді. Қазан енді болды емес пе? Бұлар желтоқсан айының қай ай екенін білмей ме? Қыстафин қазақша түсінбейді-ау деймін», – деді Жұмамұрат Шәмші.
Тоқетерін айтқанда, Қазақстан елшілігі Пәкістандағы қазақтарды елге қайтаруға асығар емес. Олар қанша жылдан бері қандастардың жағдайын «қарастырып» келеді. Бірақ осы күнге дейін түк шешпеді.
Orda.kz бұған дейін шеттегі қазақтардың мәселесін көтерген еді. Қазақстан елшілігінен, Сыртқы істер министрлігінен 5 жыл бойы мардымды жауап ала алмаған қандастар Қазақстан үкіметінен күдерін үзді.
Жаңалықтар
- Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына күдікті кеден қызметкері Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды
- Ұлттық банк төрағасы: «Бәйтерек» несиелерінен инфляция өршімейді
- Талдықорғанда Қытай туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртегендердің соты басталды
- Испаниядағы теміржол апаттарынан бес күнде 40-тан астам адам қаза тапты
- Түркістанда дәрігерлер 8 айлық сәбидің денесінен ине тапты
- Медициналық сақтандыруға қатысты даудан кейін қорды Гүлмира Сәбденбек басқаратын болды
- Қатты аязға байланысты Астанадан шығатын бес республикалық тасжол жабылды
- Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасындағы келіссөздер басталды
- Серік Сәпиев өзінің орынбасарымен болған жанжалға қатысты пікір білдірді
- Кәмелет жасқа толмаған қыз қаза тапты: Ұлынан айырылған ана әділдік іздеуде
- Мас кезінде көлік айдаған судья жұмысынан босатылды
- «Шымкенттегі бойжеткеннің қазасы»: Нұрайдың өліміне қатысты жаңа баппен іс қозғалды
- Балқаш ЖЭО-сы экологиялық заңбұзушылықтар үшін 21 млн теңгеге жуық айыппұл төледі
- Қарағандыда Серік Сәпиев өз орынбасарымен төбелесіп қалды
- Шарлапаев «Атамекен» ҰКП-ның төрағасы болып сайланды
- Оралда қатарласына қоқан-лоққы көрсеткендердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
- Ақорда: Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне жарна төлемей-ақ мүше болды
- Яна Легкодимованың өлімі: Өмір бойына сотталған екі жігіт апелляцияға арыз берді
- Еліміздегі барлық банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесіне қолжетімділік берілді
- Алматыдан 282 шақырым қашықтықта жер сілкінісі тіркелді