Өтті ғой сайлау, ойлантып елді...

cover

Сайлау аяқталды. Алғашқы қорытындылары жария болды. Басқа елді
білмедік. Біздің мемлекетте Орталық Сайлау Комиссиясы ойланып
отырғанда Еxit poll елге ақпарат ұстата салады. Және олардың ақпараты ОСК ұсынатын деректен аса алшақ кетпейді. Ежелгі дәстүр. Еxit poll хабарын тыңдауға Елбасыдан бастап елдегі кәрі-жас тас-түйін дайын отырады. Соған қарағанда әлгі шіркіндердің аузы дуалы ма дерсің. Электронды ақпарат құралының дамыған кезі емес пе. Кез келген арнадан бес камера табылады. Әлгі Еxit poll түнгі он екіде сөз алады дегенді естіп, кемі бес оператор бес жаққа бағыт алды. Бес бағыт дейтініміз, саяси додаға бес партия түсті емес пе.


Салып ұрып, «Nur Otan» орналасқан тұстан табылған камера кадрларына біз де бергі беттен үңілдік. Экраннан ше. Бұрын ғой, Еxit poll өкілінің жеңісті хабарын естіген бетте партия белсенділері эйфорияға кезек беретін. Бұл жолы елп еткен ешкім болмады. Бекболат ағаның әндетіп қоя беретін әдеті бар еді ғой. Оған сол жердегі «нұротандықтар» түгел қосылатын. Сондай бір керемет
той басталып кетуші еді. Партия төрағасы ғана сөз алып, жақтастарын құттықтады. Өзгелері пандемия естеріне түсті ме, іштерінен ғана қуанып тұра берді. Солай деп топшылаймыз. Әйтпесе, көңілдерінде не тұрғанын қайдан білейік. Камера қайта-қайта Айдос Сарымға төне берген секілді. Маска таққанның бірі сол ма деп топшыладық, бергі жақтан. Бет-пердеңіз бетті жігіттердің өзін өңін өзгертіп жіберетін заман ғой. Медициналық масканы айтамыз. Айдостың «Nur Otan» туы астында екенін білеміз. Салымды айтқан кезде Сарым да естіп тұрған шығар деп ойладық, соған ұқсас бір азаматты камера үйірсектеп тұрған шақта. Және әлгі азамат жеңісті хабарды естігенде жымия алмаған секілді. Әлде тағы сол маскасы түскір оның эмоциясын жасырып қалды. Үйірге жаңа қосылған Сарымның мына жеңісті тосырқап қалуы да мүмкін.


Екінші камера «Ақ Жол» қонысына жол тартыпты. Партия төрағасы Азат Перуашев біздің саясатқа шорқақ емес. Жеңіске жеткендерді мойындап үйренген. Сондықтан топ бастағандарды кекеп, міней алмайды. Қайта бір кемеге тағы қатар мінетінін ескеріп, құттықтағандай болды. Оның да бойынан ұшқын, көзінен от байқалмады. Әлде кампания барысында осы жолы аттан ауып қаламыз да деген күдік туындады ма екен. Еxit poll ОСК емес дегенді
емеуріннен танытқан шығар, бәлкім. Йоссиф Сталин соғыс басталған кезде оригиналды жанрдың королі саналған Вольф Мессингті Польшадан КСРО-ға қашып келгеннен соң қабылдап, Лаврентий Бериядан естіген таңғажайыптарымен танысады. Кейін Новосибирскіде өнер көрсетуіне мүмкіндік береді. Сібір жұрты бір кездесуде Сталинград шайқасының немен тынарын және соғыс қашан аяқталатынын сұраса керек. Мессинг ойланып барып, Сталинградта Кеңес әскерлері жеңіске жетеді. Ал, Отан соғысы 1945
жылы көктемге дейін жалғасып, Берлинде түйінделеді деп топшылайды. Оны естіген жұрт, «Әлі талай қырғын бар екен, алда», - деп мұңаяды.

Месссингтің айтқандары Берияға жетеді. Халықком Бас қолбасшыға әлгі хабарды жеткізіп, Мессингті дереу жазаға тартуды сұрайды. Сол кезде Сталин, «осы сен біреуді жазалағанды жақсы көріп тұрасың. Вольф Мессинг жаман айтқан жоқ қой. Мені таңқалдырғаны, біздің ақпаратты ол қайдан естіді? Ақпан айында Сталинградта сойқан соғыс жасайтынымызды кімнен естіді? Ал, тағы үш жылға созылады десе, оның қисыны бар. Германия осал қарсылас емес. Сен, Лаврентий, оған тиісіп», - дейді.

Біздің заманның Мессингі Еxit poll секілді. Айтқаны айдай келеді. Бұған дейін келді, негізі. Азекең де езу тартса болар еді, Еxit poll жаман айтқан жоқ қой, енді «Ақ жол» жайында. 10,08 депті.

Оларға өкпелесе, «Ауыл» өкпелесін! «Жағыңа жылан жұмыртқалағыр», - деп сөз бастаса ол түні Әли Бектаевқа жарасар еді. Еxit poll «Ауыл» партиясына бар-жоғы 5,75 процент «қиыпты». Камераның бірі Бектаев ауласына барған кезде төрағаның толқып тұрғаны байқалды. Әли көке тым сабырлы ма, жаман хабар жеткізген институт тарапына ешқандай бөтен сөз айтпады.

Вольф Григориұлының бүгінгі ізбасары Айгүл Мажитова деп қабылдаған болар, жеңіске жеткендерді құттықтауға ұмтылды. Апырмай, адам баласы да сондай сабырлы болады екен-ау, ә. Осы тұста Амантай қажыны еске алдық. Қарадай қасқыр соғатын ағамыз «Ауыл» құрамында жүріп, әлгі ақпаратты естірткен бетте камера кіріп барса, кем дегенде операторды таяғымен бір салып қалар ма еді деп езу тарттық. Бетіне күлкі қонақтамаса да Бектаев көке ашудың ауылы «Ауылмен» қоңсы еместігін білдірді. Ойлаңызшы!

«Жаушылары» жер жаһанды жаяу аралағандай болып, сағат сайын әлеуметтік желіде есеп беріп отырса, «Жер-жердегі электораттың бізге деген көңілі ерекше», - деген хабар таратса, елді мекеннің бәрі қолдап отырғанын айтып, сүйіншелесе үміт оянуы тиіс еді ғой, төрағада. Қанша сабырлы болса да тарс ете қалуы жөн еді, дейміз, экранның бергі жағынан үңіліп. Дегенмен Еxit poll Мессинг еместігіне қатты
сенетін бір партия болса, ол «Ауыл» деп есептейміз. Бәлкім, ОСК жақтан жақсы хабар келіп қалар…


«Адал» кімге болса да адал ғой! Топ жарғандарға тілекші, өздері. Шіркін, қарсыластың жақсысы осылар! Титтей көңіліне келмейді. Ұтылуды әбестік деп санамайды. Үш проценттен сәл асса да ұшпаққа шыққан партиядан кем қуанбайды. Төраға да камера барғанда қалпынан тайған жоқ. Жеңімпаздарды құттықтап, өзінің зейнеткерлік кейпімен кең пейіл танытты. Ақсақал ғой.
Жастар жеңіске жетіп жатса, ол неге қамықсын? Сайлауға түсу керек болды, түсті. Өздерінше үгіт-насихатын жүргізді. Ел дауыс бермеді екен деп, Еxit poll өкіліне өкпелей ме? «Әй, қарақтарым, сендер кімсіңдер ОСК тұрғанда», – деп ұрысса да зейнеткер төрағаға жарасар еді, үлкендігін бұлдап. Кішілігі көрініп тұрған төраға оны қажет деп таппапты. Тек әлгі абынған мүшелеріне обал болды.

Аутсайдерге ілесіп, майданда жанын жаралап алды. Айдос ағалары секілді мықтының «жетегіне» жүгіну керек еді. Әйтпесе жаздан жүгіру керек еді. Бар күшті партия атын ауыстыруға жұмсап, жиында сарқатын партияға жеңістің қажеті де жоқ секілді. Мимырт тіршілік. Енді көрпені қалың салып, саяси сахнадан партерге өтіп, ұйықтаса да болады. Келесі сайлауға біраз уақыт бар. Көз шырымын алуға жетеді. Егер Президенттіктен үміті болмаса аттай бес жыл дамылдаса болады.


Косырев қандай күйде екен? Қоңыров сайлау қортындысы жарияланған сәтте «қоңыз теріп кетеді», - деп ойлады-ау. Айқының айқын жеңіске жетті!

Партиясы 9,03 процент дауыс жинапты! Бұл енді адам айтса сенгісіз жетістік! Тек әйтеуір Эрнест Гофман шығармасындағы шытырманнан сақтасын! Қайырымды Фея үміт берген Цахес тағдырынан аулақ! Цинноберлік шешім емес деп қабылдайық! Солай болатынына сенейік! Альпанусы жоқ заманда Бальтазарлар дүниеден безіп кетер! Біздің елде коммунизм елесі әлі бар деп өзімізді жұбатайық. Гофман шығармалары өзімен кетсін! Аяқ астынан түкірініп қалғанымызды айыпқа бұйырмаңыздар. Кейде көңілге қай-қайдағы келеді. Коммунистік партияның бір отаны секілденіп жүргенімізге ет үйреніп кеткендей ме, өзі. Жабайыл Бейсенов ағамның «Ауылым» әні әсер ететіндер аз емес. Жұбаныш Жекесенұлының әнін күніне бес рет тыңдайтындар да бар.


«Ауыл» деген жазу олардың санасына әсер етпейді дейсіздер ме? Бірақ бір «Ка» сы кем КНПК бәйгеден келсе, ол да пандемия әсері болуы мүмкін. Қиын дерт деседі ғой. Алла сақтасын!


Ертеде орталықтан келетін фильмдер дубляж жасалатын. Жай, есімізге түсіп отыр. Рөлдердегі дубляж жасағандар деп келетін жылы сөз жадымызда.


Айтпақшы, Мемлекет басшысы «Парламенттік оппозиция» туралы заңға қол қойғаны еске түсті. Оларға біршама жол ашылған. Тіпті төраға орынбасары бола алады. Сондай-ақ әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын бекіту, үкіметтің заң жобасына балама заң жобасын ұсыну, парламенттің кез келген іс-шарасына, мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеу құқығына ие. Керемет қой! Алайда сол кереметке ие болатын біреу бар ма? Әзірге өтіп тұрған екеудің шамасы келмейтіні анық.
Тек, рөлдерді дубляж жасағандар деп жүрмесек екен…

Авторы: Амангелді Сейтқанов

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар