«Трамп жазалануы мүмкін». АҚШ-тағы жағдайдың жай-жапсары

АҚШ-тағы президент сайлауында демократ Джо Байденге есе жіберген елдің қазіргі президенті Дональд Трамп жақтастарының сайлау нәтижесін мойындамай конгресмендер отыратын Капитолий ғимаратына басып кіруі нені білдіреді? Олардың мұндай әрекетке баруына нақты себеп не? Алып державадағы бұл оқиға демократия көрінісі ме, әлде трампшыл топтың бассыздығы ма? ORDA. тілшісі осы және өзге де сұрақтарды АҚШ-та оқитын қазақ журналисі, саяси шолушы Жолдас Өрісбайға қойып көрді.
6 қаңтар күні АҚШ-та заң шығарушы орган болып есептелетін ел парламенті - Конгресс қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін растау бойынша жиын өткізіп жатқанда, елдің қазіргі президенті Трамптың жақтастары конгресмендер отырған Капитолий ғимаратына басып кірді.
Конгрестің сайлауда жеңіске жеткен Байденнің президент болып сайланғанын куәландыруына жол бермеу мақсатында сондай әрекетке барған Трамп жақтастары Капитолий ғимаратында полициямен қақтығысты.

Америкалық басылымдардың мәліметінше, қақтығыс салдарынан төрт адам қаза тапқан.
«АҚШ- тағы жағдай - нағыз демократияның көрінісі емес»
Қазақстанда билікшіл топ «АҚШ-тағы жағдай демократияның бір көрінісі, демократия осындай қантөгіске әкеледі» деген сарындағы пікір айтып жатыр. Ал кейбір саясаттанушылар мен оппозициялық көзқарастағы азаматтар «АҚШ-тағы жағдай әділ өткен сайлаудың нәтижесіне қарсы шығып отырған трампшыл топтың бассыздығы, олардың әрекеті демократияға қайшы» деген пікірде. Сіздіңше, осылардың қайсы дұрыс?
«Қазақстандағы билікшіл топ демократияның үлгісі болған АҚШ-тағы хаосты, яғни трампшыл топтың заң шығарушы орган ғимаратына басып кіруін өз мақсаттарына пайдаланып отыр. Олар «біз бағыт алған демократияның үлгісі осы болса, біз оған бармай-ақ қойдық» деген сарында жазбалар жазып, Қазақстандағы автократиялық билікті ақтап алуға тырысып жатыр. Бірақ ол өте дұрыс емес. Олардың идеясы пропагандалық. Халықты соған сендіруге тырысып жатыр».
Ал шын мәнінде АҚШ-та не болды? Капитолий ғимаратына басып кіргендер әрекеті сайлау нәтижесіне көңілі толмаған топтың саналы түрде бас көтеруі ме, әлде демократияға қайшы бассыздық па?
«Сайлауда 81 миллионнан астам адам Джо Байденге, ал 74 миллионнан астам адам Трампқа дауыс берді. Нәтижесінде Трамп жеңіліп қалды. Бірақ ол сайлауда заңғы қайшы әрекеттер болды деп мәлімдеді. Дегенмен оның айыптауларына қатысты бүкіл штаттарда тексеру ұйымдастырылды. Әсіресе, Мичиган, Джорджия, Аризона штаттарында бірнеше тексеру болды. Яғни, дауыстар қайта саналды. Мысалы, Джорджия штатында дауыс санау үш рет өтті. Оның барлығында Трампқа дауыс бергендер саны аз болғаны анықталғанына қарамастан, ол оны мойындамады».

«Жалпы Трамптың феномені – ол жеңілуді білмейді. Яғни, «мен жеңілдім» деп ешқашан мойындамайды. Сондай психолигиясымен және популистік идеясымен бүкіл халықты сайлау нәтижесін мойындамауға үгіттеді. Соның салдарынан осындай хаосты көрдік. Бұл – демократияға төнген қауіп. Бұл – нағыз демократияның көрінісі емес. Себебі АҚШ-та әділ сайлау болғаны белгілі. Сайлау кезінде ешқандай заңсыз әрекеттер байқалмады. Ал Трамп айыптауларының барлығының ара-жігі ашылып, өтірік екені анықталды».
«Сондықтан да билік ауысуы керек еді. Ал Трамп биліктен кеткісі келмей отырған соң осындай түрлі шара арқылы сайлаудың нәтижесін жоққа шығаруға тырысып жатыр. Бірақ АҚШ-та ең жақсысы – Конституциядан ешкім жоғары бола алмайды. Яғни заң шеңберіндегі сайлау әділ өткеннен кейін оның нәтижесін жоққа шығаруға болмайды».
«Жалпы АҚШ тарихында сайлау нәтижесін тексеру, анықтау болған, бірақ ешқашан сайлау нәтижесі жоққа шығарылмаған. Бұл демократиялық құндылықтардың қаншалықты салмақты екенін білдіреді. Ал Трамп соны аттап өтпекші, соны жоққа шығарып, өзінің эгоистік мақсатымен билікте тағы да төрт жыл отыруды көздеді».

Трамптың көздеген мақсатына жетуіне не кедергі болды?
«АҚШ-та Конституциянның күші болмағанда Трамп автократиялық билікке, яғни өмірінің соңына дейін президент бола беруге құнығып кетер еді. Ол сондай саясаткерлердің типіне жатады. Оны автократиялық популист деуге де болады. Ал заң шығарушы орган – Конгерестің, сот жүйесінің барлығы бірдей тең күш болғандығы –атқарушы биліктің автократиялық культті қалыптастыруына кедергі болды».
«Трампты сабасына түсті деу қиын»
Енді елдегі жағдай ары қарай қалай өрбуі мүмкін? Трампшыл топтың наразылығы жалғаса ма?
«Бір күннен кейін Трамптың ойы өзгергені белгілі болып тұр. Оның 6 қаңтарда, Капитолийге басып кірмес бұрын айтқан сөздері жақтастарын ынталандырып жібергені белгілі болды да, әлем елдерінің басшылары оны қатты сынға алды. Өзінің партияластарынан да қатты сын естіген болуы керек, ол бүгін райынан қайтып, өзінің жақтастарын тәртіп сақтап, тарауға шақырды. Болды, енді ол мәселе бітті деуге болады»
Ал ендігі мәселе қандай? Трамп 20 қаңтарға дейін президент мәртебесін сақтап отыра ала ма?
«Кешегі жағдайдан кейін конгресмендер 20 қаңтарды күтпей-ақ Трампты бірден орнынан алып тастауды талап етіп отыр. Жалпы АҚШ конституциясындағы 25-өзгертуге сай, егер АҚШ президенті өз мүддесіне орай әрекет етіп, елге қауіп төндіретін болса, онда оны орнынан алып тастауға Конгресс пен вице-президент бірге күш жұмылдыра алады».
«Қазір конгерсмендер дәл сол позицияны вице-президент пайдалансын деп талап қойып отыр. Бірақ әзірге белгісіз. Ал менің ойымша, Трампты 13-ақ күн қалған кезде орынынан ала қоймайды. Ол қанша ақымақтық жасаса да, қанша популистік идея мен ақылға қонымсыз пікір айтса да, енді ол 13 күн орнында отырады. Сосын барып билік Байденге өтеді».

Бастапқыда «біз ешқашан жеңілмейміз» деген Трамп өз ойлағаны іске аспай қалған соң президенттікті тапсыруға келісті. Бұны «Трамп сабасына түсіп, жеңілгенін мойындады» деуге бола ма?
«Трампты сабасына түсті деп айту қиын. Оның өмірбаянына зер салар болсақ, Трамп жеңілгісі келмейтін, мінезі өте кереғар, қайсар азамат болып өскен. Бүкіл адамның ойында, назарында жүргісі келетін эгоистігі де бар. Әлі күнге дейін сол мінезі байқалады. Ешкімге сөз бергісі келмейді. Ол саяси жолда да сол мінезді таңдап алған. Сондықтан да оны жағдайды түсініп, сабасына түсті деп ойламаймын. Ол биліктен кеткен соң 1-2 жылдан кейін де сұхбаттарында сайлау әділ өтпегенін айтып жүретін болады. Ешқашан оны мойындамайды. Жеңілісін өмірінің соңына дейін мойындамайды деп ойлаймын».
Ал оның осы әрекеттері үшін жазалануы мүмкін бе?
«Менің ойымша, Трамп жазалануы мүмкін. Өйткені, АҚШ конституциясына сай, елдегі кез келген азаматтың құқығы тең. Егер ол қылмыс жасаса, жазаға тартылуға тиіс. Бұл жауапкершіліктен ел президенті де, басқа статустағы азамат та құтыла алмайды. Яғни, Қазақстандағыдай «елбасын ешкім сотқа тарта алмайды» деген сияқты имунитет АҚШ-та жоқ. Бұл елде бұрынғы президенттер де заңға қайшы әрекет жасаса, жауапқа тартылады».
Трамп және консерваторлардың радикалдануы
Осы уақытқа дейін әлем елдеріне демократияның үлгісі саналып келген АҚШ-тай алып державаның дүниежүзіне масқара боларлықтай осындай жағдайға тап болуына жалғыз Трамп кінәлі ме, әлде басқа да себеп бар ма?
«Бірінші және негізгі түрткі – Трамп. Ол билікке келгенге шейін және келгеннен кейін де мейнстрим медианы фейк және оларға сенуге болмайтынын айтумен болды. Сол үшін де консерваторлардың аджендасын приоритетке қоймайтын басылымдардың барлығына фейк тақтайшасы ілінді. Олар ашық әрі объективті жазса да, консерваторлар үшін оларға фейк деген таңба бекітілді».
«Бұған қоса, Трамп солшылдарды, яғни демократтарды «radical left» деуден шаршамады. Оның тым радикалды спичтері америкалықтардың осылай бас көтеруіне алып келді. Осы қақтығыс алдында да Трамп «жеңілісті ешқашан мойындамайтынын» мәлімдеп, тістеріне шейін қаруланған консерваторларды тағы да қуаттандырды. Сол үшін де Трамптың Твиттердегі және Фейсбуктегі аккаунттары блокталды. Ал оны консерваторлар тағы да солшылдардың «сөз бостандығын шектеу әрекеті» деп санады».

«Екінші себеп – Америка қоғамында либералды идеяның күшеюі консерваторлардың радикалдануына түрткі болып отыр. Себебі бір идея күшейсе, мардымсыз қалған идея радикалданады.
Бір сөзбен айтқанда, Трамп сияқты консервативті америкалықтар өз реалияcында өмір сүреді. Олардың идеологиялық өктемдігін қолдайтын өз медиа ресурстары (The Daily Wire, The Federalist, Blaze Media, Breitbart, New York Post, The Washington Examiner, Newsmax, Axios, The Washington Times), радикалды болса да, пікірлерін блоктамайтын өз әлеуметтік желілері (Parler) бар. Сол үшін де олардың өздері ғана сенетін өз шындығы бар.
Көптеген америкалық сарапшы қоғамның осылай екі фронтпен ақпараттануы массивті радикалдануға алып келетінін айтып жатыр.
Мысалы, Джорджия штатындағы Сенатқа сайланатын соңғы өкілдерінің сайлауы да федералды деңгейде үлкен резонанс тудырды. Себебі Джорджия атынан Конгрестің жоғарғы палатасына баратын екі орын жеңімпаздары анықталмай тұрып, республикалықтарда 50, ал демократтарда 48 орын болды. Кеше Джорджиядан екі орынды да демократтар жеңген соң, Сенат 50-50 болып екі партия өкілдеріне бөлініп отыр.
АҚШ Конституциясысына сай, мұндай кезде шешуші дауыс вице-президентке беріледі. Қазір бұл позиция демократ Камала Харристе болып отыр. Сонымен, демократтар президенттік постты да, Конгрестегі Сенатты да, өкілдер палатасын да бақылауға алып отыр. Консерваторлар көтерілуіне осы да бір жағынан түрткі болды. Себебі енді демократтар өздерінің приоритетіндегі барлық заңдарды бекіте алады.
Әрине, кейбір заң құжаттарды Конгрестегі заң шығарушылардың үштен екі бөлігінің қолдауынсыз заң ретінде бекітілмейді. Сондықтан әлі де республикалықтардың салмағы бар. Бірақ республикалықтардың ұсынатын бильдерінің заңға айналуы алдағы 4 жылда өте қиынға соқпақ».
Жаңалықтар
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты
- Маңғыстаудағы кен орнында бұрғылау мұнарасы құлады
- 13 мүрде шыққан Almaty Hostel-ге қатысты үкім: Неге көп сұрақтар жауапсыз қалды?
- Қажылыққа жинаған ақшасын мұқтаж жандарға үлестірген 94 жастағы ақсақалға Меккеге жолдама сыйланды
- Шенеуніктің шымбайына батқан сын: Ұлытау облысының әкімі көпбалалы анадан 495 мың өндіріп алды
- «Орданы» аждаха жұтпақ: Гүлнәр Бажкенова тәуелсіз басылымды қалай тартып алғалы жатқандарын айтып берді
- «Екінші мәрте»: Оңтүстік Кореяның экс-президенті қайтадан қамауға алынды
- Астанада Үкімет үйіне өрт қойған 24 жастағы ер адам ұсталды
- «Мен күйеуімді жақсы көремін»: Qurt-тың жұбайы зорлық туралы шағымын қайтарып алды
- Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап қайтарды
- Перизат Қайраттың тергеу изоляторында соққыға жығылғаны жалған болып шықты
- Джулли Стаффт АҚШ елшісі болуы мүмкін
- БҰҰ Гүлнәр Кәрімованың қамауға алынуын заңсыз деп тапты
- «Сүйіктісін өлтіріп, мәйітін қорлаған»: Шымкентте 19 жастағы жігітке үкім шықты
- «Ауруханаға түсті»: Ақтөбеде 9 жыл әкім болған азамат өзіне қол жұмсамақ болды
- «Бектеновтің сынынан нәтиже жоқ»: Ақтөбе облысы Жұрын ауылындағы жаңа асфальт үгітіліп жатыр
- Ұлттық қорғаныс университетінің полковнигі әйел зорлады деп күдікке ілінді