Тәуелсіз «Орда» редакциясына шабуылдан кейін Гүлнәр Бажкенова Еуропалық ұйымның жиынында сөз сөйледі

cover Фото: Бейнеден кадр

Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам құқықтары жөніндегі жыл өтетін жиында Қазақстан азаматтық қоғамының бірнеше өкілі сөз сөйледі. «Орда» басылымына түрлі қысым көрсетілгеннен кейін бас редакторы Гүлнәр Бажкенова да жиынға қатысып, тәуелсіз БАҚ-тың тағдыры мен оған көрсетілген түрлі қоқан-лоқы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Orda.kz.

Әуелі саяси мақалалар жариялағаннан кейін «Орда» редакциясына түрлі қысым көрсетіліп, шабуыл жасалғанын айта кетейік. Біздің қызметкерлеріміз тұратын жерге бейтаныс адамдар келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, көршілерден сұрақ-жауап алып, жасанды суреттерді көрсетіп, журналистің іздеуде жүргенін айтып кеткен жағдайлар да тіркелді. Тіпті «Orda» редакциясының Instagram және Facebook-тағы парақшалары тағы да бұғатталған кездер де болды. Сонымен қатар бас редакторымыз басылымды қалай тартып алмақ болғандары жайлы ашық айтып берген еді. 

Біздің бас редакторымызға Orda компаниясының 70 пайыз үлесін Kaspi Bank-тің үлескері, кәсіпкер Вячеслав Кимге беру ұсынылған. Егер беріп айтқандарына көнсе, «тыныш жұмыс істеуге» мүмкіндік берілетіні айтылған.

«Тіпті Ким Чен Ынның өзі біздің Кимнен адалырақ. Ол, тым болмаса, өз болмысын жасырып жүрген жоқ. Ал біздікі батыстың құндылықтардың тасасына тығылып, сол арқылы табыс табады. Ал өз елінде сол құндылықтарды бұзып жатыр», — деді Бажкенова. 

Сондай-ақ, ол Садықовтың ісі мен арнайы қызмет офицерінің «өз-өзіне қол жұмсауы» туралы жариялағаннан кейін қысымның күшейгенін айтты.

«Қазақстанда тәуелсіз болу мен табыс табу әрдайым күдік тудырады. Әйтеуір, сені бақылау керек деген сөз. Бізде тіпті соған арналған арнайы «куратор» деген сөз бар. Бұл редакцияларды «ауыздықтайтын» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі. Бізде ондай адам болған жоқ. Мәселе содан басталды», — деді ол.

Гүлнәр Бажкенова «Орда» редакциясының ауыр жолын баяндап, кез келген билік, тіпті ең авторитарлы биліктің өзі журналистерді тұсауға, адал әрі ашық жұмыс істеп, зерттеу жүргізуіне және оның нәтижесін жариялауына тыйым салуға құқығы жоқ. 

Ол «Орда» жобасының алғашқы кезеңдерін еске алып, осы бірнеше жылда қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Бажкенова жас болса да «Орда» редакциясының аз уақыт ішінде елдің жетекші тәуелсіз ақпарат алаңына айналғанын айта кетті.

«2020 жылы мен бәрін нөлден бастаймын деп шештім. Солайша тәуелсіз ақпарат алаңы пайда болды. Осылайша сайты, әлеуметтік желісу, Youtube арнасы бар Orda Media дүниеге келді. Бес жыл ішінде біздің аудиториямыз шамамен 10 миллион адамға жетті. Барлық рейтингтерде алдыңғы қатардамыз. Мысалы, қыркүйекте «Орда» үзеңгілес болған қазақстандық сайттардың арасында үшінші орында тұр». 

Бас редактор атап өткендей, Қазақстандағы ашық сөйлеп, шындықты бүкпесіз жеткізгісі келетін өзге де басылымдар бұл ауыр тағдырды бастан кешеді. Елдегі тәуелсіз журналистер күрделі жағдайда өмір сүріп, кейде қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Соңғы шабуылдар соның айғағы.

Бажкенова конференцияға өзінің жәбірленуші ретінде емес, «бас кеспек болса да, тіл кеспек» жоқ деп келген кәсіби журналист екенін айтты. Оның Варшавадағы сөзі еліміздегі ахуалға өзгеріс әкелуі мүмкін.

«Егер ЕҚЫҰ-ның әлі де ықпалы бар болса, ол жиындағы сөзді құжатқа тіркейтін орын емес, ар-ожданның үні болсын», — деді Гүлнәр. 

Варшавада өткен адам құқықтары жөніндегі жыл сайынғы конференцияда Қазақстаннан барған бірқатар белсенділер мен құқық қорғаушылар өз ойларын ортаға салды.

Мәселен, құқық қорғаушы Мұрат Адам соңғы үш жылда елде адвокаттарды қудалау күрт көбейгенін айтты. Оның сөзінше, билік қысым жасау үшін Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі баптарды пайдаланады. Тергеу деректерін жария ету, жала жабу немесе «жалған ақпарат тарату» деген айыптармен тұсау салады.

Мұрат Адам 2021 жылы президент Тоқаев адвокаттар мен прокурорлардың соттағы мәртебесін теңестіру қажет дегенін еске салды. Алайда содан бері жағдай тек нашарлаған.

«Бұл фактілер 1990 жылғы БҰҰ-ның адвокаттардың рөлі туралы негізгі қағидаттарына тікелей қайшы келеді. Сол құжатқа сәйкес, мемлекет адвокаттардың кәсіби борышын адал атқарғаны үшін қудалауға немесе қорқытуға ұшырамауына кепіл болуға міндетті», — деді ол.

Құқық қорғаушы ЕҚЫҰ-дан Қазақстанға айтатын нақты ұсыныстарды әзірлеуді сұрады. Ол адвокаттарды кәсіби қызметі үшін жазалауға мүмкіндік беретін заң баптарын алып тастап, адвокаттар алқасының кез келген қудалау жағдайында қатысу тетігін енгізу қажет екенін айтты.

Ал «Қадір-қасиет» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Анар Ибраева өз сөзінде статистиканы мысалға келтірді. Бір ғана 2025 жылдың өзінде 33 адвокатқа, оның ішінде 14 әйелге, қысым көрсетілгені анықталған. Оның мәліметінше, қазақстандық адвокаттардың 17,5 пайызы жыл сайын қайталанатын қауіп-қатерге тап болады.

«Соңғы жылдары жаңа қауіп пайда болды. Адвокатты сот залынан еш себепсіз шығарып жіберу, қорғауға қатысуға рұқсат бермеу, „тергеу құпиясын жариялады“ деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тарту, сот ғимаратына кіргізбеу деген секілді жағдайлар бар», — деді құқық қорғаушы.

Азаматтық белсенді Санжар Боқаев Қазақстанда билік Конституцияны, сайлау жүйесін, партиялық құрылымды, петиция тетігін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өз идеясын бұрмалап отырғанын айтты.

Боқаев 2023 жылы сайлауға қатысып, хаттамалар бойынша жеңіске жеткенімен, мандат басқа адамға берілгенін еске салды. Оның шағымдарын соттар қараусыз қалдырған. Ал сайлауды «жалпы ұйымдастырылған» деп атаған ЕҚЫҰ есебін сатқындық деп бағалады.

«Қазақстандағы биліктің ауысуы әлі де мүмкін болмай тұр. Президенттікке немесе парламентке кімнің түсе алатынын билік өзі шешеді. Конституция әр азаматқа сайлау және сайлану құқығына кепілдік бермейді. Бірақ сайлау туралы заңның 54-бабы президенттікке кандидаттың кем дегенде бес жылдық мемлекеттік қызмет тәжірибесі болуы керек дейді. Бұл талап ел азаматтарының басым бөлігінің конституциялық құқығын жоққа шығарып отыр. Себебі халықтың бар-жоғы 2 пайызында ғана сондай тәжірибе бар. Демек, 98 пайызы автоматты түрде сайлану құқығынан айырылған», — деді белсенді.

Боқаев сондай-ақ уақыт белдеуін қайтару және ескі көліктерді сатып алғанда қосымша төленетін құнды азайту жөніндегі ең танымал петициялардың өзі үкімет тарапынан қабылданбағанын сынға алды.
Оның айтуынша, мемлекет соңғы сегіз жылда экологиялық төлем деген желеумен екі миллиард еуродан астам қаржы жинаған, бірақ оның қайда жұмсалғаны туралы есеп бермеген.

«Тұрақтылық пен тоқырауды шатастыруды қою керек. Билік тұрақтылық деп атайтын нәрсе – жастардың дамуына тұсау болды. Бізге „реформаларға асықпау керек“ дейді. Бірақ сол сөздің астында биліктің отыз жыл бойы бір адамның қолында болуы жатыр. Қазақстан халқы мәңгі күтіп жүре алмайды алмайды», — деп сөзін түйіндеді Боқаев. 

Orda.kz редакциясына қарсы бұрын-соңды болмаған жаппай қысым көрсету әлі жалғасып жатыр.
Басылымды бақылауға беру туралы ұсыныстан бас тартқан соң, редакцияға қарсы ұйымдастырылған ақпараттық шабуылдар басталды. Интернетте жалған ақпараттар мен дипфейктер таратылып, қызметкерлерге қауіп төнді, парақшаларды бұзу және бұғаттау деректері тіркелді. Ал ең сорақысы — мемлекеттік базадан OrdaMedia.kz компаниясының иесіне қатысты мәліметтер мүлде жоғалып кетті. Соған қарамастан, Orda.kz ұжымы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Бас редактор Гүлнар Бажкенова екінші жыл қатарынан Forbes Kazakhstan журналының «Ең ықпалды әйелдер» тізіміне енді. Биыл ол рейтинг бойынша екі саты жоғарылап, 13-орыннан 11-орынға көтерілді.

Бажкенова бастаған Orda.kz тәуелсіз журналистиканың үлгісін көрсетіп келеді. Басылымның материалдары миллиондаған қаралым жинап, YouTube арнасының көрермендері 350 мыңнан асты.
Сондай-ақ, Гүлнәр Бажкенова АҚШ-та ресми аккредитация алып, Ақ үй мен БҰҰ жанында жұмыс істеу құқығына ие болды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар