Талдықорғанда әскери қызметкердің көлігі жарылды

cover Фото: Әсем Жәукен/ Orda.kz

Талдықорған қаласының Еркін шағын ауданында көлік жарылып, тұрғын үй қирады. Оқиға орнына Orda.kz тілшісі барып қайтты.

40 жастағы Павел Гунькин - әскери қызметкер. Қыздарын мектепке апармақ болып, таңертең гараждағы көлігін оталдырған. Дәл сол мезет көлік жарылып, гаражбен қоса баспанасы да қирап қалған.

Ер адам ауруханаға жатқызылды, оның денесінің 20%-дан астамы күйген: негізінен қолдары, аяқтары, жүзі мен арқасы зардап шеккен. 12 жастағы қызы да жарақат алды.  

Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстың себебі – газ баллондары.

[media=https://youtu.be/G0o26D4i-Vw]
«Оталдырғаны сол екен, жарылыс болды. Тіпті күйеуімді бірнеше метр жерге лақтырған. Қазір ол ауыр жарақат алып, ауруханада жатыр. Қол-аяғы бәрі күйіп қалған. Ал 12 жастағы қызымызды топырақ үйіндісінің астынан тауып алдық», - дейді үй иесі Марина Гунькина.

Айтуынша, көлігіне газ орнатылған. Қазір тұрғын үйдің бір жағы түгел қираған. Үй иесінің айтуынша, баспана жөндеуге жарамайды, керегелерінің бәрі қақырап кеткен. Жарылыстан зардап шеккен Павел Гунькин Талдықорғандағы 18404-десанттық-шабуылдау әскери бөлімінде қызмет атқарады.

[media=https://youtu.be/sw26tXo8bgY]

Оқиғаға байланысты Orda.kz облыстық төтенше жағдай департаментіне сауал жолдады.

«2025 жылғы 4 наурызда Талдықорған қаласында (Еркін ауылы) гаражда орналасқан автокөлікте газ жарылған. Хабарлама 07:06-да түсіп, оқиға орнына жедел түрде ТЖД (20 адам, 6 бірлік техника) жөнелтілді. Соның салдарынан қосалқы құрылыстар (50 шаршы метр) жартылай қирап қалды. Өрт болған жоқ. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп жауап берді ТЖД.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар