«Таяққа іш киімін орап тыққан»: Екі әйел не себепті 16 жастағы қызға қорлық көрсетті?
Фото: Orda.kz
Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап қорлық көрсетті. Әйелдердің біреуінің әкімдікте істейтіні белгілі болды. Қыздың анасы Orda.kz тілшісіне сұхбат беріп мән-жайды айтып берді.
Анасының айтуы бойынша оқиға бір жігіт үшін басталған екен. Күдіктінің жігіті 16 жастағы қызға жазғаны үшін қызғаныштан қорлық жасаған.
«Менің екі балам бар бірі 16-да, екіншісі 13-те. 16 жастағы қорлық көрген қызым менің ата-анамның, яғни, нағашы ата-әжесінің қолында. Шелек ауылында. 15 тамыз күні қызыма бір жігіт әлеуметтік желі арқылы хат жазып танысады. Арада уақыт өткен соң қызымның WhatsApp желісіне бір әйел жазып: «жігітіммен сөйлеспе» деп хат жолдайды. Қызым «жарайды» деп жазған жігітті блоктап тастайды. Ертесі 16 тамыз күні қызыма әйел қайта жазып кездесейік дейді. Қызым арам ойсыз кездесуге келіседі», — деді анасы.
Анасының айтуынша күдіктілер Шелек ауылына келіп қызды көлікке отырғызып, есікті құлыптап, балағаттап ұра бастаған. Екі күдікті әр әрекетін бейнежазбаға түсіріп отырған.
«Ол аз болғандай қызымды өздерінің Масақ деген ауылына апарып ағын суға батырып, аяқтарын сүйгізіп мазақ еткен. Тергеу кезінде бұл бейнежазбалардың барлығын көрдім. Суға бес-алты рет батырған. Қызымның қорыққаны соншалық аяғын құшақтап сүйіп тұр. Ең сорақысы қызымның жыныс мүшесіне таяқ тыққан. Таяқтың басына қызымның іш киімін байлаған», — деді анасы.
Қорлық көрген қыздың анасының айтуынша бір ауылдан екінші ауылға барар жолда күдіктілер тіс тазалағыш сатып алған. Оның айтуынша олар тіс тазалағышпен зорламақ болған.
«Қызыма осындай қорлық көрсеткендердің біреуі одан 3 млн теңге талап еткен. Болған оқиғаны анасына немесе досыңа айтсаң, барлығын бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіге таратамыз деп қорқытқан. Қызымды киіндіріп болған оқиғаны ешкімге айтпа деп маңдайынан сүйген», — деді анасы Индира.
Күдіктілер қыздың іш киімін ағын суға ағызып жіберген.
«Қызым маған бейнежазбамен жылап хабарласты. Өз-өзіне қол жұмсайтынын, бұлай өмір сүре алмайтынын айтты. Екі күдікті қызыма хабарласып ақша сұраған. Кейін маған хабарласты ол кезде олардың тек ұрғанын білетінмін. Мен оларға арыз жазатынымды айттым. Қызыммен сөйлестім. Болған жағдайды айтып берді. Таң қалып, абдырап қалдым», деді Индира.
Анасы болған оқиғаны ести сала аудандық ішкі істер бөліміне бет алады. Оның айтуынша, жәбірленуші болса да арыз жазу өте қиын болған.
«Таңғы тоғызда барғаннан түңгі үште бір-ақ шықтық. Арыз қалдыру үшін ауруханаға кейін экспертиза жасату керек деді. Қызымның құрбысының әкесі көмектесіп арыз жаздық. Әзірге экспертизаның қорытындысы шыққан жоқ. Екі күдіктіні тез арада ұстап қамауға алды», — деді Индира.
Күдіктілердің ата-анасы келіп кешірім сұраған. Сонымен қатар екі күдіктінің бірі — 29 жастағы әйелдің екі кішкентай баласы бар екен.
Қазір жәбірленуші тарап құзырлы мекемелердің рұқсатсыз айтуға болмайтын жеке ақпараттарын әлеуметтік желіге жариялап тастағанына наразы.
«Мен бұл оқиғаны жарияламас едім. Бір күні туыстарымыз ағылып үйге келе бастады. Олар ауыл арасында тараған әңгімеден естіпті. Бірі WhatsApp желісінен білген. Бұл оқиғаны анам, қызым үшеуміз ғана білетін едік. Осыдан кейін құзырлы мекемелерге сенім қалмады. Осылай БАҚ алдына шығуға бел будық», — деді анасы.
Жәбірленуші қыздың анасы ақпаратты жариялаған құзырлы мекемеге іс қозғауды талап етіп отыр.
Қыздың ата-анасы он үш жыл отау құрып ажырасқан екен. Ауылдық жерде жұмыс болмағандықтан анасы Алматыда жұмыс істеуге мәжбүр. Ал анасы қыздың әкесінің бұл оқиғаға араласпақ түгілі естігісі келмегенін айтты.
Қазіргі таңда қызға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. 16 жастағы қыз биыл университет қабырғасында оқуы керек болған. Бірақ алған психологиялық жарақатынан оқуын бір жылға шегеріпті.
Жәбірленуші тарап тек бір ғана баппен іс қозғалғандығына наразы. Іс «кәмелет жасқа толмаған балаға зорлық көрсетті» деп қозғалған. Ал анасы ақша талап еткенін, ұрып соққанын да іске қосуды талап етеді.
Еске салар болсақ, Алматы облысында 16 тамызда 16 жастағы қызды екі әйел ұрлап, азаптаған. Күдіктілердің бірі Масақ ауылдық округі әкімі аппаратында қызмет істегені анықталды. Олар жасөспірімді ұрып-соғып, темекімен күйдіріп, өзенге батырып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Барлық әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, артынша бейнежабаны таратамыз деп қорқытып, 3 миллион теңге талап еткен.
Жаңалықтар
- Тоқаев Ердоғанмен 14 мамырда болатын кездесуді талқылады
- Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерация президентінің кеңесшісі атанды
- Ақмола облысының тас жолында фура жол жиегінде тұрған көлікке соқтығысты
- Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына кінәлі 10 жылға сотталуы мүмкін
- Енді атыраулықтар Ташкентке тікелей ұша алады
- Соғыс басталғалы бері Ормуз бұғазынан алғашқы Ирак танкері өтті
- Өскеменде полиция қызметкерін атып кеткен күдіктілер ұсталды
- Тағы бір танымал блогерге халықаралық іздеу жарияланды
- Полиция Шахтинск қаласындағы өртке кінәліні ұстады
- Зеленский Ресей жаппай қауіпті соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдеді
- Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды
- Трамп Иранмен уақытша бітімге келді: Соғыс 5 күнге тоқтады
- Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап елдерді шарпып жатқанына қарсымыз: Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісімен кездесті
- Атырауда мереке кезінде 80-ге жуық бала ата-анасынан көз жазып қалды
- Алдағы күндері оңтүстік өңірлер 28 градусқа дейін жылынады
- Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарға үндеу жасады
- Нью-Йорк әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігіне соғылды: Зардап шеккендер бар
- Алматыда алып ағаш көшенің қақ ортасына құлап түсті
- Трамп Израильге барып, беделді марапат алуды қарастырып отыр
- Шахтинскіде газ жарылды: Сегіз адам зардап шекті