Түркістан: Ғасыр жобасы ма, әлде халықтың ақшасын желге шашу ма?

cover

Түркістан қаласында 10 сәуір күні Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен сарай» туристік кешені ашылды. Осы күннен бір апта ғана бұрын туризм туралы аузын толтырып, сөз ете алатын елден келген соң, Қазақстанда туризм ошағына айналады делінген Түркістанға арнайы ат басын тіредік. Сонымен не көріп қайттық?

Кез келген турист үшін өзі көргісі келетін нысаннан бұрын, сол жерге жету мәселесі маңызды. Яғни, Түркістандағы туристік кешенді көргісі келген адам ол жерге қалай жетеді? Әрине, жолмен. Мысалы, Шымкент-Түркістан жолы сізді «Керуен сарайға» жеткізеді. Жеткізуін жеткізеді-ау, бірақ...

Айналасы 250 шқ жолды жүріп өткенше, қайда келе жатқаныңды ұмытып қалардай күй кешесің. Неге? Сол баяғы жыры бітпейтін біздегі сапасыз жолдың кесірінен. Біз отырған көлік иесі бұл жаңа салынған жол екенін айтты. Алайда кедір-бұдыры көлікті селкілдеткен жол жолаушыны қатты шаршатады екен. Іштей, «мейлі, «жоқтан бар ғой» деп өзіңді жұбатасың. Шымкенттен Достық ауылына дейін селкілдей жөңкіген көлігіміз, әрі қарай біршама қалыпқа түскендей болды.

Жаңа, түлеген, түрленген Түркістанға жақындап келеміз. Осы сәттен бастап айналамызға туристік көзбен қарауға кірістік. Түркістанға жақын маңдағы ауылдарға қарап, Қазақстан бюджетінің миллиардтаған қаржысы құйылып жатқан аймақ бұл облыс емес сияқты көрінді. Тозығы жеткен үйлер мен сұрқы қашқан ауылдар Түркістанға төгіліп жатқан миллиардтарға тек  тамсана қарап тұрғандай.

Иә, 10 жыл бұрынғыға қарағанда Түркістан расымен түлеген, өзгерген. Биік ғимараттар бой көтеріп, көпқабатты үйлер қаздай тізіле бастаған. Алғашқы нысанымыз, әрине күллі түркі халқының киелі мекені саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болды. Бұрын сонадайдан көрінетін кесене қазір жанындағы биік ғимараттардан аласарып көрінед. Соңғы бір апта көлемінде отандық БАҚ жарыса жазған «Венецияңызға» осы кесенеден шығып жол тартсаңыз болады.

«Керуен сарайға» дейінгі жолды мейлінше көгалдандыруға күш салынғаны байқалады. Естеріңізде болса, ресми ақпарат көздерінде бұл жерді көгалдандыру жұмысы Bazis-A құрылыс компаниясының құзырында еді. Жаяу жүргінші жолының жан-жағына жасанды жасыл шөп, яғни газондар отырғызылған. Алайда Түркістанның құрғақ топырағы «триллиондап ақша құйсаң да, бұныңнан түк шықпас» дегендей, газон тегіс өспеген. Бір жеріне шыққан шөп енді бір жерге мүлде шықпаған. Таз адамның басындай ала-құла болып жалтырап жатыр. Қайтпек керек? Бұл аймақтың адамдары амалын табудың шебері емес пе?! Шөп шықпаған тақыр жерге жасыл түсті көбікке ұқсайтын нәрсені шашып, «бояп қойыпты». Төмендегі суретте «жасылға боялған» дүниелер. Оның өзінің түсі оңып, табиғи шөптің реңін бермей тұр.

Көгалдандыруды сөз еткенде, еріксіз күлкі шақыратын бір көріністі айтпай кеткеніміз болмас. Жаяу жүргінші жолының жиектеріне шыршалар отырғызылыпты (төмендегі суретте). Назарымызға ерекше ілінген сол шыршалардың топырақтағы тұрысы болды. Төмендегі суретке зер сала қарасаңыз, анық байқайсыз. Дәп бір уақытша жерге қадап қойған шырша сияқты. Әйтпесе, топыраққа егілген шыршаңыз осылай жантайып қисаяр ма еді? Бұларды неге сөз етіп отырмыз? Өйткені осы бір ғана көгалдандыру жұмысы үшін ел қазынасының, яғни сіз бен біздің ақшамыздың 1,4 миллиард теңгесі бөлінгені БАҚ-та жазылды.

Дәл осы Bazis-A құрылыс компаниясы 13,5 млрд теңгеге салған «Тұңғыш президент саябағының» аты керемет болғанымен, бұл кереметті затынан таба алмадық. Әдеттегідей, арка тектес биік қақпадан саябаққа кіресіз. Арғы жағы әзірге қуаң далада тікірейген талдар ғана. Қазірше саябаққа кіріп әуре болудың керегі жоқ. Әлі жұмыстары бітпеген.

Жалпы, жаһанға жария салып, жарнамаланып жатқан Түркістанда бітпеген нысан өте көп және құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Шаңы көкке көтерілген құрылыс жұмысының арасында «Венецияны» тамашалауға келгендер аз емес. Әлі жұмысы толық бітпеген нысанды не себептен мезгілінен бұрын жарнамалап, не себепті көрушілерді шақырғаны белгісіз. Бұл мәселеге де «мейлі, осылай жарнама жасағаны да дұрыс болған шығар» деп көз жұма қарадық.

Саябақтан кері бұрылған жолда көгалдандыру жұмысының «ғажап» үлгісіне көзіміз түсті. Арса-арса етіп төселген шым шөптің қиындыларының қазіргі түрі... Бұл шымды төсеген жұмысшылар не қатты шаршаған, не болмаса «бұл жерде шым төселген деп ойлаңыз» дегісі келгендей ме, қалай?

Жұрт аузында «Венеция» атанған «Керуен сарай» туристік кешеніне жеткенше, жол-жөнекей бірнеше ғимарат пен нысандарды тамашалауға болады. Әйтсе де, әдемілік үшін бе, әлде басқа маңызы бар ма, біз түсінбеген нысандар да кездесті. Мәселен, төмендегі суретте соның бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мына заттың нендей қызмет атқаратынын түсіне алмадық. Түбінде аялдап, сая табайын десең, көлеңкесі де қалың емес. Ал Түркістанның желін ескерсек, бұл нысанның түбінен сая табам деп қаңбақтай ұшып кетуіңіз әбден мүмкін.

Ә дегеннен әңгімеміз жаяу жүргінші жолынан басталды. Енді осы жолды сөз етсек. Төселген жолдың сапасы сын көтермейтіндігін көру үшін құрылыс саласының маманы болудың қажеті жоқ. Аралары ырсиып ашылған төсеніштің кей тұстары тіпті желімінен ажыраған бәтеңкедей болып жатыр. Бұл жол төсеніштері әрі кетсе, осы жаз айларының соңына дейін шыдар, әрмен қарай, «шашылып» қалары сөзсіз. Демек, келер жылы ел бюджетінен бұл үшін тағы да миллиондар сұралатыны даусыз.

Сонымен діттеген нысан «Керуен сарайға» да келіп жеттік. Сыртқы көрінісі расымен ғажайып ертегілер еліндегі сәулет өнерін еске түсіреді. Ескі заманның ғимараттары сияқты. Ішкі көріністері де ерекше. Ортасын жұрт «Венеция» дейтін су арнасы бөліп жатыр. Жағалай орналасқан екі жақтағы сарайлар бөлек-бөлек бөлмелерге, яғни бутиктерге бөлінген. Әзірге бір де бір сауда бөлігі ашылмапты.

Су арнасының бірнеше жерінде аспалы көпірлер орнатылған. Бәрі ғажап басталған бұл әдемілікті мұрнымызға келген жағымсыз иіс бұзды. Иә, «Венецияңыз» ашылғанына 2-3 күн өтпей борсыған иіс шығара бастаған сияқты. Жаз айында Түркістан облысындағы ыстық ауаның өлшемі 40 градусқа дейін көтерілетінін ескерсек, мынау иістің қалай боларын болжап білу қиын-ақ. Ал енді су арнасына үңіле қарағанымызда, су түбінде және бетінде қалқыған бөгде заттарды анық көрдік. Демек, су сүзіліп, тазартылмаған. 

Жобаның құны 87 млрд теңге, деп хабарлады ҚДБ.  Бұл соманың  «Turkistan Silk Way Harbor» ЖШС- не 47 млрд теңгесі тиесілі (жобаның жалпы құнының 54%). ҚДБ-ның қатысуы - 40 млрд теңге, оның ішінде 30 млрд теңге - бұл банктің жергілікті нарықта нарықтық мөлшерлемелер бойынша тартқан қаражаты, қалған 10 млрд теңге - бюджеттік кредит. Банк қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді, туристік кешенге арналған жабдықтар сатып алынған.

Әзірге «Венецияда» жалғыз қайық қалқып, жүзіп жүр. Қалғандары жағада қаңтарылып тұр. Алдағы уақытта қайық саны да артар. Алайда қайықпен жүзудің рахаты шыжыған шілде айларында қалай болар екен деген алаң көңілде кері бұрылдық.

Дәл қазіргі сәтте бұл аймақта жұмысқа жұмылған жұрттың дені өзге ұлт өкілдері екен. Өз жеріміздегі осынау алып құрылыс жұмысына неге өз азаматтарымызды көптеп тартпасқа? Сұрағымызға жауап алу мақсатында жұмысшылардың бірнешеуін сөзге тарттық. Түрік азаматтары бізбен қуана-қуана сөйлесе кетті.

— Бұл жерге былтыр қараша айында келдік. Біздің бригадада 30 адамбыз. Дәл қазір 15 жұмысшы Түркияға кетті. 15 жұмысшы қалдық. Біз әрлеу, яғни дизайн жұмыстарын істеп жатырмыз. Бұл жерде қазақ жұмысшылары да бар. Олардың көбісі жол, көгалдандыру жұмысын істеп жатыр, - деген Мехмет атты түрік азаматы жұмысы үшін 1300 АҚШ доллары көлемінде жалақы алатынын да жасырмады. Дәл осы сөздерді бізбен сөйлескен Юнус, Ахмет атты аркадашлар да айтты.

1300 АҚШ доллары қазіргі бағаммен 560 мың 287 теңге. Өз елінде осындай жалақы төлеп жұмыс беріп отырса, біздің азаматтар неліктен жұмыс таппай сандалып жүр? Бұл сұрағымызға біз отырған такси жүргізушісі:

— Түрік компаниясы әр жұмысшыға сағатына 800 теңгеден ұсынды. Өкінішке орай, ортаға кірген біздің «посредниктер» қазақ жұмысшыларына сағатына 600 теңгеден беруде. Арадағы 200 теңге пысықайлардың қалтасына түсіп жатыр. Өзім де басында осы жерде жұмыс істедім. Кейін денсаулығыма байланысты кеттім. Қазір жұмысшы түріктерді таңертең осында әкеліп, кешке жатақханаларына жеткізіп, ақша тауып жүрмін. Олармен тіпті жақын араласып кеткеніміз сондай, ағайындай болып кеттік.

Аби, ақшаны бәрі көптеп алғысы келеді ғой. Бірақ бұл жақтағыдай қарбыта асайтындарды алғаш көрдік. Миллиардтар бөлініп жатқан бұл нысан сол ақшасына сай салынып жатқан жоқ. Себебі, құрылысқа бөлінгенінен, ол ақшаның желінгені, яғни әлдекімдердің жемсауына түсіп жатқаны көбірек. Біз бұл жерге жұмыс істеп, пайда табудан гөрі, парыз санап келіп едік» деді түрік ағайындар, - деп күйінішін жасырмаған такси жүргізушісі аты-жөнін айтудан бас тартты.

Парыз демекші, мақаламыздың басында «туристің көзімен қарау» туралы сөз етіп едік. Енді соған оралсақ. Бір апта бұрын ғана Түркиядан келдік. Екі түріктің бірі Түркістанды бір көруді арман ететінін сол жақтағы адамдармен тілдесу барысында білдік. Түркістан Тұран елдерінің рухани астанасы болып бекітілгеннен кейін түркі жұртшылығының бұл арманы ұлғая түскені анық. Алайда армандау бір бөлек те, сол армандаған дүниеңді көзіңмен көру бір басқа. Көру арқылы сол арманың аласарып, көңілің су сепкендей басылуы да мүмкін.

Түркістан жаңалықтарын интернеттен көру мен өзің барып көрудің арасы да аласарған арман секілді болмай ма? Туристерді интернет арқылы бірнеше рет алдап шақыруға болар. Алайда түптің түбінде алдамшы, жасанды дүниелеріңді турист былай тұрсын, өз халқың да көруге құмарта қоймасы анық қой?! 

Туризм саласын сөз етпес бұрын, осы саланы мықты дамытқан елдерден үлгі алу Қазақстан үшін сонша қиын ба? Онсыз да болмайтын дүниелерге миллиардтап ақша кетіп жатыр. ЭКСПО, Азиада дегендер де қаншама ақшаны текке жұтты. Енді міне, кезек Түркістанға келгендей. Туризм мәселесі бойынша тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізбейінше, ел бюджетінің басым бөлігі құмға сіңген судай кеткені кеткен.

Туристер Стамбулға Топкапы сарайын, Анкараға Ататүріктің мұражайын, Францияға Эйфел мұнарасын, Англияға БигБен сағатын, тіпті Өзбекстанның Самарқандына тарихи мекендерді көруге құмартып барады. Түркістанға да туристер Қожа Ахмет Йасауи кесенесін көру үшін келетіні белгілі. Алайда сан ғасырлық терең тарихы бар кесене өзіндік бағасын көрсете алмай тұрғандай көрінеді.

Кесене ішіндегі көрініс пен тарихи жәдігерлер де өз биігінде тұрмағандай әсер етеді. «Венециямен» біреуді таңғалдыру қиын-ақ. Алайда Йасауи кесенесін күллі түркі халқының бетке ұстар ең қымбат дүниесі ретінде әлемге танытуымызға не кедергі? Ал бәрінен де бөлінген ақшасының желінгені көп мынадай жобалардың миллиондап турист тартарына сенімнен гөрі күмәні басым.

Қосымша деректер:

Түркістанды түрлендіріп жатқан қос компания қанша сомаға қандай жұмыстар атқаруда?

BI Group

  • Әкімшілік ғимаратының декоративті жұмыстары үшін – 26,8 млрд теңге;
  • Әкімдік ғимаратының жанынағы саябаққа – 1,36 млрд теңге;
  • «Нұр-Сұлтан» алаңын көгалдандыру, су бұрқақтарын орнатуға – 3,95 млрд теңге;
  • Әкімдіктен 100 метр әріде медиаорталық салуға – 5 млрд теңге;
  • «Түркістан-Арена» стадионын салуға – 12,6 млрд теңге;
  • «Ұлы дала елі» кешеніне – 6,4 млрд теңге;
  • Драма театрға- 7,75 млрд теңге.

Bazis-А

  • Тұңғыш президент саябағы – 13,5 млрд теңге;
  • Қалалық саябаққа – 1,1 млрд теңге;
  • Тарихи мәдени аймақты көгалдандыруға – 1,4 млрд теңге;
  • «Керуен сарай» кешеніне – 88,5 млрд теңге.

Меруерт ХУСАИНОВА, Түркістан облысы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар