Сынған сүйектер, электрошокер, басқа секіру: Алматыда аяусыз азапталған адамның хикаясы

cover Бисаев азапталған полиция мекемелерінің басшылары. Фотоколлаж: Orda

Полициядан аяусыз азап көрген Ғалымбек Бисаев және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (ортасында), Жамбыл АПБ басшысы Айдар Умаров (сол жағында), Алматы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов (оң жағында).


Айдар Умаров басқаратын Жамбыл аудандық полиция бөлімі мен Қанат Таймерденов қарамағындағы Алматы қалалық департаментте аяусыз азапталған Ғалымбек Бисаевтың көрген құқайы ешкімді бейжай қалдырмайды. Билік қаңтар оқиғасына қатысқан бейбіт наразыларға сөз жүзінде жылы шырай танытқанымен, іске келгенде қылмыстық жауапқа тартуға барын салып жатыр. Тұрмысы нашар алты балалы отбасының әкесі азаматтық талабын республика көлемінде болған бейбіт жиында білдіруге шыққанын айтады.


Наурыз ортасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Парламентке берген есебінде құқық қорғау органдарында 8 адамның қаза тапқанын мәлімдеген еді. ШҚО-да 3, Алматы облысында 3 және қаласында 2 адам тергеу барысында азапталып көз жұмған. Дәл сондай құрбандардың бірі бола жаздаған Ғалымбектің басынан өткерген азапты күндерін қаз-қалпында беруге тырыстық.


Алаңға жетелеген үміт


Алматы облысы Жамбыл ауданының 45 жастағы тұрғыны Ғалымбек Бисаев қалада басталған бейбіт наразылық туралы ауылдастарымен бірге қаңтардың 5-і естіп білген. Қаракәстектен бір топ адам қалаға жол тартқан. Арасында қаңтар оқиғасында танылған (алаңда күштік құрылымдардың шабуылына қарамай тайсалмай көк ту ұстап жүріп жараланған – ред.) Берік Әбішев те бар.


– Халық жиналыпты деген соң, түскі 14.00 шамасында Төле би-Сейфуллин көшелерінің қиылысына бардық. Адам көп екен. Полиция дүркін-дүркін шуылды граната атып, көз жасаурататын газ қолданып жатты. Жұрт көбейген соң полицейлер шегіне бастады. Олар жәшік-жәшік граната мен қару-жарағын қараусыз тастап кетті. Бұл кей наразылардың қолына тиді, – деп баяндайды Ғалымбек толқу өршір сәтті.


Ол кезде бір бағыты Саяхат жақтан, тағы бір бөлігі Саин даңғылы жағынан топ-топ адамдар келіп, лықа көш толыға түскен. Жиналғандардың алды жоғарыға қарай, тау жаққа бет алады. Ғалымбек шағым-талабымызды білдіреміз деген көпшілікке ілесіп жүреді. Ол жол-жөнікей ешбір дүкен тоналмағанын айтады. «Керісінше халықтың өзі дүкендердің алдына қаз-қатар тізіліп тұрып, ештеңеге тиіспеңдер, өтіңдер деп қарауылдап тұрды».


– Алаңда алғаш көзіме түскені – әкімияттың үшінші қабаты өртеніп жатыр екен. Халықтың ішінен талап қоятын адам болмады, үкіметтен оны тыңдайтын ешкім шықпады. Өзіме видеоға тартып алдым. Оны ешкімге жібергем жоқ, кейін өшіріп тастадым, – дейді ол.


Билік наразы жұртпен бейбіт диалогқа келудің орнына бірден күштік құрылымдар қолымен күш қолданып, таратуға тырысты. Сақшылар жаппай граната атып, газ қолданғандықтан көпшілік маска тағып жүрді. Ғалымбек шерудің бүлікке айналып бара жатқанына көзі жеткеннен кейін үйге қайтуға бекінеді. «Қайтарда резиденция жақтан атыс-шабыстың даусы естілді. Бір-бірін иығынан сүйеп, көтеріскен қансыраған адамдарды көрдім». Ауылдастарын іздеп тапқан соң үйіне қайтады. 


Екі жылдай ауыл-аудан аясында жүрген ол Алматыдағы наразылық жаппай жанжалға, қақтығысқа айналарын білмеген.


Ғалымбек Бисаев алты баласының ортасында. Суретке тартып тұрған жұбайы. Фото: отбасы мұрағатынан


Облыстағы азаптау


Арада бес күн өткенде, қаңтардың 10-ы күні кешкісін үш көлікпен 15 шақты қызметкерден тұратын қарулы жасақ сау етіп келіп, Бисаевтар отбасының құтын қашырады. Бүркенген полиция бала-шағаның көзінше Ғалымбекке қару кезеп, үйінен алып кетеді.


Көлікте маска таққан қызметкерлер «жасырғаның бар», «видеоларың қайда», «түс те қаш» деп зекіп, ұрып-соққан, басынан таяқтаған.


Ұзынағаштағы (Алматы облысы, Жамбыл аудандық – ред.) полиция бөліміне алып кірген бойда шешіндіріп, «Әлішер есімді полицей қалтасын ақтарып, ақшасын алған».


Құқық қорғау органы қызметкерлері Ғалымбекті бір кабинетке кіргізіп, ештеңені түсіндірместен тепкілеп, тоқтаусыз ұрып-соққан, үстіне шығып секірген. Сырым атты біреуі тапаншасын тіреп, ататынын айтып қорқытқан. Мойнынан қылқындырып, дубинкамен ұрып басын жарған.


– Тар бөлмеде бас көтертпей, еңкейтіп жүргізеді ары-бері. Мадияр деген тергеуші кабинетіндегі диванға жатқызып алып пышақ тақап, қылқындырып, бауыздаймын деп қоқан-лоқы жасады. Екі қолым және сол қолымның саусақтары мен бес қабырғамды сындырды. Сан-аяғым қанталап-көгеріп, ісініп кетті. «Не жазығым бар, себебін түсіндірсеңдерші» дегенімде террориссің деп, бейәдеп сөзбен ар-намысымды тілдеп, қорлады. Қағазға жазғанын оқытпай, күштеп қол қойғызды, – деп еске алады.


Ұсталған алғашқы күні таңғы 5.00-ке дейін азаптап, ас-су бермей, изоляторға шүберекше лақтырып, есік аузынан итеріп-құлатып тыққан. Ғалымбектің айтуынша, 12 қаңтар күндіз тағы ұрып-соққан. Қансырап жатса да медициналық көмек көрсетілмеген.


Ауданның «Нариман, Мадияр, Әлішер, Сырым есімді қандықол полицейлері» аяусыз азаптаған.


Телефонында өшірілген видеоны қалпына келтіріп, соны дәлелдеме ретінде алға тартып отыр деген Ғалымбек бейнежазбада тек полицияның көше бойына қараусыз қалдырып кеткен жәшік-жәшік гранаталарын түсіргенін айтады.


Қаладағы азаптау


Қаңтардың 14-і ұзынағаштық алты тұтқын Алматы қаласының Полиция департаментіне айдауылдау қызметімен жеткізіледі. Олардың қатарында Ғалымбек бар. Төртінші қабатта жедел уәкілдер «свежактар келді» деп қуана, алақан ысқылап күтіп алған.


– «Айналайын, өзім әрең тұрмын, жейтін таяқты жеп келдім» десем, ештеңеге қарамай соққыға жықты. Бір кабинетте алтауымызды бес-алты қызметкер ортаға алды. Электрошокермен азаптады. Жанымдағы жас жігіттерді билетті, ән айтқызды. Кешке дейін қинады. Күн батарда қасымдағы бес баланы жіберді. Ауызбастырық берген болса керек. Мені алып қалды, – деп бастан кешірген ең ауыр түнін ашып айта бастады.


Ғалымбек Бисаев қатарлы азаматтар қатты қатыгездікпен азапталған Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов, ІІМ саласын толық реформалай алмаған, Қаңтар қырғынында министр болған Ерлан Тұрғымбаев және халық толқуы мен дүрбелең кезінде халықтың алдына шықпаған Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев. Фото: ПД баспасөз қызметі. 29.01.2020 ж. Таймерденовтің тағайындалуына арналған таныстыру жиыны


«Радикал әдісте тергеу» аяқталған соң кешке департаменттің астында орналасқан уақытша ұстау изоляторына қамауға алып барады. УҰИ (ИВС – орысша) қызметкерлері Ғалымбекті медициналық анықтамасыз қабылдаудан бас тартты. Шарасыз қалған жедел уәкілдер басшылық құрам жұмыстан қайтқаннан кейін кабинетіне әкеп, Ғалымбектің қолын жылыту батареясына кісендеп қояды. «Бесеуі жан-жақтан тыққан арақтарын алып шығып, 3-4 бөтелкені қылғытты. Түні бойы «тренировка» деп, білек тұрып, кезектесіп, кейде жабылып ұрып-соқты, тепкіледі» дейді жымиып қойып.


– Біреуі аяғымнан мыжғылайды, біреуі үстіме мініп секіреді. Бәрі – қазақтың жігіттері. Біреуі қайта-қайта маңдайыма тапанша тіреп, өлтірем деп бопсалады. Әбден қызған кезде әрқайсы кімді қалай, қандай әдіспен азаптағанын айтып, бір-бірімен жарысты. Біреуі сұрақ-жауап алған ер адамның «жыныс орнына электрошокер тығып, бірден геморройға айналдырғанын» айтты, қалғаны соған таңдана қостады. Сөз сұйылғанда ара-тұра «мынаны өлтіру керек, соғу керек» деп, қылқындырады, ұрып-соғады. Дәретке шығуға рұқсат етпеді, су ішкізбеді. Олардың арасында Медет деген қызметкердің адамгершілігін айтқан жөн. Басқасы ұрып жатқанда ол араша болуға тырысты, үстіме жатып алып қорғаған сәті де болды. Ол сыртқа шығып кеткенде қалғаны дым қалдырмай соғатын. Әйтеуір, таң атты. Келесі күні медициналық тексерістен өткізіп, төрт күн астыңғы абақтыда ұстады. Қабырғаға қаратып, қолыңды көтергізіп қояды да қабырға-бүйректен дым қалдырмай ұрады. Басты игізіп, жерге тигізіп тізерлеп отырғызады, жүгіріп келіп тебеді. 


Тергеудегі заңсыздық: «Тергеуші бопсасы» мен «мемадвокат қастандығы»


Аға тергеуші Нұрдәулет Астанақұлов бесінші қабаттағы кабинетінде мемлекет тарапынан берілген қорғаушы Жақсылық Буйтековтің қатысуымен Бисаевтан жауап алған. Адвокат дене жарақаттарымды, басымның жарылғанын көре тұра ешқандай шара қолданбаған. Ғалымбектің сөзінше, мемқорғаушы тергеушіге оны қандай баппен күдікті етіп тану керектігін айтып, кеңес берген. Осылайша «істің жай-жапсары жіті қаралмай, Буйтековтің нұсқауымен Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі, яғни «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылды». Заңда бұл айыпқа 3-8 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Жақсылық Буйтеков Orda қоңырауына берген жауабында «адвокаттық құпияны» алға тартып, барлық сауалды жазбаша жолдауды талап етті.


Он жылдай бұрын мемарнаның бірі Нұрдәулет Астанақұлов Жақсылықұлы туралы үлгілі «астаналық капитан» ретінде түсірген бағдарламадан скрин-сурет. Фото: Хабар 24


– Бұл не бап екенін түсіндіруді сұрасам да айтпады. Тергеуші Астанақұлов жауап алу хаттамасын маған қол қоюға бергенде «келіспейтінімді» жаздым. Іле-шала басқа бос кабинетке апарып, ішімнен бірнеше рет жұдырықтап, «не айтам, соны істейсің, әйтпесе кешегі жігіттерге қайтадан ұрғызам, тәрбие сағатынан өтесің» деп сес көрсетіп, қол қоюға итермеледі. Сонда да келіспеймін деп жаздым, – дейді Ғалымбек полиция тергеушісінің қысымы туралы.


18 қаңтарда Астанақұлов «өзінің қиялымен жазған хаттамаға күштеп қол қойғызған», сол күні этаппен СИ-18 (ресми атауы – ЛА155/18) түзеу мекемесіне ауыстырылған. Қоғамда азаптау дауы қызу талқыланып жатқанда онда азаптау науқаны бәсеңдеп, «айтарлықтай таяқтай қоймады, шүкір» дейді.


Назар аударар бір жайт – ұстау туралы прокурор санкциясы 17 қаңтарда бір-ақ берілген. Заңгерлер мен құқық қорғаушылар құзырлы орган тарапынан 10-ы мен 17-сі күндері аралығында жеті тәулік бойы ұсталып-азапталуы нағыз заңсыздық екенін айтады.


Қазақстанның «адамшылықтан ада полициясы» жазасыз қалмауы тиіс!


Ғалымбек абақтыда жатып Қаңтар оқиғасын зерттеу комиссиясына, Денсаулық сақтау министрлігіне, Бас прокуратураға және Алматы қаласының прокуратурасына медкөмекке мұқтаждығын айтып, жосықсыз азаптағандарды жауапқа тартуды сұрап шағым түсірген.


Сырқатының ауырлығына әрі отбасы жағдайына байланысты наурыздың 10-ы үйге шыққан. Күдікті әрі жәбірленуші статусында қозғалған екі бірдей іс жалғасып жатыр. Жуырда прокуратураға жолданған айыптау ісінің тергеуі көп күмән туғызады. Антикор қозғаған азаптау фактісіне байланысты әзірге ешбір құқық қорғау органы қызметкері ұсталмаған.


Қолхатпен босағалы Ғалымбектің күні ауруханаға қатынаумен өтіп жатыр. Медициналық сақтандырылмауы себепті ақылы негізде ем алуға мәжбүр. Ауылдас ағайыны, жанашыр жұрт берген аз-кем қаражатқа қосымша тәуелсіз медициналық сараптамадан өткен. «Өйткені түрмедегі медқұжаттардың бұрмаланбасына кім кепіл? Кез келген нәрсені күтуге болады» деп күмәнданады.


– Абақтыда жатқан кезімде адвокатым сенімді өкілім ретінде азаптау фактісі бойынша Антикорға арыз түсірді. Тергеуші департаментте өткен медқұжаттар мен СИ-18-дегі деректерді іске тіркепті. Алматы қалалық Полиция департаментінің қабырғасында азаптаған үш қызметкерді фотодан таныдым, – дейді Ғалымбек.


Бисаев отырған, өзіне қажет медициналық көмек ала алмаған үшінші абақты – ЛА155/18 мекемесі. Orda-ның анықтауынша, 15-20 қаңтар аралығында 1300-ден аса адам қамауда болған ЛА-155/18 мекемесінде тап сол кезде 237 қызметкер жұмыс істеген. Фото: Мәншүк Асаутай / Азаттық радиосы


Сөз арасында Ұзынғашта 5-6, қалада 5-6 полицей жабылып-кезектесіп азаптаса да көрер жарығым бар екен деп қайта-қайта тәубе етеді.


Бисаев өзіне тағылған негізсіз айыпты алып тастап, толығымен ақтауды, азаптаған полицейлердің лайықты жазалануын талап етеді.


Салдар және Антикорға аманат


Қаңтар оқиғасынан кейін полицияның ұстау-азаптау салдарынан Ғалымбек Бисаевтың денсаулығына қатты зиян келген. Екі қолы, саусақтары, бірнеше қабырғасы сынған. Дәреті дұрыс жүрмейді. Басы жарылып, ұзындығы 10 см болатын жара және тепкіден оң бетінде тыртық із қалып қойған. Ішкі құрылысы, бүйрегі, оң иығы мен белі қатты зақымданған. Қазірге дейін қол-аяғы қақсайды, басы ауырады. Денесіндегі көгерген-қанталаған ізі қайтып үлгерген. Жоғарыда көрсетілген диагноздар 15 қаңтарда ШЖККА (орысша – БСМП) және №5 ауруханадан өткен медициналық тексерістер негізінде қойылған.   


– Арыз бен жауап алынды. Жедел іздестіру тобының қызметкерлерін фотодан таныды. Ұзынағаштағы полиция қызметкерлерін тану жүргізілетін болады. Антикор азаптауға қатысты қылмыстық істі 146-бабының 1-тармағы бойынша қозғады. Бірақ бұл бірнеше рет және бірнеше адамның қатысуымен болғандықтан, 3-тармаққа өзгертіліп, саралануы керек. Денсаулығына ауыр санатта зиян келіп отыр. Тәуелсіз медициналық сарапшыға жүгіндік. СИ-18 түзеу мекемесінің басшылығы жауап берген жазбаша хатында да қорғауымдағы Ғалымбек Найманғазыұлының алған жарақаты жөнінде расталған. Бас прокуратурадан ұстау-тінту, қамау әрекеттерін заңсыз деп тануды, жалпы қылмыстық істі тоқтатуды сұраған едік. Алайда бас тарту туралы қаулы келіпті. Енді ҚПК 106-бабы негізінде тергеу сотына шағым түсіреміз, – дейді Ғалымбектің қорғаушысы Жалғас Сапарханова.


ЛА-155/18 мекемесі басшысының орынбасары Г. Сейдахованың ресми жазбаша жауабы. Фото: адвокат Жалғас Сапарханова


Дәрігерлердің айтуынша, Ғалымбек әзірге денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз, ұзақ уақыт кешенді ем алуы қажет.


Отағасы ақ жигулиімен такси болып күн көретін отбасыда сегіз жан бар. Алтауы бала-шаға. Алды 12 жаста, кенжесі 3-те. Әйелі жетіншісіне аяғы ауыр. Туысының үйін паналайды. Тұрмысы нашар. Үй кезегіне тұрған, бірақ кезек жылжитын емес. Мемлекет беруге тиіс АӘК алмайды.


– Науқандық шөп ору, шабындық жұмыстарға шығам. Күнкөріс қиындады, шаруашылық жүргізейін десем, несие я субсидия бермейді. Әйеліме ауруханада дұрыс қарамайды, бала-шағаның оқуы жағынан қайта-қайта ақша сұрайды. Шыны керек, бәрі жеп бітті. Талабымды бір ауыз болса да айтайын деп өмірімде бірінші реті барғам. ...Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Олардан (азаптаған полицейлерден – ред.) қорқатын ештеңесі жоқ, бірақ бала-шағам үшін қаймығамын, – деп болашағына алаңдайтынын айтты.


Ғалымбек бұған дейін ешқандай саяси партия не ұйымға мүше болмаған. Наразылық акцияларына қатыспаған.


Тұрмысы жұтаған көпбалалы отбасы қаржылай қолдауға мұқтаж. Ғалымбек Бисаевтың ұзақ та кешенді еміне қаражат қажет. Қолдау көрсетем деген жандарға Kaspi есеп шотына арналған нөмірі +7 708 271 6207 Асем С. (жүкті жұбайының атында)


Әлеуметтік желіні үнемі бақылап отыратын полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов пен Нұрлан Алмасбеков, Рустам Әбдірахманов қатарлы бес бірдей орынбасары өздері отыратын ғимаратта азаматтардың аса ауыр қатыгездікпен азапталғанынан хабардар болғаны я болмағаны белгісіз. Бір анығы, Антикордың дерегінше Алматыда екі азамат құқық қорғау органы қолынан қаза болған. Қосымша агенттік азаптау фактісі бойынша республикада 234 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеген. Жарақаты жазылып үлгеріп, абақтыда жатып қажетті дәлелдерді жинай алмаған қаншама адамның арыздануға мүмкіндігі болмады, арызданғаны айғақ жетіспеуінен қысқартылып я қараусыз қалып қойды.


Қаңтардың ортасында Тоқаев Бас прокуратураға «жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді» тапсырған еді. Президенттен бастап министрлерге дейін қаңтар көтерілісі бастапқыда бейбіт наразылық сипатта өткенін ашық мойындаса да, іс жүзінде бейбіт шерушілерден айыпты-қылмыскер жасау әрекеті байқалады. Халықаралық ұйымдар және құқық қорғаушылар Ақорда мен үкіметті адам құқықтарын сақтауға шақырғанымен, билік бүлікке қатысы жоқ азаматтарды ақтауға асығар емес.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар