ШЫҰ-дан не пайда: Қазақстанға Шанхай ынтымақтастық ұйымы не үшін керек?
Коллаж: Orda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған соңғы сапары Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитімен тұспа-тұс келіп, Астана мен Бейжің арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Дегенмен ШЫҰ мен Қытайды теңестіріп қарастыруға болмайды. Батыс оң көзқараспен қарамай отырған Қазақстанның бұл ұйыммен ынтымақтастық орнатуы қаншалықты тиімді? ШЫҰ Астанаға саяси әрі экономикалық тұрғыдан не ұсына алады?
Orda.kz тілшісі осы мәселеге қатысты қазақстандық және америкалық сарапшылардың пікірін сұрап көрді.
Күндердің бір күнінде...
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы-ақ ШЫҰ құрылғаннан бері 20 жылдан астам уақыт өтсе де, ұйым аясында бірде-бір ірі экономикалық жоба жүзеге аспағанын әдеппен атап өткен еді. Ендеше, альянс елдері ұсынатын бастамалардың мәні қаншалықты зор? ШЫҰ банкін құру немесе ортақ төлем жүйесін қалыптастыру сынды жоспарлар – шынымен де келешегі бар жоба ма, әлде тек декларация күйінде қала ма?
Қазақстан Республикасы Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, саясаттанушы Руслан Ізімов ШЫҰ саммиттерінің шешімдері мен қорытындылары нақты экономикалық мүмкіндіктерге әрдайым айнала бермейтінін айтады. Ұйымда ұзақ уақыттан бері өрге тартатын идеялар айтылатын. Бірақ көп жағдайда іске аспайтын диалог алаңына айналды.
«ШЫҰ Даму банкі мәселесіне келсек, бұл тақырып Тяньцзинь саммитінің қарсаңында жан-жақты талқыланды. Қытай бұл бастаманы көп жылдан бері белсенді түрде көтеріп келеді. Бірақ әзірге мүше елдердің арасында ортақ келісім жоқ. Қолданыстағы институттардың қызметін қайталау, қаржыландыру тетіктерінің сәйкестігі секілді мәселелер ашық күйінде қалып отыр. Соның нәтижесінде біз қол қойылған құжаттар қатарында ШЫҰ Банкін құру туралы келісімді көрмедік. Алайда бұл Қазақстан үшін ШЫҰ-ға қатысты нақты мүмкіндіктердің жоқ екенін білдірмейді», — дейді Руслан Ізімов.
Саясаттанушы саммит аясында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде 15 миллиард доллардан астам қаражат болатын 70-ке жуық келісімге қол қойылғанын еске сала кетті. Бұл – Қазақстанның нақты экономикалық «олжасы».
Қазақстандық дипломат Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, ШЫҰ шеңберіндегі «ұзақ мерзімге есептелген» экономикалық бастамалар да Қазақстан үшін маңызды. Оларды жүзеге асыруға Астана белсенді түрде рөл атқарады.
«ШЫҰ-дағы барлық шешімдер Қазақстанның қатысуымен қабылданады. Біздің ел – ұйымның негізін қалаушылардың бірі, сондықтан ол жай ғана мүше емес, маңызды ойыншылардың қатарында. Саммит барысында банк құрудан бөлек, төлем жүйесін қалыптастыруға да ниет білдірілді. Бұл – ШЫҰ елдері Батыс пен долларға тәуелділікті азайтқысы келетінін аңғартады», — дейді Қазбек Бейсебаев.
Қазақстан мен ШЫҰ үшін тиімді ынтымақтастықтың басқа да бағыттары бар. Соның ішінде көлік және логистика саласы: Орталық Азияны жалғайтын дәлізді дамыту, Каспий арқылы жаңа бағыттарды ашу т.б. Бұл тұрғыда Астананың мүддесі Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан бастамаларымен сәйкес келеді.
Сондықтан ШЫҰ банкін құру немесе ортақ төлем инфрақұрылымын қалыптастыру жоспары – «күндердің бір күнінде жүзеге асар» деген игі ойдың қатарындағы бастама. Ал шын мәнінде Тоқаевтың саммитке барғандағы басты мақсаты – ең әуелі Қытаймен жасалған нақты экономикалық келісімдер еді.
Неге Қазақстаннан сонша көп өкіл қатысты?
Сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзиньде өткен ШЫҰ саммитіндегі Қазақстанның жалғыз өкілі болған жоқ. Бұл – еліміздің ұйым ішіндегі позициясы нығайып келе жатқанын көрсетеді.
«ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Тасмағамбетовпен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Сағынтаев, ӘӨҚІҰ-ның (СВМДА) бас хатшысы Сарыбай және ШЫҰ-ның бас хатшысы Ермекбаев та қатысты. Бұл – бір жағынан кездейсоқ жағдай іспетті көрінуі мүмкін. Бірақ, басқа жағынан алғанда, Қазақстанның ШЫҰ-дағы орны мен рөлін айқындайтын жайт. ШЫҰ елдерінің салмағын ескерсек, мүше мемлекеттердің барлығына әр салада ынтымақтастық орнатуға кең мүмкіндіктер ашық», — дейді Қазбек Бейісебаев.
Саясаттанушы Руслан Ізімов те Қазақстан делегациясынан осынша адамның баруы кездейсоқ емес деген пікірде.
«Тяньцзинь саммитінің басты мақсаты – ШЫҰ-ның әлемдік саясаттағы жаңа күш орталықтарының үніне айналып келе жатқанын айқындау еді. Сондықтан да саммиттің ауқымы кең, өкілдіктің деңгейі жоғары болды. Алайда әскери одақтардан (мысалы, НАТО) айырмашылығы – ШЫҰ қарсылас болуды көздемейді және жабық антибатыстық блок құруды мақсат тұтпайды. Керісінше, ШЫҰ мен «ШЫҰ+» форматтары – ұйымға кірмейтін мемлекеттер мен халықаралық құрылымдардың, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен өткен – ШЫҰ-ны ашық диалог алаңы ретінде танытты. Осы тұрғыда ҰҚШҰ бас хатшысының шақырылуы қисынды шешім болды. Қазақстан екі ұйымға да белсенді мүше ретінде өңірлік қауіпсіздік күн тәртібін үйлестіріп, арағайындық беделін күшейте алады», — дейді Руслан Ізімов.
Орталық Азияның үні
АҚШ-тағы саяси консалтинг маманы Роберт Катлер The Times of Central Asia басылымына жазған мақаласында соңғы екі жылда ШЫҰ аясында Астананың ықпалы айтарлықтай артқанын атап өткен. Қазақстан бүкіл Орталық Азияның басты өкілі ретінде танылып отыр — өңірдегі ең ірі экономика иесі, әлемдегі уран қоры бойынша көшбасшы және сирек кездесетін металдарға бай ел. Ал ШЫҰ шеңберінде Қазақстан үшін ең негізгі серіктес – Қытай.
«Тяньцзиньде Тоқаев Си Цзиньпинмен ұзақ келіссөздер жүргізді. Екі көшбасшы да Қытай мен Қазақстанды «сенімді әрі беделді стратегиялық әріптестер» деп сипаттады. Си олардың екіжақты қатынастарын ШЫҰ-дағы бірліктің тірек тасы деп атады, ал Тоқаев ұйымның жаңа энергетикалық күн тәртібін Қазақстанның жаңа энергия көздерін пайдалану жөніндегі ұлттық стратегиясымен байланыстырды», – деп жазады Роберт Катлер.
Қытаймен ынтымақтастықтың болашағы, әсіресе, логистика саласында айқын көрінеді. Саммитте Ақтау жүк портын қытайлық Ляньюньган қаласымен әріптестікте дамыту секілді жобалар («Еуразиялық жеткізу тізбегі») талқыланды. Мұндай бастамаларды жүзеге асыруға қытай инвестициясын тарту Қазақстан экономикасына жаңа серпін береді.
Саясаттанушы Руслан Ізімовтың айтуынша, Қытай мен Ресей – ШЫҰ-ның негізгі мүшелері ғана емес, Қазақстанның басты сауда серіктестері. Өткен жылы Қытаймен тауар айналымы 44 млрд АҚШ долларынан асты. Ал Ресеймен тауар айналымы шамамен 28 млрд доллар болды. Осы екі елді бірге есептегенде еліміздің сыртқы саудасының жартысына жуығын қамтиды.
«Ұйымның өзге мүшелерін де қоса есептегенде, Қазақстан ШЫҰ-ның экономикалық кеңістігіне тығыз кірігіп отырғаны анық. Ол тек сауда айналымы арқылы ғана емес, аса маңызды транзиттік бағыттармен де бекітілген. Дегенмен ЕАЭО немесе ЕО-дан айырмашылығы, ШЫҰ қатаң ортақ ережелері бар экономикалық одақ емес. Бұл Астанаға сыртқы саясатта да, инвестиция тартуда да еркіндік береді. Қазақстан Батыс инвесторларымен, соның ішінде АҚШ пен ЕО-мен белсенді жұмысын жалғастырып, АХҚО арқылы түрлі халықаралық жобаларды тартады. Демек, ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ықпалдастық аймақтық сауда мен транзитті күшейтеді, бірақ көпвекторлы саясатқа нұқсан келтірмейді. Керісінше, Қазақстанға Шығыс пен Батыс арасында өзінше саясат жүргізуге мүмкіндік береді», – дейді Руслан Ізімов.
Бәрін мәмілеге шақыру
ШЫҰ ішінде де қайшылықтар бар екені бесенеден белгілі нәрсе. Мысалы, Үндістанның Қытаймен де, Пәкістанмен де тарихта болған шиеленістері бар. Алайда, Қазақстан үшін мұндай ала-құлалық пен ішкі қайшылықтар, керісінше, жаңа мүмкіндіктерді тудырады. Астана ұйым ішінде медиатор ретінде бедел жинап келеді.
Роберт Катлердің пікірінше, Қазақстан жаңа мүшелердің интеграциялануына белсене атсалысып отыр. ШЫҰ Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс елдері қосылнан кейін барған сайын алуан түрлі болып барады.
«Астананың делдалдық рөлі бұл елдердің қосылуының жемісті болуына шешуші ықпал етті. Жаңа мүшелерден Тяньцзинь декларациясын орындау ғана емес, оның іске асуына нақты үлес қосу талап етілді. Мұндай серпінді тәсіл Қазақстанды мемлекеттік басқару саласындағы реформалардың жолбасшысына айналдырды. Бұл – айналасын ірі державалар қоршаған орташа мемлекет үшін күтпеген рөл», – дейді ол.
Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияның мүдделерін саммиттің қорытынды құжаттарына енгізіп, альянстың басымдықтарын айқындауға Қытай, Ресей немесе Үндістан секілді алпауыттармен қатар үлес қоса алатынын көрсетті. Астана орнықты даму, экологиялық қауіпсіздік пен инвестиция тарту бастамаларын алға жылжытып отыр. Қытаймен берік байланыстардың арқасында бұл бастамалар назардан тыс қалмайды. Осылайша Қазақстан Орталық Азияның «ұжымдық үніне» айналып, ортақ мүдделерді қорғап қана қоймай, ШЫҰ-да ірі державалардың «тістесіп» қалу қаупін азайтады.
Роберт Катлер:
«Қазақстан барған сайын күн тәртібін өзі қалыптастыра бастады. Ол ШЫҰ секілді институттарды пайдаланып, Орталық Азияның басымдықтарын кең еуразиялық жүйеге енгізіп отыр. Бұл рөл әлемдік күш тепе-теңдігі ауысып жатқан шақта аймақтың маңызын күшейтеді».
Шығыстың Ұлы одағы ма, әлде «өкпелегендердің клубы» ма?
Альянсқа мүше кейбір елдердің Батысқа қарсы өткір риторикасы ШЫҰ-ның беделіне нұқсан келтіргендей болды. Кейде ұйым – жаһандық саясат пен экономикаға толық кіріге алмаған, сондықтан «Үлкен жетілікке» қарсы ойнауға мәжбүр «өкпелегендердің клубына» ұқсайды деген пікір айтылады. Бірақ сарапшылар мұны қате тұжырым деп санайды.
«Керісінше, ШЫҰ – өздерінің жаһандық саяси және экономикалық жүйесін құрып жатқан мемлекеттердің бірлестігіне айналып келеді. Әрине, ШЫҰ мүшелері арасында қарама-қайшылықтар жоқ емес, бірақ бұл жаһандық мәселелерді бірлесе шешуге кедергі етпейді. Тіпті ШЫҰ белгілі бір деңгейде Батыс елдерін біріктіретін G7-нің баламалы алаңына айналып келеді», — дейді Қазбек Бейсебаев.
Руслан Ізімов те ШЫҰ-ның әуел бастан өзге халықаралық құрылымдарға қарсы қойылмағанын атап өтеді. Оның негізі саналатын «Шанхай бестігі» 1990-жылдардың соңында шекаралық дауларды реттеу үшін құрылған еді. Бүгінде мұрагер ұйым – ШЫҰ-ның басты міндеттері аймақтық қауіпсіздік пен жаңа экономикалық сын-қатерлерге қарсы тұру болып қала берді.
«Қазір ШЫҰ деген – бұл жаһандық және өңірлік ойыншыларды бір үстел басына жинаған «Үлкен Еуразиялық ондық» десек болады. Осындай саяси-экономикалық салмағы бар мемлекеттер ХХ ғасырда қалыптасқан жаһандық басқару жүйесін реформалауды дәйекті түрде ұсынып отыр. Оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сияқты құрылымдар заман талабына бейімделмегені үшін сынға алынады. Президент Тоқаев та мұндай өзгерістердің қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен. Сондықтан ШЫҰ мемлекеттерінің жаңа халықаралық тәртіптің қалыптасуына белсене араласуы заңдылық», — дейді Руслан Ізімов.
Сарапшының пайымдауынша, болашақта ШЫҰ қалыптастырып жатқан архитектура әлемдегі басты жүйелердің біріне айналып, өзге елдер де соған қосылуға ұмтылмақ. Қазақстан үшін ШЫҰ-ға мүше болу – прагматикалық таңдау болады. Бұл Астанаға жан-жақты саясатты тиімді жүзеге асыруға әрі әлемдік көшбасшылармен тұрақты саяси диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Демек, Қазақстанның ШЫҰ-дағы мүшелігі оның халықаралық беделіне сөзсіз оң ықпал етеді.
«Қазақстанның ШЫҰ-ға қатысуы тек орынды ғана емес, сонымен қатар тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді ілгерілету және жаһандық басқару жүйесінің болашақ архитектурасын қалыптастыру ісінде өте қажетті қадам», — деп түйіндеді Руслан Ізімов.
«АҚШ-тың басты дұшпанынан» бастап «ең қадірлі қонағына дейін ШЫҰ самитінде кімнің қандай рөл атқарғаны жайлы тілшіміздің материалынан оқи аласыздар.
Автор: Никита Дробны
Жаңалықтар
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды
- Стоматологиядағы бала өліміне қайталама наркоз бен ескерілмеген препараттар себеп болуы мүмкін — сарапшы
- БЖЗҚ нарықты шайқады: жарты триллион теңгеге жуық аударым баспана бағасын шарықтатып жіберді
- Әлем чемпионаты: 2026 жылдың топтық кезеңі белгілі болды
- Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, туған күнімен құттықтады
- 2026 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуда ҚҚС қалай жұмыс істейді
- Ақмола облысында автобус пен экскаватор соқтығысып қалды, зардап шеккендер бар
- Қазақстан енді ақбөкен мүйіздерін заңды түрде экспорттай алады
- Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру тоқтатылды