«Шатастырып алған»: Түркістан облысында 17 жастағы жігітті атып өлтірді

cover Фото: Төрехан Төреәлінің туыстары ұсынған сурет

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 17 жастағы Төрехан Төреәлі оққа ұшып қаза тапты, деп хабарлайды Orda.kz.

Куәгерлердің айтуынша, қаруланған және бетперде киген үш адам көліктен түсіп, еш ескертусіз оқ жаудырған. Сол сәтте бірнеше жасөспірім жасырынуға үлгерген, бірақ оқ төрт балаға тиген. Олардың бірі — жуырда ғана 17 жасқа толған Төрехан Төреәлі болған.

Марқұмның анасы Эльмира Айдарәлиева ұлының жазықсыз мерт болғанын айтты.

«Балам көліктің астына тығылды. Бірақ олардың бірі мойнынан тартып шығарып, жерге лақтырды да, жүрегіне оқ атты. Мұның бәрін салқынқанды түрде істеді. Екінші адам тағы бір балаға оқ атты, бірақ оғы тимей өтті. Кейін көлікке отырып, кетіп қалды», – деді ол.

Қайғылы оқиға 2 қараша күні кешке болған. Төрехан ағасымен бірге дәріханаға барған. Екі сағаттан кейін отбасы атыс болғанын естіп, ауруханаға жеткенде ұлдарының бірі тірі, екіншісі көз жұмғанын білген.

Сол түні тағы үш жасөспірім жараланды. Оқ олардың аяқтарына тиген.

«Біз жай әңгімелесіп тұрған едік. Көлік келіп тоқтады да, бетперде киген үш адам оқ жаудырды. Біз жерге құладық. Қазір бүкіл ауыл үрейде. Полиция көшеге шықпауды ескертті, олар қайта келуі мүмкін деді», – дейді жараланғандардың бірі.

Жергілікті тұрғындар күдіктілердің алдын ала дайындалғанын айтады. Олардың сөзінше, шабуыл тез және ұйымдасқан түрде болған. Ауылда бұл оқиғаны қылмыскерлердің «жасөспірімдерді басқа адамдармен шатастырып алғанымен» байланыстырады.

Түркістан облыстық полиция департаменті күдіктілердің бірінің ұсталғанын, екіншісін іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар