Сардоба су қоймасына қатысты сот шешімі шықты

cover

Өзбекстанның Жоғарғы соты Сардоба су қоймасына қатысты іске нүкте қойды. Бүгінгі күні апатқа кінәлі 17 адамға сот шешімі шықты. Оның ішінде алты адам 3 және 10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылса, 10 адам үлкен көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген, ал біреуінің бас бостандығы шектелген.

Ең ұзақ мерзімді «Узтемирйулкурилишмонтаж» мекемесі директорының орынбасары алды. Он жылға бас бостандығынан айрылған оны Өзбекстан Қылмыстық Кодексінің үш бірдей «Ұйымдасқан топтың немесе оның мүддесі үшін аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу жолымен ұрлау», «Ұйымдасқан топтың мүддесі үшін қайталап немесе қауіпті әрекет жасаған жалған лауазым тағайындау», «Тау-кен, құрылыс немесе жарылыс қаупі бар жұмыстардың адам өліміне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан қауіпсіздік қағидаларын бұзу» сынды үш бабы бойынша кінәлі деп тапқан.

«UzGIP» ЖШҚ перспективалық жобаларды жоспарлау бөлімінің бұрынғы бастығы Рудневті, «Сирдаре Сув курилиш инвест» ЖБТ бұрынғы басшысы Абдуназаровты, Omad Dubl компаниясының басшысы Каттабековты және «Сардоба» су қоймасы объектісін пайдалану және дамыту жөніндегі дирекция басшысы Данабоевті 5 жылға соттаған. Сондай-ақ айыпты деп танылғандардан Сардоба су қоймасын ұрлау және талан-таражға салу нәтижесінде келтірілген залалды өндіріп алу мәселесі де қарастырылған.  

Осыдан бір жыл бұрын орын алған апат салдарынан Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында біраз ғимараттар мен мыңдаған адам жапа шекті. Айтап айтқанда, 1030 үй, үш мектеп, бес балабақша, төрт медициналық мекеме және мәдениет үйі су астында қалды. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарын басқан топан су кезінде 14 елді мекеннің 31 мың тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшірілді. Апат 4 адамның өмірін қиды, ал бір адам із-түссіз жоғалып кетті.   

Өзбекстанның Бас прокуратурасы 2020 жылдың шілдесінде бөгеттің бұзылуына жоба құжаттамасында және құрылыс барысында жіберілген қателіктер себеп болғанын анықтады.

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар