Санкциялар қысымына ұшыраған «Лукойл» Қазақстандағы активтерін сатпақ

cover Коллаж Orda.kz

Санкция қысымына түскен ресейлік «Лукойл» компаниясы шетелдегі активтерін сата бастады, деп хабарлайды Orda.kz.

Компания мұндай шешімді өзіне және оның еншілес ұйымдарына қарсы енгізілген шектеулерден кейін қабылдаған.

«Бірқатар елдер компания мен оның еншілес құрылымдарына санкция енгізген соң, халықаралық активтерді сату туралы шешім қабылданды. Қазір әлеуетті сатып алушылардан түскен ұсыныстар қаралып жатыр»,  деп хабарлады «Лукойл».

АҚШ бұл санкцияларды 22 қазанда жариялады. Тізімге «Лукойл», «Роснефть» және олардың 34 еншілес компаниясы кірді. АҚШ қаржы министрлігі бұл шектеулер Мәскеудің Украинадағы соғысты тоқтатуға құлықсыздығымен байланысты екенін мәлімдеді. Министр Скотт Бессент «Лукойлды» «Кремльдің соғыс машинасының бір бөлігі» деп атады.

15 қазанда Ұлыбритания да осыған ұқсас санкциялар енгізді. Қазіргі кезде «Лукойл» Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ирак, Мысыр, Камерун, Нигерия, Гана, Мексика, БАӘ және Конго Республикасында жұмыс істейді. Компанияның Болгария, Румыния және Нидерландыда мұнай өңдеу зауыттары бар.

Қазақстанда «Лукойл» «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» кен орындарын игеріп жатыр. Сонымен қатар, компанияның «Каспий құбыр консорциумында» 12,5% үлесі бар. Бұл бағыт – қазақстандық мұнай экспортының негізгі арнасы. Өткен жылы компания Қазақстанда өзіне тиесілі жанармай құю станциялары желісін іске қосатынын хабарлаған еді.

Сарапшы пікірі

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың пікірінше, ресейлік активтерге жасалып жатқан қысым Қазақстанның көмірсутек нарығындағы мүмкіндіктерін арттыруы мүмкін.

«Ресейлік активтерге қатысты санкциялық тәуекелдер Қазақстанға өңірдегі жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта ресейлік компаниялар да, санкция енгізуші елдер де үлкен қарсылық танытпайды.
ҚМГ аймағында «Шах-Дениз» жобасы бар, онда «Лукойлдың» үлесі және батыс банктеріне берешегі бойынша 2025 жылы – 215 млн доллар, 2027 жылы – 250 млн доллар қарыз өтеу мерзімі тұр. Lukoil Overseas Uzbekistan Ltd Өзбекстандағы газ өндіру жобасын басқарады, онда 2028 жылдың сәуірінде 660 млн доллар несиені жабу жоспарланған. Бұл – бірінші деңгейдегі кепілдендірілген несие.
Сондай-ақ Ирактағы «Батыс Курна» жобасында қарызды өтеу мерзімі – 2024 жыл. Ал Болгариядағы «Лукойл Нефтохим Бургас» зауытының міндеттемелері 2024 жылдың қаңтарында жабылуы тиіс еді. Бұл активтер техникалық тұрғыдан проблемалы саналады, сондықтан оларды жеңілдікпен сатып алу ықтимал», – дейді Рысмамбетов.

Бұған дейін Orda.kz Трамптың Путинмен кездесуін тоқтатып, «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар енгізгенін хабарлады. АҚШ қаржы министрлігі санкциялар ресейлік активтерге және олардың 50%-дан асатын үлесі бар шетелдік компанияларға да қолданылатынын нақтылады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар