«Салтанат заңы іске аспайды»: Алматылық әйелді полицейлер құқай көрсеткен күйеуімен татуластырмақ болған

Алматылық Маргарита Звягинцева бұрынғы күйеуін сотқа қайта беруге мәжбүр болды. Себебі оның денсаулығын мүлде жарамсыз күйге жеткізген ер адам бар болғаны бір жылға бас бостандығынан айырылған, деп хабарлайды Orda.kz.
Романтика және «қауіптің алғашқы белгілері»
Маргарита мен Александр 2023 жылдың наурызында спорт залда танысқан. Маргарита — нәзік әрі арық әйел. Бойы 176 см, салмағы 55 келіге жетпейтін, сондықтан салмақ қосу үшін жаттығуға баратын.
Александр керісінше, қапсағай денелі, дзюдомен айналысқан, шамамен 2 метр бойы бар, 150 келідей салмағы бар ер адам болған.
Маргарита оны алғаш көргенде «жақсы әсер қалдырған, сымбатты ер адам» деп сипаттайды. Тіпті оның спорт зал әкімшісінен телефон нөмірін рұқсатсыз алып, өзіне хабарласқаны да басында күдік тудырмаған. Кейін ол бұл үшін зал әкімшілігіне жеке деректерді тарату фактісі бойынша шағым жазған.
Олар алғаш рет 8 наурыз күні кездескен. Тереңқұр бойымен серуендеп, өмір мен ортақ қызығушылықтар туралы сөйлескен. Содан бастап екеуі қыз-жігіт болып кездесе бастайды. Ал қарым-қатынастары 2023 жылдың қарашасына дейін жалғасқан.
«Басында сезіктенуге тұратын қауіпті белгілері болды. Бірақ мен мән бермедім. Өмірімде зорлық-зомбылық көрген емеспін. Не отбасымда, не сыртта ондай болмаған. Бірақ психологияға қызығып, мұндай жағдайлар туралы оқығанмын. Біз алғаш танысқан кезде ыстық бұлақтарға барып, бірге уақыт өткіздік. Кейде ол мені итеріп қалатын. Бұл қалжың емес екені анық еді. Ол шынымен долы, агрессиясын тежей алмайтын адам екенін аңғардым», — дейді Маргарита.
Басында ол мұндай мінезге ашық қарсылық көрсетпеген, сондықтан бәрі қалыпты көрінген. Қараша айында екеуі үйленуге келіскен.
«Жасымыз да келіп қалды, бұл екеуіміздің де екінші некеміз. Менің бала сүйгім келді. Өйткені балам жоқ. Ол да байсалды болып ниет білдірді. Үйі бар еді, бірақ аяқталмаған, сол үйге барып, жөндеуді бастадық. Ол көлігін сатты. Мен: «Үйге кірмей тұрып, алдымен некелесейік» дедім. Сөйтіп қарашада некемізді қидық», — деп еске алады Маргарита.
Маргарита оны өз шешесімен таныстырғысы келмеген. Іштей бір сенімсіздік болғанын мойындайды. Жаңа жыл алдындағы демалыс күндері Александрдың ата-анасы мен туыстары қонаққа келгенде, шешесі келініне қарап: «Саған осы ақымақ неге керек болды?» деп сұраған.
«Осы сөзді естігенде ішімнен бір белгі қойып қойдым, бірақ сұрамадым. Мереке еді, бәрі көңілді, ішімдік ішіп отырған. Оның бауырлары мен келіндері, жиендері де келген болатын», — дейді ол.
Бұрынғы некесі туралы Александр тек сегіз жыл бірге тұрғанын айтқан. Ал Маргарита бұрынғы әйелінің есімін сұрағанда, ол әңгімені басқа жаққа бұрып, жауаптан жалтарып отырған. Маргарита да қатты қазбалауға тырыспаған, өйткені өзі де 10 жыл некеде болып, бала сүйе алмаған соң ажырасқан.
Ажырасып жатса да, бұрынғы күйеуімен сыйластықпен қоштасқан.
«Ол мені Бишімбаев сияқты өлтіреді деп ойладым»
«2024 жылдың ақпан айында, жаңа жылдан кейін бір күні, ол менің кеуде тұсымнан қатты соқты. Бар күшімен ұрды, тіпті демім бітіп, тізерлеп отырып қалдым. Ұрсысып жатқан едік. Мен оған демалыс күндерін пайдалы өткізу керек деп айттым. Мен ағылшын тілін оқимын, спортзалға барамын, заң саласында білімімді жетілдіріп жүрмін. Ал ол маған: «Егер пайдалы іспен айналысқың келсе, міне, төбелер бітпей тұр, барып соны жаса» деді. Мен: «Біздің отбасымызда әйелдердің төбе жасап жүргенін көрмеппін, ондайды кәсіби адамдар істейді ғой» деп жауап бердім. Сол сәтте ол маған қол жұмсады», — дейді Маргарита.
Сол күні екеуі оның ата-анасының қала шетіндегі үйіне, ет қақтап жиналатын отырысқа бармақ болған. Әйел әрең тынысын қалпына келтіріп, жол бойы жылап барған. Кейін дәрігер танысы бұл соққының ішкі органдарға қауіпті зақым келтіруі мүмкін екенін айтып, міндетті түрде тексерілуді ұсынған. Бірақ Маргарита сол күні дәрігерге бармаған, жарақатын да тіркетпеген.
Ол күйеуінің ата-анасына барып, жағдайды айтып, араласуларын өтінген.
«Әкесі маған: «Ол кейде еш себепсіз ұрыс шығарады» деді. Мен таңғалдым. Бізде ұрыс себепсіз болмайтын, ол әрдайым сылтау табатын. Толыққанды отбасында өскен адам ғой, әкесі оған түсіндіретін шығар, дұрыс жолға салар деп үміттендім. Өзім де заңгермін. Бәлкім, ол осыны ескерер, қорқар деп ойлаған едім», — дейді Маргарита.
Ол қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқанын айтады: «Мен өзіме мүмкіндік бердім, бір қателікке бола бәрін ысырмау керек деп ойладым». Маргаританың көз алдында зорлық көріп, бірақ кейін отбасын сақтап қалған әпкесінің мысалы тұрды. Бір жолы әпкесін күйеуі ұрған, бірақ бүкіл отбасы әйелдің жағына шығып, еркекке тағы бір рет қол көтерсе, жазаға тартылатынын түсіндірген. Сол оқиғадан кейін олар татуласып, 15 жыл бірге өмір сүрген, баласы мектеп бітіргелі жатыр, қайтадан зорлық көрмеген.
«Мен де сол мысалға қарап, бірден ажыраспадым. Үш аптадай анамның үйінде тұрдым, осы уақыт ішінде бәрін ой елегінен өткіздім. Сөйтіп, бәрібір қайтып бардым. Сол кезде, көктемде, Бишімбаевтың соты жүріп жатқан, мен оны жұмыс бабымен бақылап отырдым», — дейді ол.
Анасының үйінен оралған соң, бастапқыда бәрі тыныш сияқты көрінген. Бірақ көп ұзамай күйеуі қайтадан қатал мінезін көрсете бастайды. Оның сөзінше, «анаңа барып келдің, ол саған не үйретті?» деп кекетіп сөйлейтін болған.
«Сол кезде түсіндім. Бәрі дәл Салтанаттың басынан кешкен оқиға секілді болып жатыр. Ол мені де шектей бастады: «Мұнда барма, анаумен сөйлеспе» дейді. Мен одан: «Неге мені бақылап, шектейсің? Сен маған сенбейсің бе?» деп сұрадым. Ештеңе түсіндірмеді. Кейін сотта ол тіпті мен анама емес: «еркектерге барған» деп сөйледі», — дейді Маргарита.
Шын мәнінде, ол анасының үйінде болып, кейде әпкелеріне ғана қонаққа барған, басқа жаққа шықпаған. Бірақ күйеуі бәрібір айып іздеп, ұрыс шығарған.
«Сол күні үйде едім. Ол айқай шығарып, анама барғаным үшін ұрыса бастады. Мен кету керек екенін түсіндім. Заттарымды жинап, көлігіме апарып салып жаттым. Көлік үйдің жанында тұрғаны жақсы болды. Бірақ мен тіпті не боларын болжай алмадым. Бәрі кенеттен болды. Ол жаңа ғана ас бөлмедегі диванда жатқан, кенет атып шығып, менің кетуге дайындалып жатқанымды көріп, қарсы алдымнан тұрып алып, боқтай бастады: «сайқал» деп атады. Мен сілейіп тұрдым. Сол кезде ол маған дзюдоның бір әдісін жасады. Екі аяғымды бірден қағып, мені итеріп жіберді. Шалқамнан құлап түстім, омыртқам соғылып, дем ала алмай қалдым, қозғала алмадым. Сол сәтте енді ол мені тепкілейді де, Бишімбаев сияқты өлтіреді екен деп ойладым», — дейді Маргарита.
Барлық беттестіру мен сот отырыстарында Маргаританың бұрынғы күйеуі күліп, жымиып отырды. Әсіресе біреу сұрақ қоя бастағанда, ол соны күлкіге айналдыратын. 30 тамыз күні өткен апелляциялық алқаның онлайн отырысында да әуелі көңілді отырды. Бірақ жәбірленуші өз уәжін айтқанда, кенет көзіне жас алды.
Маргаританың айтуынша, бұрынғы күйеуі көз жасын төгіп тұрып, түрмеде өзіне қаншалықты қиын екенін айтып, «оның омыртқасын мен сындырғанымды әлі дәлелдеуі керек» деп мәлімдеген.
«Салтанат заңы іс жүзінде жұмыс істемейді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына енгізіп, жазаны қатайттық. Бірақ осындай ауыр жарақатпен сот айыпталушыға бар болғаны бір жыл берді. Заңда полицияның қалай әрекет етуі керектігі анық жазылған. Жәбірленушінің арызы болмаса да, оқиға тіркеліп, іс қозғалу керек. Ал маған ешкім келген жоқ, арызымды бір ай бойы тіркемей созып, тіпті татуласуға үгіттеді», — деп ашынды Маргарита.
Ол заңгер ретінде бұл сот процесінен өзі өтуге бел байлап, адвокат жалдамаған. Өз құқығын өзі қорғамақ. Апелляциялық соттың келесі отырысы сейсенбі, 7 қазан күні өтеді.
Айта кетейік, 2023 жылы бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жасаған қылмыс бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Ол жылдар бойы азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы қорлап, ақыры BAU мейрамханасында түнде ұрып өлтірген болатын. 2024 жылы Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Автор: Анастасия Прилепская
Жаңалықтар
- Арман Шораев Жанна Кан мен Ситниковты «Миротворец» базасына енгізуді талап етті
- «Салтанат заңы іске аспайды»: Алматылық әйелді полицейлер құқай көрсеткен күйеуімен татуластырмақ болған
- Семейдегі тым-тырыс сайлау: Алаштың астанасындағы «демократия»
- Әскери басшының қызметкерге балағат сөздер айтқан бейнежазбасы тарады
- Ақтөбеде 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне күдікті болған үш оқушы ақталды
- Достық – Мойынты теміржолы: Президент Тоқаевты кім алдады?
- Ақорда берген пәтер: Тоқаевтың жеке журналисінің басы дауға қалды
- Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының бас бапкері атанды
- Шерхан Қалмырзаға ғылым министрі грант табыстады
- Басы дауға қалған көлік министрлігінң шенеунігі «әкімдікке» жіберілді
- Қазақстанда Джеки Чан ойнайтын жаңа «Құдіретті сауыт» фильмі түсіріледі
- Тамара Асардың өгей ұлы өмірден озды
- Президент резиденциялары дирекциясының бұрынғы басшысы заңсыз алтын өндірген
- Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі банкрот деп танылды
- Қоянқұста ата-аналар балаларын мектепке жібере алмай отыр
- Қызылордада мүмкіндігі шектеулі баланы қорлап, аяғын күйдіргендер ұсталды
- Екібастұзда КСРО басшысы Георгий Маленков тұрған пәтер сатылымға шықты
- Таразда әкімдік қызметкерлері мемлекеттік мүлікті заңсыз сатқан
- Дана Әбдірова Перудегі әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
- Республика сарайында Путинді жер-көкке сыйдырмай мақтаған Ситников кім?