«Пікірі үшін жазаланды»: туысын босатуды талап етіп, Қытай туын өртегендердің барлығы ұсталды
Фото: Бейнеден кадр
Алматы облысының Ұйғыр ауданында Қытай туын өртеп, қамауға алынған тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясы мүшелерінің туыстары мен жақтастары баспасөз мәслихатын өткізіп, оларға бостандық талап етті. Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды сұрап қызыл туды өртеген адамдардың туыстары тағылған айыптармен мүлде келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
Баспасөз мәслихатын бастамас бұрын әңгіменің әлқиссасына тоқтала кетейік. 13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданында бір топ тұрғын Қытай туын, сондай-ақ ҚХР-ның туы мен төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, оның видеосын әлеуметтік желіге жариялаған.
Бейнежазбадағы әйел адам өзінің туысы Әлімнұр Тұрғанбайды Қытай билігі еш себепсіз қамап, елге жібермей отырғаны үшін осы әрекетке барғанын айтты.
«Қытай тарапы ешқандай жауап бермей отыр. Сол себепті наразылығымды тоқтатпаймын», — деген еді әйел.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары іске қатысы бар адамдарды анықтап, материалдарды сотқа жолдады.
«Сот шешімімен 12 азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Кішігірім бұзақылық») бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар тағы алты адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынғаны хабарланды», — деп жазды Алматы облысының полиция департаменті.
Ал Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбай Қытайда 23 шілдеде ұсталған еді. Бұған дейін Тұрғанбайдың әйелі мен қызы Алматыдағы әкімдік алдында президентке бейнеүндеу жасап, биліктен оны Отанына қайтаруға көмектесуді сұраған.
Бүгінгі баспасөз мәслихатында да дәл осы мәселе көтерілді. Заңгер Нәзигүл Мақсұтханның айтуынша, наразылықтан кейін тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» партиясының белсенділері жаппай ұсталған. Оның сөзінше, ту өртеген оқиға бойынша ұсталған 12 адамнан бөлек, Астанада да партия жақтастары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Астана мен оның маңында төрт мүшеміз қамауға алынды. Оларды 15 қарашада үйлерінен алып кеткен. Сол күні Ахат Мұхаммедке қаулы шығарылып, қалған үшеуі бір тәулік полиция бөлімінде ұсталған соң, артынша 10 тәулікке қамалды», – деді Мақсұтхан.
Оларды ұстаған сәтте тағылған айыптың Әлімнұр Тұрғанбай ісіне тікелей қатысы болмағаны белгілі болды. Мысалы, Астанада қамауға алынған екі белсендіге «Нағыз Атажұрт» жетекшісі Серікжан Біләш пен Францияда тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтың жазбасына пікір қалдырып, «заңсыз митингіге шақырды» деген айып тағылған.
Баспасөз мәслихатына келген Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары Алматы облысының Ұйғыр ауданында наразылық акциясын өткізуге мәжбүр болғандарын айтты. Тұрғанбайдың қызы Нұрғиса Әлімнұрдың айтуынша, Сыртқы істер министрлігі Қытаймен бірлескен арнайы жұмыс тобы құрылатынын хабарлаған. Алайда оның нақты немен айналысып жатқаны туралы ешқандай ақпарат берілмеген.
«Сыртқы істер министрлігі өкілдері әкеме 2018 жылдың 4 сәуірінде қандай да бір құқықбұзушылық жасаған деп айтты. Ал әкем 2016 жылы Қазақстанға көшіп келді, 2017 жылы азаматтық алды. 2025 жылдың 23 шілдесіне дейін Ұзынағаш ауылында тұрғаны туралы ресми құжат бар. Сонда менің әкем осы уақыттың бәрінде Қазақстанда болса, Қытайда қамалатындай не істеп қойды?», – деді әкесі үшін шырылдаған қыз.
Әлімнұр Тұрғанбай ұсталған соң Қазақстанның Пекиндегі елшілігі Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының сыртқы істер басқармасына, қоғамдық қауіпсіздік органына және Іле-Қазақ автономиялық облысының сыртқы істер және шекара-қоныс басқармаларына ресми хат жолдаған.
Қытай тарапы Тұрғанбайдың шынымен ұсталғанын растады. Олардың Қазақстан билігіне берген жауабында Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан ресми түрде шықпағаны және елде қос азаматтыққа тыйым салынатыны көрсетілген.
«2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің халықаралық ынтымақтастық басқармасы Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайдың «Азаматтық туралы» заңы бойынша азаматтықтан шығуға рұқсат алмағанын хабарлады. Сондай-ақ оның автоматты түрде азаматтықтан айырылу талаптарына да сәйкес келмейтіні айтылды. Осы себепті Тұрғанбай әлі де ҚХР азаматы болып саналады және Қытайда қос азаматтық мойындалмайды», – деп жазылған ресми жауапта.
125 күн бойы еш себепсіз қамақта отыр деп санайтын Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары Қазақстан билігінен араша сұрап, күресті жалғастыра беретіндерін айтты.
Жаңалықтар
- Ресей Сібірдегі өзендердің арнасын Қазақстан мен Өзбекстанға бұрғалы жатыр
- Нұрсұлтан Назарбаев Путин әкімшілігінің резиденциясын жалға алады
- «Пікірі үшін жазаланды»: туысын босатуды талап етіп, Қытай туын өртегендердің барлығы ұсталды
- БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 8 адам ажал құшты
- Арыс қаласында бір мектепте 17 жұп егіз оқиды
- Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы жарияланды
- Абай облысында сабақтағы оқушылардың порнография көргені белгілі болды
- «Яна сізді жақсы көрді»: сотта Легкодимованың қаңқасын көрсетті
- «Новороссийск соққысынан кейін»: Қазақстан мұнайы Батысқа қарай экспортқа қайта шықты
- Қазақстанда белорус блогері Mellstroy-ге іздеу салынды
- Атырауда Яна Легкодимованы өлтірген екі қаскөй өмір бойына бас бостандығынан айырылды
- «Таңбалануы тиіс»: Тоқаев «ЖИ туралы» заңға қол қойды
- Ақмола облысында сотталған және психикалық ауытқуы бар адамдар қамқоршы болды
- Мәскеудегі тоғаннан сөмкеге салынған баланың басы табылды
- Астанада жоғалып кеткен студент өлі табылды
- Қатты жарылыс дыбысы естілді: Сайран маңында трансформатор өртенді
- Қазақстанда 308 мыңнан астам адам жұмыс таппай, әлеуметтік төлем алып отыр
- Тоқаев Энергетикалық кеңес туралы ережеге өзгерістер енгізді
- Трамп тарифтік саясаттағы көзқарасын өзгертіп, АҚШ-та баға көтерілгеннен кейін азық-түлік бажын алып тастады
- Орталық Азия елдерінің президенттері Ташкентте қандай келісімдер жасады