Павлодарда жүргізушіні ұстаған видео дау тудырды

cover Фото: Бейнежазбадан кадр

Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлерінің жас жігітті күшпен ұстаған видеосы желіде қызу талқыланып жатыр. Видео авторы тәртіп сақшыларын негізсіз күш қолданды және тек «жоспар орындау» үшін жұмыс істейді деп айыптады, деп хабарлайды Orda.kz. 

Оның айтуынша, оқиға құжат тексеруден басталған. Жүргізуші жол ережесін бұзбағанын, алайда полицейлер көлік шамындағы ақауға шүйліккенін айтады. Ол кемшілікті сол жерде жөндеуге рұқсат сұрағанда, инспекторлар дөрекі жауап қатып, басқа ереже бұзушылық бойынша айыппұл жазуды ұсынған. Ер адам мұны полицейлердің хаттама толтыру жоспарын орындау амалы деп бағалаған.

Даудың арты жұлқысуға ұласқан. Кадрдан тәртіп сақшыларының жүргізушінің қолын қайырып жатқанын көруге болады, кейін камера жерге құлап, жанұшыра айқайлаған дауыстар естіледі. Автор видеоны полицейлер күш көрсете бастаған сәтте қосқанын мәлімдеді.

Облыстық полиция департаменті бұл дауға қатысты Orda.kz-ке пікір білдірді. Оқиға 7 сәуір күні таңғы 04:30 шамасында болған. Тәртіп сақшылары заңсыз LED-шам орнатқан Toyota Corolla көлігін тоқтатқан. Ведомство ақпаратынша, 22 жастағы жүргізуші заңды талапқа бағынбай, қоғамдық орында балағат сөздер айтып, жанжал шығарған.

Осы әрекеттері үшін жас жігіт көлік пайдалану ережелерін бұзғаны, полицияға бағынбағаны және ұсақ бұзақылығы үшін бірден жауапқа тартылды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар