Қордайдағы жанжалға байланысты сот үкімі жұмсарды

cover

Апелляциялық шағым нәтежиесінде сот төрешісі төрт сотталушының түрме жазасын шартты жазамен ауыстырды. Сот үкіміне сәйкес:

  • Ерлан Бұралқыновтың бостандығы - 3 жыл 20 күнге шектелді;
  • Алмат Тілеуғалиевтің бостандығы 3 жылға шектелді;
  • Рүстем Бежібайдың бостандығы 4 жылға шектеллді;
  • Ұлан Атанбаевтың бостандығы 3 жылға шектелді.

Сот қызметкерлері үкімнің үш күн ішінде онлайн ресурсқа салынатынын айтты.

Сотталушыларды 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге де міндеттеген. Сот оларды қамаудан бірден босату туралы қаулы шығарды.

Қалған үш сотталушы: Абзал Нұраханов, Мырзағали Дүйсенбаев, Бақытбек Ибрагимовке шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды.

Бірінші инстанцияда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және "ұрлық жасады" (Қылмыстық кодекстің 188-бабы) деп айыпталған Абзал Нұраханов 8 жылға сотталған.

«Аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп айыпталған Мырзағали Дүйсенбаев - 5 жылға, дәл сондай айып тағылған Бақытбек Ибрагимов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алғашқы сот үкімі 29 қыркүйекте шыққан.

Биыл 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған.

40-тан астам айыпталушының ісі бойынша сот жақын арада басталмақ.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қирады. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам тергеуден өткен.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шекті.

Шыққан жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің негіз болған. Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келген. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттады. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектелген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар