Назарбаев ашуланды, Тоқаев талап етті: Қазақстан мен Қытай шекарасында миллиардттаған қаражат жоғалуда

cover Фото: Ольга Ибраева. Orda.kz

Қазақстан мен Қытайдың кедендік статистикасындағы айырмашылық – билік өкілдері соңғы 15 жыл бойы талқылап келе жатқан мәселе. 2012 жылы бұл айырмашылық 4,5 миллиард долларды құраса, 2024 жылы ол 14 миллиард долларға жетті. Шенеуніктер мұны «әдістемелік ерекшеліктермен», «транзитпен» және тіпті «қытайлық экспорттаушылардың бағаны көтеруімен» түсіндіреді. Алайда, олардың айтуынша, бұл мәселемен күрес ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келеді. Ендеше, неге сандар өсіп жатқанын Orda.kz тілшісі зерттеп көрді. 

2011–2012 жылдар: алғашқы ресми түсіндірмелер

2012 жылы Қазақстан Республикасының қаржы министрлігіне қарасты кедендік бақылау комитеті Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылық 4,5 миллиард долларды құрағанын мойындады. Сол кезде ведомство бұл жағдайды былай түсіндірді:  

  • Қытай Қазақстанға экспортталатын тауарлардың құрамына кейін Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдерге жөнелтілетін транзиттік тауарларды да қосады.  
  • Қытайлық экспорттаушылар көбірек субсидия алу және ҚҚС-ты қайтару үшін тауар бағасын әдейі көтереді.  
  • Қазақстандық импорттаушылар, керісінше, салықтан жалтару мақсатында тауарлардың құнын төмендетіп көрсетеді.

Бұл схемалардың мойындалғанына қарамастан, кедендік жүйеде түбегейлі реформалар жасалған жоқ.

2013–2015 жылдар: айырмашылық тек өсуде  

Ресми статистика бұл жылдары мәселенің шешілмегенін ғана емес, керісінше ушыға түскенін көрсетті. 2013 жылы айырмашылық 6,1 миллиард долларға жетті. Негізгі себептер ретінде тағы да транзит, контрабанда және кедендік құнды төмендету аталды. 2014 жылы бұл көрсеткіш 7,3 миллиард долларды құрады. Қаржы министрлігі ірі сауда желілері мен импорттаушылар кедендік құнын жаппай төмендететінін мойындады.  

2015 жылы айырмашылық 8,9 миллиард долларға жетті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құрылғанына қарамастан, ол өсуді жалғастырды. Осы жылдары билік жаңа цифрлық жүйелер енгізу мен бақылауды күшейту «мәселені шешуге көмектеседі» деп мәлімдеді. Бірақ фактілер керісінше жағдайды көрсетті.

2018–2021 жылдар: айырмашылық өсуде, бірақ шенеуніктер «оң тенденция» туралы айтады  

Бұл жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылық жоғары деңгейде қалды:  

• 2018 — 52,5 %  
• 2019 — 47 %  
• 2020 — 45,5 %  
• 2021 — 40,5 %  

Қаржы министрлігі айырмашылықтың төмендеу тенденциясы бар деп сендірді. Алайда, ақшалай мәнде ол әлі де миллиардтаған долларды құрады. 2020 жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев бұл айырмашылықтың 53 %-ы Қытай тауарларының транзитімен байланысты екенін түсіндірді. Тағы 20 %-ы – «Қорғас» ШЫХО арқылы өтетін тауарлар мен пошта жөнелтілімдері, ал 27 %-ы – таза контрабанда мен импорт құнын жасанды түрде төмендету.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дариға Назарбаева бұл іске араласады

2019 жылы бұл мәселеге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев назар аударды.  

«Кедендік әкімшілендіру біздің мәліметтер бойынша – бір сандар, қытайлықтарда – басқа. Айырмашылық миллиардтармен есептеледі, өйткені нақты кім жауапты екенін ешкім білмейді. Сұрай бастасаң – кеденді „ұстап“ отырған бастықтар бар дейді. Қандай бастықтар? Атын атаңдар, жауапқа тартыңдар, қылмыстық істер қозғаңдар. Біз әлеуметтік қажеттіліктерге бірнеше миллиард теңге ала аламыз», – деді ол Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде. 

Сол уақытта сенатор болған Дариға Назарбаева кедендік әкімшілендірудегі көптеген заң бұзушылықтарға қатысты түсініктеме талап етіп, үкіметке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанға әкелінген тауарлардың тек 10–45 % - на ғана кедендік баж салығы төленген, бұл бюджетке елеулі шығын келтірген.

2022 жыл: Тоқаев тәртіп орнатуды талап етеді  

Үш жылдан кейін, 2022 жылдың қаңтарында, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кедендегі жағдайға қатысты қатаң мәлімдеме жасады.

«Ондағы нағыз бейберекет жағдай баршаға мәлім. Көліктер тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен статистикасындағы айырмашылық миллиардтаған долларды құрайды. Қол сұғылмайтын мәртебесі бар белгілі бір уәкілетті операторлар бар. Ел салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтуда. Бұл мәселе бұлай жалғаса бермейді!», — деді президент.

Осы мәлімдемеден кейін шенеуніктер реформалар мен бақылауды күшейту туралы белсенді айта бастады. 2022 жылы қаржы министрлігі айырмашылық 5,7 миллиард долларды құрайтынын мәлімдеді. Себептері бұрынғыдай өзгеріссіз қалды, транзиттік тауарлар (2,6 миллиард доллар), контрабанда және құнын төмендету (2,8 миллиард доллар). Кедендегі тауарларды дұрыс декларацияламау салдарынан республикалық бюджетке келтірілген болжамды шығын 150 миллиард теңгеге бағаланды.

2023 жыл: сандар әлі де өсуде  

2023 жылдың ортасына қарай Қытай мен Қазақстанның статистикасындағы айырмашылық 32,7%-ды құрады. Процент төмендегенімен, абсолютті мәнде сома өсіп отырды. 2023 жылдың шілдесінде КГД бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев Қазақстан статистикадағы алшақтық қысқаруда деп мәлімдеді. Алайда, шындық басқа болды. 

2017 жылы айырмашылық 59,4% болса, 2023 жылы 32,7%-ға түсті. Бірақ долларлық мөлшерде сома тек арта берді.  

Президент тәртіп орнатуды тапсырғанымен, арада бір жыл өтсе де, жағдай жақсарған жоқ.

2024 жыл: шенеуніктер алшақтықты жою мүмкін емес деп мәлімдеді

2024 жылы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай мен Қазақстан статистикасындағы айырмашылық 32%-ды құрағанын айтты. Бірақ енді шенеуніктер бұл мәселе емес, тек «есептеудің әртүрлі әдістемелері» деп түсіндіре бастады.  

«Импорт шығу елінде, ал экспорт тағайындалған елде есепке алынады. Алшақтықты толығымен жою мүмкін емес,», — деді Темірбеков.  

Осылайша, билік шын мәнінде бұл мәселе бойынша енді түбегейлі өзгерістер болмайтынын мойындағандай.

2025 жыл: рекордтық 14 миллиард доллар айырмашылық 

Екі президенттің жеке тапсырмаларына, уәделерге және реформаларға қарамастан, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистикадағы айырмашылық рекордтық 14 миллиард долларға жетті. Билік жыл сайын тәртіп орнатамыз деп уәде бергенімен, жағдай тек нашарлап келеді.  

Нәтижесінде, біз тек мәселені шешуді имитациялайтын шенеуніктерді және мемлекеттік бюджеттегі орасан зор шығындарды көріп отырмыз.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар