Наурыз – көже сату науқанына айналған мереке

cover

Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса да жол болсын! Иә, әне-міне деп ай мен күн теңесетін Наурыз мерекесі келіп жетті. Екінші жыл карантинде отырған халыққа тағы да үлкен жиын жасауға Наурыз қарсаңында шектеу қойылды. Халық пен бірге шектеу шараларын қоғам алдында жүрген аға-апаларымыз да ұстана ма?

Orda.kz. пандемия кезінде отандық жұлдыздар Наурыз мерекесін қалай атап өтетіндерін біліп қайтты.

Роза Әлқожа – өзінің керемет дауысымен дәстүрлі қазақ әндерін шырқап, тыңдармандардың жүрегін жаулаған әнші.

Instagram

Ерболат Әлқожа – Жәнібектің әкесі, Аул Кэмптағы аспазшы Сапар аға рөлін шебер ойнаған актер.

Instagram

Наурыз мерекесін тойлайсыз ба?

Роза Әлқожа:

– Біз жыл сайын отбасымызбен, көрші-қолаңмен Наурыз мерекесін тойлайтынбыз. Бірақ карантиннің күшеюіне байланысты көршілер үнсіз отыр. Соған қарағанда кереметтей болмаса да, өзіміздің отбасымызбен отыратын сияқтымыз.

Ерболат Әлқожа:

– Жылда көжемізді жасап, ағайын-туысымызды біздің шаңырақта жинап, наурыз көже ішіп, Наурыз мерекесін тойлайтынбыз. Биыл белгілі бір себептермен мереке шегеріліп отыр. Мүмкін тек бір-бірімізді құттықтаумен шектелетін шығармыз.

Әр үй Наурыз көже жасап, қонақ күтуге міндетті ме?

Роза Әлқожа:

– Біздің наным-сенімімізге байланысты жылда міндетті түрде наурыз көже ішеміз де, ішуге де барамыз. Жыл бойы тоқ жүріп, үйдің берекесін арттырамын деушілер өзі үшін көже пісіреді. Дастархан жайғанға көп шығын кетпейді. Көжеге үйдегі ет, қазы, күріш, құртты саламыз. Қоспалар барлық үйден табылатындықтан көп қаржы кетпейді де. Ниет болса болғаны.

Ерболат Әлқожа:

– Әр үй наурыз көже жасап, күтуге міндетті емес. Бірақ көңіліңде болса, жасаған абзал. Себебі, бұл ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр.

Наурыз –қыстан аман-есен шықтық, бір-бірімізді аман-есен көрдік деп, соның қуанышына жайылған дастархан. Бұрындары қар қалың жауған кезде адамдар көрісе алмай қалатын. Қыс бойы жеке басының қайғысымен әбігерге түсетін. Кейін көктемде көрісіп, бар екенбіз, аман екенбіз десіп, қуанып, дастарханға бар дәмдісін шығарып арқа-жарқа болып жататын. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр болғандықтан, біз оны жалғастыруымыз керек деп ойлаймын. Бұл біздің ұлттық мәдениетіміздің бір белгісі. Наурызды тойлау дұрыс, ол өте керемет мереке. Оған қазіргі таңда көп шығын кетпейді, орташа дастарханыңа 100 мың кетер. Ниет болып, жағдай келмей жатса, бірнеше үй бірігіп, бір қазан көтеруге болады.

Сіздің шаңырағыңызда Наурыз көжені қалай жасайды?

Роза Әлқожа:

– Біздің шаңырақта наурыз көжені ел қатарлы жасайды. Ешқандай ерекшелігі жоқ. Барынша жеті түрлі тағам қосуға тырысамыз. Өзімізге қатық пен айран ұнайтындықтан, оны да қосып жатамыз.

Ерболат Әлқожа:

– Қысқы соғымнан қалған сүрленген етпен Наурыз көже пісіреміз.

«Астың кепиеті атпасы» деген не?

Роза Әлқожа:

– Атам мен апамның қолында өскендіктен, «таңғы асты тастама», «асты ысырап қылма» дейтінді жиі еститінбіз. Марқұм атам кішкентай кезімнен «тамақтан ауыз ти не болмаса тауысып іш, астың обалы болады» деп те үйрететін. Қазақ асты қасиетті санайды. Дастарханды бәрінен жоғары қояды. Қазірдің өзінде бір жерге дәмге шақырып жатса, аттап кетпей, ауыз тиіп кетуге тырысамын. Менің ойымша, ол «адамның көңілін аттап кетпе» деген ұғым.

Ерболат Әлқожа:

– Ол «астың қасиеті атпасын» деген ұғым болуы керек. Құдай берген азықты, нанды, суды аяқ асты қылып, оны қалай болса солай қолданған, ысырап қылған, шашқан негізі дұрыс емес. Қалған тамақтың қалдығын жинап, итке тастау керек қой. Астың қасиеті деп тұрған – сол. Мұнда мәселе тек аста тұрған жоқ, астарында үлкен дүние жатыр. Біздің отбасымызда мұндай ұғым бар. Барынша асты шашпауға тырысамыз.

Наурыздың діни астары бар ма?

Роза Әлқожа:

– Наурыздың діни астары барын білмедім. Біздің қазақта оны Жыл басы, Әз Наурыз, Жаңа жыл, Самарқанның көк тасы еріген күн дейді ғой. Ал діни астары бар десе, ол тәубеге байланысты болуы керек. Адамзат бір уақыт өткенге шүкір айтып, келер күнге үмітпен қарап, қыстан аман шыққанына тәубе айтады.

Ерболат Әлқожа:

– Басында айтып кеткенімдей, Наурыз – біздің ұлттық құндылығымыз, салт-дәстүріміз. Ағайындық, туыстық қарым-қатынасты алшақтатып, үзіп алмау –оның діни астары деп түсінемін. Басқа айтылған діни адамдардың пікірлеріне қарсымын.

Сіз үшін жаңа жыл қашан?

Роза Әлқожа:

– Мен үшін Жаңа жыл – жыл ауысқан күн, күн жаңарған күн. Елмен қатар Жаңа жылды да, Наурызды да тойлаймын. Күнтізбе ауысып, балалар қуанып жатқанда, мен Жаңа жылды Наурызда ғана тойлайтын едім деп отырып алуға болмайды ғой. Негізі Құдайдың берген әр күні – мереке.

Ерболат Әлқожа:

– Қазақ үшін Жаңа жыл – Наурыз. Ал мемлекеттік тұрғыда 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға түн. Мен үшін екі күнде Жаңа жыл. Бірақ бауырың өзіңнің төл мерекеңе бұрып тұратыны бар.

Бала кезіңізде Наурыз мейрамы қалай тойланған? Оның қазіргі мерекеден айырмашылығы бар ма?

Роза Әлқожа:

– Бала кезімде ауылда ата мен апамның қолында өстім. Қарабай деген бөлімшеде тұратынбыз. Сол бөлімшенің адамдары дәл наурыз күні емес, күн жылып, көк шөп шығып, қырға шығуға болатын кезде үлкен кісілер бір төбеге жиналып, киіз төсейтін. Әр қайсы өзі пісірген наурыз көжесін әкеліп, барлығын бір қазанға араластыратын. Ондағы ойлары – барлығымыз тату болайық, ырыс-берекеміз арта берсін деп ниеттенуі. Сол қазаннан ішкен тамақ өте дәмді көрінетін.

Ерболат Әлқожа:

– Менің бала кезімде Наурыз мерекесі өте керемет тойланатын. Оны бүкіл ауыл болып тойлайтынбыз. Бір ауылда 20-30 қазақ үй тігілетін. Бәріміз бірігіп концерт қойып, небір ойындар ойнайтынбыз. Кейін кездері ондай мереке көзбояушылыққа айналып кеткендей, себебі мен оны сезіне алмаймын. Бала кезімізде бәрі керемет болатын, онда сатып алу деген болмайтын. Кез келген жерге кіріп, тәттілеріңді алып жүре беретінсің. Ал қазір әкімдер келмей, адамдарды қазақ үйге аяқ бастырмайды. Көженің өзін 500-1000 теңгеге сатып тұрады. Менің ойымша, 22 наурыз дәл 8 наурыз гүл сату науқаны сияқты көже сату науқанына айналып кеткен.

Наурызға дайындықты бастадыңыз ба?

Роза Әлқожа:

– Наурызға дайындықты бастаған жоқпыз, бірақ көңіліміз көктемнің келгеніне қуанып, шаттанып, осы күнге жеткенімізге шүкіршілік жасап жатыр.

Ерболат Әлқожа:

– Наурызды әзірге тойлау жоспарда жоқ. Мүмкін сәуірде ыңғайы келсе наурыз көже жасаймыз.

Orda.kz. оқырманы, Наурыздан,Наурызға жарқын жеңістермен жете берейік!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар