NASA жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Айға қайтадан адам аттандырды

cover Фото: Nasa

NASA-ның Artemis II миссиясы сәтті ұшырылып, адамзат Айға бағытталған пилотталатын сапарларға қайта оралды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ғарыш кемесі бортында төрт астронавт бар. Олар Айды айналып ұшып, кейін Жерге қайта оралады. Миссияның басты мақсаты — болашақтағы Айға қону сапарларының алдында ғарыш кемесінің, зымыранның және экипаж жүйелерінің сенімділігін адам қатысуымен тексеру.

  • Рид Уайзман — миссия командирі,
  • Виктор Гловер — ұшқыш,
  • Кристина Кох — миссия маманы,
  •  Джереми Хансен — Канада ғарыш агенттігінен қатысқан маман.

Artemis II — NASA-ның Айға қайта оралу жоспарының алғашқы ірі қадамы. Мамандардың айтуынша, дәл осы миссия кейінгі экспедицияларға, соның ішінде астронавтарды Ай бетіне қондыруға жол ашады.

Астронавтарды Айға қондыру 2028 жылға жоспарланған. Artemis бағдарламасы аясында АҚШ Жер серігінде тұрақты база құруды көздеп отыр.

NASA өкілдерінің айтуынша, экипаж 1970 жылғы «Аполлон-13» миссиясы рекордын жаңартып, Жерден шамамен 400 мың шақырым қашықтыққа дейін алыстауы мүмкін. Соңғы рет адамдар Айға бағытталған миссиямен 1972 жылы ұшқан болатын. Сондықтан бүгінгі сапарды ғарышты игерудегі тарихи оралу деуге болады. Artemis II адамзаттың Айды қайта зерттеуге және болашақта Марсқа ұшуға дайындығын көрсетеді.

Ұшу барысында даретханада ақау бар екені белгілі болды. 1 сәуірде экипаж ақау барын білдіретін жыпылықтаған индикатор туралы хабарлаған. Жердегі инженерлер телеметриялық деректерді жедел талдап, астронавтармен бірге диагностикалық тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде жүйе қайтадан қалыпты жұмыс режиміне келтірілді.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін экипажға төрт сағаттық демалыс берілді. Астронавтардың оянуы АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 2 сәуір күні таңғы сағат 7:00-ге жоспарланған. Одан кейін олар миссияның келесі маңызды кезеңі — перигейді көтеруге дайындық бастайды.

Бұл маневр Жерді айналып жүрген кеме орбитасының ең төменгі нүктесін көтеруге мүмкіндік береді. Ал ол бұған дейін орындалған апогейді көтеру маневрімен бірге миссияның бастапқы орбитасын қалыптастырып, кемені Айға ұшу траекториясына шығаруға қажетті келесі операцияларға дайындайды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар