Маңғыстау облысындағы 7 адамның өлімі: оқиғаның егжей-тегжейі айтылды

cover Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысында жеті адамнан тұратын отбасының қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Трагедияның мән-жайы анықталып жатыр, тергеу жалғасуда, деп хабарлайды Orda.kz. 

Марқұмдардың туыстары мен көршілерінің айтуынша, қайғылы жағдайдың себебі үйдегі мұржаға мұз қатуы болуы мүмкін. Соның салдарынан көміртегі тотығы сыртқа шықпай, үйге жинала бастаған. Үйде балалардың бірі жайсыздықты сезіп, басқаларды оятуға тырысқан. Ол есікті аша алмай, терезеден де шыға алмаса керек.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов марқұмдардың туыстарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

«Қайтыс болған отбасының туыстарына жан-жақты көмек көрсетіледі. Жағдай Маңғыстау облысы әкімінің жеке бақылауында», - деді Ізбергенов.

Алдын ала нұсқа бойынша, қайғылы жағдайдың себебі газ жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзу болуы мүмкін. Құтқарушылар ауылда пештерді үнемі тексеріп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыратынын айтады. Алайда қайғылы оқиға болған үй қандай да бір себептермен тексерістер тізіміне енбеген. 

«Біз осы ауданда үгіт-насихат жүргізіп, 500-ден астам ауланы, 3 мыңнан астам тұрғынды араладық. Бірақ дәл осы үйде үгіт жүргізілмеді», - деп түсіндірді Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары Александр Алексеев. 

Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтаумен арнайы комиссия айналысады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар