Лукашенко жаңа президенттік мерзімге кандидатурасын ұсынбайды, ұлын да мұрагер етпейді

cover Фото: Беларусь президентінің баспасөз қызметі

Беларусь президенті Александр Лукашенко келесі президенттік сайлауға қатысу ниеті жоқ екенін айтты. Бұл туралы ол Time журналына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.       

Журналистің алдағы сайлауға қатысуы туралы сұрағына Лукашенко былай деп жауап берді:

«Жоқ, мен қазір енді оны жоспарламаймын, шын айтамын. Өзім үшін ғана іштей ойлаймын, оны да бұрын айтқан емеспін, тыңдаңызшы,  Трамп жақында 80 толса да, ол жақсы көрінеді ғой…» 

Сондай-ақ ол 2025 жылдың қаңтарында өткен сайлауға да қатысқысы келмегенін, бірақ «қашып кететін сатқын» болып көрінбеу үшін баруға мәжбүр болғанын айтты.

Сонымен қатар ол болашақ мұрагер туралы пікірімен де бөлісті. 

Сұхбат барысында журналист Лукашенконың кіші ұлы — 20 жастағы Николай Лукашенконы болашақ мұрагер ретінде атаған пікірлерге де тоқталды.

Алайда президент бұл пікірді жоққа шығарды:

«Жоқ, ол мұрагер емес. Сенің осыны сұрағың келетінін білдім. Жоқ, жоқ, жоқ. Мына сұрақпен оны ренжітіп аласың. Өзіңнен сұрап көр – саған қатты ренжуі мүмкін», – деді Лукашенко. 

Ол Николайды «оппозицияға жақын, бірақ шектен тыс емес» деп сипаттады.

Александр Лукашенко болашақта Беларусь президенті бола алатын адам жайлы да пікір білдіріп, оның «саясатты аздап өзгертетін» тұлға болуы мүмкін екенін айтты.

«Тек бірден бәрін қиратып, бұзбасын. Мен секілді, мықты тіректерге сүйеніп, бар нәрсенің негізінде елді біртіндеп, эволюциялық жолмен дамытсын. Революциялық сілкіністердің қажеті жоқ. Бірақ егер қоғамды басқа бағытқа бару керектігіне сендірсе — құба-құп», – деді ол.

Александр Лукашенко 1994 жылдан бері Беларусь президенті қызметін атқарып келеді. Ол соңғы рет 2025 жылдың қаңтарында жетінші мерзімге  сайланды. Беларусьте президент әр бес жыл сайын сайланады.

Жақында Беларусь Президенті Александр Лукашенко кеңесте шенеуніктерді ашыналарына бюджет қаражатын емес, өз ақшасын жұмсауға шақырған болатын. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар