Әлихан vs Нұрсұлтан: 30 жылдағы халық ықыласы
Тілдік социумның «Әлихан» және «Нұрсұлтан» («Алихан», «Нурсултан» инварианттарын қоса алғанда – ред.) жалқы есімдерін Тәуелсіздіктің алғашқы және үшінші онжылдығында қабылдауы әркелкі. Бірі үздіксіз өрлесе, екіншісі рецессия сызығының бойында. Қазақстанның жаңа заман тарихында, яғни 1991 жылдан бері 42 мыңға жуық сәбиге Нұрсұлтан және 66 мыңнан аса балаға Әлихан есімі берілген. Екі есімнің 30 жылдағы өзгерісінің саяси-тарихи, әлеуметтік-тілдік астарын сарапшылардан сұрап көрдік.
Редакция сұратқан Ұлттық статистика бюросының деректеріне талдау жасасақ, жыл сайын ең көп қойылатын ер адамдар есімінің ондығында Нұрсұлтан есімі 1991 (3-орында қазақша), 1992 (4-орында орысша, 10-орында қазақша нұсқасы), 1993 (6-орында қазақша, 7-орында орысша нұсқасы) жылдары, одан кейін тек 2005 жылы (6-орында қазақша) ғана көрінді. Бұл тізімге Алихан есімі алғаш 2009 жылы (6-орында) енгелі бері ұдайы өсу үстінде. 2010 жылы 4-орынға көтеріліп, 2011-2013 жылдары 2-қатарда тұрақтады. Одан бергі сегіз жыл бойы Алихан көш басында тұр.
Нұрсұлтан туралы ала түсті ода
Тілтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген Нұрсұлтан және Әлихан есімдері халықтың когнитивтік-танымдық базасында әбден орныққан, ассоциативтік әлеуеті жоғары есімдер дейді. «Ең алдымен, бұл қазақ қоғамында, қазіргі Қазақстанның лингвомәдени, мәдени-әлеуметтік кеңістігінде кең танымал есімдер. Нұрсұлтан есімі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, ал Әлихан есімі халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханның тұлғасымен байланысты».
Ғалымның сөзінше, тілдік мағына жағынан екі есімнің семантикасы айқын әрі түсінікті.
Журналист Сұлтанхан Аққұлұлы «статистикаға қарап мынадай екі құбылысты байқаймыз. Нұрсұлтан есімінің бастапқыда халық арасында өте жоғары абыройға ие болуын – 1991 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік алуымен түсіндіруге болады» дейді ресми есепке зер сала.
– Ол кезде халық тұңғыш президентке бар жан-тәнімен сенді, ұлттың үміті аспандады. Өз қолымыз өз аузымызға жетті, дамимыз-өркендейміз деген үміт зор болды. 1999 жылға қарай оның есімін беру күрт төмендеген. 2000 жылы тіпті саябырсыған. Есте болса, абыройы түсе бастағанын сезген соң президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты сендіріп айтқан сөзі бар еді. Араб елдері әр туған сәбиге құятын депозиттің көлемінен он есеге артық ақша саламыз деп халықты қатты үміттендірген. 2001 жылы қайта біртіндеп өскендей болады да, кейін 2006 жылдан бері Нұрсұлтан есімінің ел арасындағы беделі үнемі төмендеп келеді. Одан кейін өсім 2011 жылы болыпты. Бұл кезде президент сайлауының орнына референдум өткізу туралы бастама көтерілгені бар. Неге екені белгісіз, осы жылы қазақ тілді нұсқасы көптеп қойылыпты. Байқасақ, одан кейін тұрақты түрде төмендеп келеді, – дейді ол.
Сұлтанхан Жүсіптің пікірінше, Нұрсұлтан есімінің халық арасында кең тарауына 30 жыл ішінде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың ары-бері құбылуына тікелей байланысты. Ол ресми есептен «азаматтардың сенімі халыққа арнаған жолдауынан немесе кезектен тыс сайлауда жұртқа қардай боратып уәде беруінен кейін абырой-беделі қайта арта түседі де арада бірер жыл өте тағы әлсірей бастайды» деп тұжырады.
Билік Назарбаевты әлі де насихаттайтынына қарамастан, халық арасында наразылық көбейіп келе жатыр. Осылай деген әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов Нұрсұлтан есімінің 2011 жылдан кейін бәсеңдеуіне «саяси әсер» бар деген ойда. Оның айтуынша, бұған тұңғыш президенттің рейтингінің түсуі ықпал еткен сияқты.
– Сол жылы Жаңаөзенде «екінші Желтоқсан» оқиғасы болды, сын ұлғайды. Нұрсұлтан есімділердің үздіксіз кемуіне осының салқыны тиді. Әйтпесе, 2000 жылдары жүргізілген әлеуметтік репрезентативті зерттеулерде «жемқорлықтың етек алуына президент кінәлі емес, жалақыны арттырудай-ақ арттырып жатыр, ол бәрін дұрыс істеп жатыр, бар мәселе бергі жағындағыларда, билік өкілдері айыпты», «президент аппақ» деген ресми тұрғыда ұтымды пиар болатын. Дәл тап сол кезде оған өзін көрсетуге мүмкіндік болды – мұнай бағасы дүние нарығында өсті, әлеуметтік төлем бірнеше рет көтерілді. 2007-2008 жылғы дағдарыс, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, объективті экономикалық себептерден рейтингі түсіп жатыр, – дейді әлеуметтанушы.
Ономастика құбылысын саяси аспектіде талдатуға жүгінген сарапшымыз Шалқар Нұрсейіт «30 жыл бойы ауыспаған биліктен халықтың шаршағанын ескерсек, Әлихан есімінің Нұрсұлтан есіміне қарағанда бірнеше есеге көп болуы да логикаға келіңкірейді» дейді.
Тірілген тарих – Әлихан феномені
Алаштанушы ғалым, әлихантану бағытының белгілі өкілі Сұлтанхан Аққұлұлы «Назарбаевтың абыройы түскен сайын Бөкейханның беделі тек өсіп жатқанына» назар аударады.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың шынайы ұлт көсемі Әлиханның есімі көпшілікке бейтаныс еді. Біртіндеп танылып, аты жұртқа жайылған сайын орыстілді қазақтардың арасында да нығая түскен. 30 жылда Нұрсұлтан есімінің статистикасы ары-бері құбылып отырса, Әлиханның есімі үздіксіз өсумен келеді. Халық кімнің шынайы ұлт көсемі екенін, елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қамын жегеніне көзі жете бастады. Қазіргі биліктің көшбасшы туралы көп насихаты бос сөз, декларация екенін түсінді, – дейді тарихшы-публицист.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов елдің көңіл-күйін анықтайтын ашық әрі объективті талдау жұмысы жүрмейтіндіктен тек долбарлай алатынын айтады. Оның сөзінше, Әлихан есімінің көптеп қойылуы Назарбаев электоратының қолдау деңгейін нақты көрсете алмайды.
– Статистикалық мәліметтен байқауымша, 2007 жылдан бері азаматтар ұлдарына Әлихан есімін Нұрсұлтан есіміне қарағанда көптеп қоя бастаған. 2016 жылдан бастап Әлихан есімін Нұрсұлтан есіміне қарағанда 5-6 есе көп қойып келеді. Кейінгі 14 жылда «Әлиханның» «Нұрсұлтанға» қарағанда модаға айналғанына көз жеткізуге болады. Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы, мемлекеттік саясаттың көптеген салада тиімсіз іске асырылуы, әлеуметтік-экономикалық, коррупция мен непотизм сияқты мәселелердің тамыр жайып, жыл санап масштабының өсуі азаматтардың Назарбаевты қолдау деңгейінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Алайда Қазақстанда президенттің рейтингін анықтау үшін методологиясы дұрыс құрылған әлеуметтік сауалнамалар тұрақты жүргізілмейді. Сол себепті Назарбаевты электораттың қолдау деңгейінің қалай өзгергенін Әлихан есімінің көптеп қойылуына ғана қарап бағалау жеткіліксіз деп ойлаймын, – дейді сарапшы Нұрсейітов.
Ел баласын Әлихан я Нұрсұлтан деп атауға неге құмар?
Тілтанушы Қыздархан Рысберген ономастикалық лексиканың антропоним қабатында, кісі аттарында халықтық білімдер жүйесі, дәстүрлі этникалық мәдениетпен байланысты наным-сенім, ырым-жоралғы, перзентіне ат қойғандағы ата-ананың биік аңсар-арманы, ізгі мұрат пен интенциялары жатады дейді.
Ол Нұрсұлтан есімін «Нұр араб тіліндегі «жарық, сәуле» + сұлтан араб тілінен енген «билеуші, әкім» компоненттерінің бірігуінен жасалған күрделі антропоним» деп түсіндіреді. Бұл есімнің «тілдік уәжі аса жоғары, эстетикалық тұрғыдан да жағымды, екінші жағынан, есім қою негізінде президенттей танымал, халыққа сыйлы болсын деген интенция-ниеттен туындаған уәж жатыр». Сондай-ақ, маман елді магнитше үйірген Әлихан есімінің астарын былай ашып берді:
– Есімінің бірінші бөлігі араб тіліндегі «Ғалий, Әлий» биік, аса зор, асқақ, ұлық мағынасын білдіретін, ал екінші бөлігі көне түркі дәуірінен бастау алатын «қаған, қаан» сөздерінің аздаған фонетикалық деривация арқылы қазіргі қазақ тілінде «хан» тұлғасында қалыптасқан сөздердің бірігуінен жасалған күрделі антропоним. Балаға бұл есімді берудегі негізгі уәж – Алаш арысының есімін дәріптеуге қатысты меморативтік антропоним. Екіншіден, Әлихан есімінің тілдік семантикасы да өте жоғары, жағымды.
Әлеуметтанушы Айекешов есімдердің де «модасы» болады дейді. Көпшілік перзентіне сол кездегі «сәнді» саналған атқа жүгінеді. Сарапшының сөзіне қарағанда, кісі есімдеріндегі моданың қалыптасуы саяси жағынан өзгермелі. Қазіргі президент Тоқаев біраз отырып, мүмкіндігін тиімді пайдалана алса, ертең «Қасым, Жомарт және Қасым-Жомарттар көбеюі мүмкін».
– Мәселен, қазір жасы 30-40 жастағы адамдардың арасында Арман, Алмат, Алия, Роза дегендер көп. Екіншіден, қазақ халқы есім қоярда амбициясы басты орынға шығатын сияқты. «Хан», «бай», «бек», «сұлтан» деген тіркесіммен жиі қояды. Мансапта жолы болсын, өз ісінің шебері, нағыз маманы болсын деп емес, «басшы», «бай», «хан» болса екен деп ырымдайтын қате түсінік бар. Аталған екі есім де амбициясы бар есімдер. Оған қоса, Алихан есімі де тартымды, орысша мен қазақша оқығанда да ыңғайлы, – дейді ол.
Әлеуметтанушының бұл пікірін саясаттанушы да қолдайды. Нұрсейітов балаға ат қоюда моданың әсерін жоққа шығаруға болмайды деп ескертеді.
«Есімдер модасы» жөнінде тереңірек таратқан филолог Рысберген жалпы қоғам өміріндегі әрбір тарихи кезеңнің өз есімдер репертуары, әр заманның «өз геройлары» болады дейді. Ол репертуар уақыт өте тілден тыс түрлі факторлар арқасында өзгеріп, жаңғырып отырады, тарих сахнасына жаңа кейіпкер тұлғалардың есімдері шығады.
– Расында, байқасақ, 90-жылдардың кестедегі жиілігі 3374-тен басталған Нұрсұлтан есімінің жиілігі 2016 жылдан бастап мыңнан төмендей келіп, соңғы бір-екі жылда 300-ден төмендеп, 200-ге жеткен. Керісінше, 1991 жылы 116 басталған Әлихан есімінің қолдану жиілігі 30 жылға жуық уақытта 30 есеге өскенін, яғни 5929-ға жеткенін көреміз.
Бұл бір жағынан, ғылымдағы жалпы ономастикалық универсалия деп пайымдауға болады, яғни сыртқы саяси-әлеуметтік факторлар ықпалынан бір есім моделінің қолдану аясының тарылуы және екінші бір есімнің қолдану аясының кеңеюі. Қоғамда әр кезде есімге деген «мода» болады. Уақыт өте қоғам санасындағы құндылық шкаласындағы орны артады немесе кемиді. Екінші жағынан, Елбасының есімінің рейтінгінің төмендеуін қазіргі саяси дискурс аясында қарастыруға болады, қоғамдағы өтіп жатқан саяси, экономикалық дағдарыстың күрделене түсуімен, көптің үкілеген үмітінің ақталмағандығымен де байланысты болатын шығар, – дейді тілтанушы.
Қазақтың тұңғыш президенті кім? Биліктің қызғанышы...
«Қазақтың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев емес, Алашорда төрағасы, Алаш автономиясының атасы Әлихан Бөкейхан» деген пікір бүгінгі көзі тірі зиялы аға буынның аузында, тіпті кеңес дәуірінде айтылып жүрген сөз. Сұлтанхан Аққұлұлы бұл жайлы алғаш Әлихан тұлғасымен жете таныс емес, студент кезінде естігенін айтады.
– Дәл осы пайымды Әлихан тақырыбына келгелі, 1991 жылдан бері ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, қаламгерлерден талай естігенмін. Бұл халық жадында, елдің көкейінде берік қалыптасқан көзқарас. Алайда ресми билік тарапынан Әлиханға деген әлдебір қызғаныш бары айтылмаса да жұрттың көзі жеткен дүние. 2016 жылы Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткенде, үкімет тарапынан көк тиын ақша бөлінбегені, мерейтойлық шараларға мүлде атсалыспауы осыны аңғартты. Тағы бір жағдай – 2016 жылы Қарағанды облысындағы Октябрь ауданына Әлиханның есімін беру туралы алдымен мәслихат қарағандай болды да, аяқсыз қалды. Арада бес жыл өткеннен, жылымық басталғаннан кейін ғана ұлт перзентінің аты берілді, – дейді бүгінгі бас әлихантанушы.
Әлеуметтанушы Айекешов мемлекеттік насихаттың жоқтығы себепті Әлихандардың көбеюінде саяси себеп жоқ деп есептейді. Саясаттанушы Нұрсейітовтің пікірінше, билік тарапынан Бөкейханның өмір жолы мен саяси күресін насихаттау көптеп жүрмесе де, қоғамдық және саяси белсенділер, тәуелсіз зерттеушілер мен журналистердің алаш қайраткеріне құрмет көрсету, оның қайраткерлігін тануға әрі көпшілікке насихаттауға тырысуын байқамау мүмкін емес.
Ескерту: «Бөкейхан мен Назарбаевты қарсы қоюға болмайды»
Мемлекет тарапынан Әлиханға әлдебір қызғаныш барын айтқан алаштанушы ғалым «Әлихан Бөкейхан мен Нұрсұлтан Назарбаевты бір-біріне қарсы қоятын ешқандай негіз жоқ» екенін ескертеді.
– Айтпағым, бүгінгі Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп беріп кеткен, Тәуелсіздік алмаса да мемлекеттігін қайта жаңғыртқан қазақ елінің тұңғыш президенті – Әлихан Бөкейхан екені рас. Ал Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш президенті. Оның қаншалықты заңды сайланғанын уақыт көрсетеді, – дейді Сұлтанхан Аққұлұлы.
Тарихшы алға тартқан тарихи санаға қатысты жылымықты саясаттанушы да аңғарғанын айтады. Шалқар Нұрсейітов билік тарапынан да кейінгі кезде алаштықтардың мұрасына құрмет көрсетудің белгісі ретінде ескерткіштер қою, ғылыми зерттеулерге көңіл бөлуге тырысу секілді әрекеттердің жасалып жатқанын елемеуге болмас дейді.
Ономаст ғалым Рысберген «әр ірі қайраткер тұлғаның мемлекеттің азаматтық тарихындағы орнын терең ғылыми зерттеулермен, өлшеп-таразылап барып, салмақты тұжырым жасау арқылы анықталады» деген ұстанымда. Уақыт өте келе ол тұлғаның мемлекет тағдырындағы рөлін тарихтың өзі айқындап береді дейді.
«Әлихан» үстемдігі – халық жадының отарсыздануы ма?
Сұлтанхан Аққұлұлы Әлихан есімінің 30 жыл үздіксіз артуын «халық жадының отарсыздануы» деп бағалайды.
– Кеңессіздендіру, отарсыздандыру деген түсінік көп айтылып келеді. Халық 30 жыл бойы әлі де кеңестік жалған тарихнаманың, жалған идеологияның көлеңкесінде жүргенімізді шындап сезе бастады. Мұны билік мойындамайды да, айтпайды да, насихаттамайды да. Өйткені бұл өзінің ең үлкен кемшілігі. Отарсыздану-кеңессіздендіру саясатын жүргізіп, ұлттық идеологияны қалыптастыру керек еді. Тіпті мұны қасақана дамытпады деп нық сеніммен айтуға болады. Тек қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген мақаласынан кейін ғана сең аздап қозғалғандай болды, міне осы жылымықты халықтың өзі ары қарай кеңейтуі тиіс, – дейді ғалым.
Ал Шалқар Нұрсейітов бейресми статусы «ұлт көсемі» ретінде аталатын Әлихан есімінің көптеп қойылуына қарап, елде отарсыздану жүріп жатыр деп бағалау «деколонизация процесіне тым үстіртін баға беру» дейді.
– Әрине, кейінгі жылдары азаматтардың ұлт ретінде өзінің тамырын тануға ұмтылысы байқалады. Десе де халық жадының отарсыздануы секілді мәселелерге кешенді зерттеулер арқылы ғана баға беруге болады деп есептеймін, – деген пікірде саясаттанушы.
Сұлтанхан Аққұлұлының аңдауында, алаш қайраткерлерін, ұлтжанды зиялы қауымды баптап-тәрбиелеп өсірген Әлихан Бөкейхан халық жадында әрдайым шынайы ұлт көсемі болып қала береді.
Қазақстан мемлекеттілігін жаңа деңгейге түрленткен Алашорда үкіметінің құрылуына орай арнаулы дата бекітілмеген. Дей тұрғанымен елде 30 жылға жуық билік еткен, әлде де биліктің ең ықпалды тұсын уысында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 1 желтоқсан тұңғыш президент күні белгіленген. Сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері биліктің оның өзіне дейінгі мемлекеттік қайраткерлік жолында рөлі зор Кенесары хан, Әлихан Бөкейхан, Дінмұхаммед Қонаев сияқты саясаткер-көшбасшылардың насихатына жете мән берілмейтінін сынайды. Мұның астарында «бас жолбасшы – Назарбаев» ретінде әспеттеу пиғылы бар деп айыптайды. Қазақстанда экс-президент есімі ел астанасына, әуежайға, университетке, мектептерге, облыс орталықтарындағы орталық көшелерге, саябақтар мен спорт нысандарына берілген. Бірнеше қала мен астанада оған арнап ескерткіш қойылған.
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады