«Қорқытқым келді»: Атырауда төбелеске араласқан әке жігіттің құлағын кесіп алды

cover Фото: freepik.com

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында екі жігіттің арасында болған төбелес ушығып кетті, деп хабарлайды Orda.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі жас жігіттің арасында жанжал шығып, екеуі төбелесе жөнелген. Төбелесте біреуі жеңіліп қалған. Жеңілген баланың әкесі іске араласып, ұлын жеңген жігітті «әңгімелесуге» шақырған.

Ер адам жас жігітті тек қорқытуды көздеген. Бірақ қақтығыс барысында ер адам жігітке күш қолданып, құлағының бір бөлігін кесіп алған.

Зардап шеккен 24 жастағы жігіт шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оған хирургиялық операция жасалды. 

«2 қаңтарда Қызылқоға ауданының Миялы ауылында болған оқиғаға қатысты  «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында 49 жастағы күдікті өз ұлы (25 жаста) мен 24 жастағы жәбірленуші арасындағы жанжалға араласу кезінде  ас үй пышағымен жәбірленушінің сол жақ құлағына жарақат келтірген», — деді Атырау облысы ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Айта кетейік, Атырау облысында екі полиция қызметкеріне қатысты пара алды деген  күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар