Кентаудан – Нью-Йоркқа жеткен қыз

cover

Тоғжан Сұлтан – data scientist (деректер ғылымы) мамандығын меңгерген. Бүгінде АҚШ-та жұмыс істейтін ол әлеуметтік желінің адам өміріне қаншалықты әсер ететінін, Қазақстанда қаржылық алаяқтық не себепті көп және жұртты шулатқан Damumed бағдарламасы жөніндегі өз ойымен бөлісті.

Тоғжан Оңтүстік Қазақстанның Кентау қаласында дүниеге келген. Ол Назарбаев университетін тәмамдаған соң Нью-Йорктегі Колумбия университетіне түскен. Ол data scientist маманы. Сонымен бірге ол Bloomberg компаниясында жобалар жасап, Майкл Блумбергтің сайлау алды кампаниясына атсалысқан.  

Bloomberg  компаниясына қалай қабылдандыңыз?

Курстасым шағын стартап-компаниядан тәжірибе өтуге кеңес берді. Ол сол компанияның құрылтайшыларымен таныс екен. Америкада сенің түйіндемең (резюме) маңызды емес, таныстар мен байланыстарың болғаны керек. Неге десеңіз, мен секілді миллиондаған адам бар. Олардың арасынан озып шығу өте қиын. Үш ай тәжірибеден өткен соң, мені жұмысқа шақырды.

Онда ірі компаниялар үшін дата-жобалар дайындадым. Кәсіпорындардың тәуекелдерін талдауға жауапты Entreprise risk департаментімен жұмыс істедім. Bloomberg-те олардың негізгі өнімі

– Терминал бағдарламасы мәліметтер базасына қатысты қауіптерді қарастырдым. Бұл бағдарламадан кез-келген деректерді, жаңалықтарды табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, Bloomberg терминалда деректерді сатады. Олар өздерін Нью-Йорктегі қаржы әлемінің негізгі орталық жүйесі санайды.

Мен көптеген деректерді талдап, зерттеп шығып, қауіптердің алдын-алуға болатын құрал дайындадым. Бизнесте туындаған қандай да бір мәселені ертерек шешпесе, ол әр сағат сайын миллиондаған доллардан айрылуы мүмкін. Ал біз оларға мұндай қауіпті ертерек анықтап, тез шешуге көмектесеміз.

Из Кентау в Нью-Йорк: как казашка работала на Блумберга

– Ал Майкл Блумбергтің сайлауалды кампаниясында қандай жұмыс атқардыңыз?

Майкл Блумберг демократтар мен Джо Байденнің жеңіске жетуіне көмектескісі келді. Содан техникалық жағына жауапты стартап-компания құрды. Мені ол жерге білікті маман ретінде ұсынды. Онда түрлі жобалармен айналыстым. Ол жерге адамдарды көптеп жұмысқа қабылдағанымен, мамандар жетіспеді, уақыт та тапшы болды. Сондықтан әлеуметтік желілерде талдау жүргізуге де көмектестім. Яғни әлеуметтік желіде адамдардың ізденісін (таргет) қарастырып, қызығушылығына байланысты кімге қандай жарнама көрсету керектігін анықтап отырдық.

Блумберг барлық штаттар дауыс берген соң, өзінің айтарлықтай дауыс жинай алмайтынын біліп, бұл жарыстан шығып кетті.

2020 жылғы сайлау 2016 жылғы сайлаудан күрделірек болды. Өйткені барлық ойыншылар әлеуметтік желілердің маңызын түсініп, оны барынша пайдасына жаратуға тырысты. Сайлауға басқа факторлар да әсер етті. Мәселен, 2020 жылы демократтардың басты мақсаты Дональд Трампты жеңу болды. Кандидаттарды соған сай таңдады. Байден әлеуметтік желідегі белсенділігі үшін немесе жақсы жарнамаланғаны үшін жеңген жоқ. Барлығы оның Трампты жеңетініне сенді.

– Назарбаев университетінде экономист мамандығын оқығансыз. Не себепті мамандығыңызды ауыстырып, деректер ғылымын таңдадыңыз?

 – Менің экономикада да, data science саласында да тәжірибем болмады. Сондықтан да олардың өзара айырмашылығын ұғына қоймағанмын. Бұл орайда шешім қабылдауыма Назарбаев университетіндегі шетелдік профессорлар көмектесті. Олардың сараптамадан тәжірибесі көп болды. Мен дәстүрлі экономиканы оқығым келмеді. Сондықтан программалауға қатысты пәндерді көптеп таңдадым. Деректер бағыты мен үшін қолайлы боп көрінді.

Из Кентау в Нью-Йорк: как казашка работала на Блумберга

– Колумбия университетін таңдау себебіңіз қандай?

Оқу орнын таңдағанда оның атағы мен ұстаздар құрамына аса мән бермедім. Мен ертеден Нью-Йоркте тұруды армандайтынмын. Сондықтан да Нью-Йорк және Колумбия университетіне өтініш тастадым. Екеуі де менің талаптарыма жауап бере алатын. Сондай-ақ менің магистратурам біліммен ғана құнды болып қалмай, сонымен бірге тәжірибе мен жаңа таныстармен есте қалғанын қаладым. Мен Нью-Йоркті өз мүмкіндіктеріңді ашуда таптырмас орын деп санайтынмын.

–Колумбия мен Назарбаев университеттерінің айырмашылығы жөнінде не айтар едіңіз?

– Оқыту жүйесі бірдей. Сондықтан бұл орайда қиындық туындамады. Бірінші семестрде статистиканы оқыдық. Тура Назарбаев университетінде оқыған кітаптармен оқып, сол тапсырмалар берілді. Бір ерекшелігі, біздің елде аудиторияларымыз шағын болғандықтан, профессорлар әр студентке уақыт бөле алады. Ал үлкен университетте бұл жағы күрделірек. Онда бір дәріске бір сәтте 200-300 адам қатысады. Студенттердің өзара бәсекелестігі өте жоғары. Яғни көзге түсу үшін көп еңбектенуің керек.

– Сіз енді деректер ғылымының маманысыз. Соның ішінде әлеуметтік желі деректеріне де қатысыңыз бар. Әлеуметтік желілер біздің жеке басымызға қатысты қандай мәліметтерді біледі?

Егер сіз орта деңгейлі қолданушы болсаңыз, әлеуметтік желі сіздің телефоныңызды, мекен-жайыңызды, арасында карта нөміріңізді, сіздің мінез-құлқыңызды, неге мән беретініңізді біледі. Онлайн-мінез-құлқыңызға қарай сіздің психологиялық портретіңіз жасалады. Жарнаманы соған байланысты көрсетіп отырады. Егер адам әлеуметтік желіні саналы түрде қолдана алмаса, ол оңай басқарылады.

Facebook-та жеке деректердің таратылып кеткеніне байланысты көп даулы оқиғалар болды. Жақында ғана олардың базасынан желіге 50 млн қолданушының телефон нөмірі таралып кетті. Мен барлық әлеуметтік желілерге тіркелгенмін бірақ оның қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін. Сондықтан ол жерден көрген әрбір ақпаратқа сын көзбен қараймын.

Оқыған ақпаратымды көре салып, жұртқа таратуға асықпаймын. Бірінші ол жайлы басқа дереккөздерді зерттеп, зерделеп аламын. Сондай-ақ жеккөрушілікке итермелейтін жазбаларды таратпаймын. Желідегі өз әрекетіме жауап беремін, сондықтан кез-келген ақпаратқа үлкен жауапкершілікпен қараймын.

– Әлеуметтік желілерден өзге бағдарламалар мен интернет-платформалар да біз туралы деректерді жинайды. Оларды қолдану қаншалықты қауіпсіз?

– Дерек қауіпсіздігінің неше түрі бар? Қазір барлығын деректерді хакерлерден сақтау мәселесі алаңдатады. Америка компаниялары бұл мәселеге келгенде өте жауапты. Олар осал тұсынан опық жеп қалмау үшін, қосымша амал-әрекеттерге көшіп жатады. АҚШ-та соңғы жылдары жеке дереккөздердің таралып кетуіне байланысты даулы оқиғалар көп болды.

Үлкен көлемде айыппұл төлеген компаниялар да бар. Бұл осы саладағы экожүйені бір сілкіп алғандай болды. Мен қазіргі күні деректерді қолданудың дұрыс-бұрыстығын үйрететін тренингтерге қатысып, оқып, біліп жатырмын. Бірақ бар жауапкершілік қашан да адамның өзінде. Біз кілтсөзді ауыстырып, cookies тазалап, қолданбас бұрын келісімшартпен танысуымыз керек.

Из Кентау в Нью-Йорк: как казашка работала на Блумберга

– Әлеуметтік желі қоғамдық өмірге қалай әсер етіп жатыр, көзқарасыңызбен бөліссеңіз?

– Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат көп. Бұл адамдардың теріс шешім қабылдауына әкеп соқтырады. Мәселен, АҚШ-та кейбір саясаткерлер әлеуметтік желілерде ашық өтірік айта салады. Адамдар оның өтірік сөзіне шын сеніп, өзара қырылысып жатады. Бұл қоғамда қарама-қайшылық тудырады. Адамдар көп жағдайда ұнатқан адамын көшбасшы ретінде таңдайды, алайда оның тәжірибесі мен кәсібилігіне мән бермейді.

– Қарапайым желі қолданушыларына қауіпсіздік жөнінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Барлық оқыған ақпараттарыңызды зерттеңіз. Өзің жайлы қандай деректер жиналатынын тексеріп тұру керек. Мәселен, мен үнемі cookies-ті тазалап отырамын. Телефонның геолокациясын өшіріп қоямын. Кейде VPN қолданамын.

– Қазақстандық шенеуніктердің бәрінде әлеуметтік желіде аккаунттары бар. Оны арнайы адамдар жүргізіп отырады. Бұл қаншалықты керек? Аккаунт жүргізудің дұрыс жолдары жайлы айтыңызшы.

– Біріншіден адам кәсіби тұрғыда өте білікті болуы керек. Ал аккаунт жүргізу әркімнің өз еркіндегі дүние. АҚШ-та көбінде шенеуніктер әлеуметтік желіде белсенділік танытады. Олар өздеріне дауыс беретін электорат құрғысы келеді. Аумақтағы шенеуніктер әлеуметтік желіде өздерін өте қарапайым ұстайды. Әрине, шенеуніктердің халықпен байланыста болғаны жақсы.

Бірақ Америкада адамдар өзі ұнатқан кандидатына ғана дауыс береді. Бұл жерде ірілі-ұсақты қала мен аудан әкімдіктеріне сайлау жиі өтіп тұрады. Егер, біз әлеуметтік желіні қолданатын әрбір кандидатты көтермелей берсек, бұл үрдіс сәнге айналып, жұмыстан гөрі әлеуметтік желіге көбірек мән беріп кетеді.

– Қазақстанда банк клиенттерінің жеке деректеріне қол жеткізіп алған алаяқтар көп. Мұның себебі неден болуы мүмкін?

– Қаржылық алаяқтық барлық дамыған елдерде жиі кездеседі. Ал Қазақстан нарығы шағын болғандықтан, мұндай оқиғалар тез байқалады. АҚШ-та банктер қауіпсіздік мәселесіне қатты мән беріп, бұл жолға ақшаны аямайды. Олар өз тұтынушыларына картасындағы деректерді ешкімге айтпауды ескертіп, парольдерін жиі ауыстырып отыруға кеңес береді.

Америкалық банктер осылайша өз мүддесі үшін аянбай жұмыс істейді. Олар ел есінде «қауіпсіздігі осал банк» ретінде қалғысы келмейді. Тіпті картадан ақшаны тұтынушының өзі алды ма, жоқ па, анықтап отыратын бүтіндей бір департамент жұмыс істейді. Ал Қазақстандағы банктер заңды тұрғыда бұл мәселені қалай шешетінін білмейді.

Америкада банкке қатысты барлық үрдістер мемлекеттің тікелей қадағалауымен жүзеге асады. Меніңше қазақ үкіметі де нақты бір заң қабылдап, тәртіп орнатуы керек. Мәселен, картадан ақша ұрланса, оны кім және қалай өтеуі керек дегендей.

казашка в Америке

– Қазақстанда көп шу тудырған Damumed медицицналық бағдарламасы бар. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ әлі де дұрыс іске қосылмады. Мұндай жаңалықтарға қалай қарайсыз?

– Меніңше орталықтан басқарылатын жүйенің болғаны – өте оңтайлы шешім. Солайша көптеген қиындықтарды шешуге болады. Мен мұндай өнімді қолданар едім. Техникалық осал тұстарын қашан да түзете салуға болады. Жалпы, барлық өнімдерді тестілеуден өткізіп, дамытып, отыру керек. Өйткені мұндай жаңа дүниелер бірден керемет боп шыға салмайды.

Сондықтан да бірінші шағын аудандар мен емханалардан бастап көру керек еді. Сыннан өткен соң ғана оны толық қолданысқа ұсынуға болады. Ал Америкадағы денсаулық сақтау жүйесін әлем бойынша ең нашар жүйе деп айтар едім. Бұл мұндағы ең басты мәселе. Ештеңе жолға қойылмаған, ұйымдастырылмаған. Бұл жерде біздің елдегідей қосымшаның жақын арада пайда болмайтыны анық.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай? Қазақстанға ораласыз ба?

– Бүгінде мен Private Equity компаниясында жұмыс істеп жүрмін. Олар ғимараттар мен шағын компанияларды сатып алып, жақсартып, қайта сатумен айналысады. Деректерді талдап, қауіптерді анықтаймын. Болашағымды нақты жоспарлап қоймадым. Мен әр күнімді өнімді өткізуге тырысамын. Болашақта Америкада тұрам ба, жоқ па білмеймін. Егер, жақсы жобалар болса, оны еркін жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, Қазақстанда қуана жұмыс істер едім.

Тоғжан Сұлтан 11-20 маусым аралығында өтетін Go Viral фестиваліне спикер ретінде қатысады. Бұл жоба Алматының Hide Park-інде, сондай-ақ – Душанбе, Ташкент, Бішкек сынды қалаларда өтеді.

Авторы: Анна Даниловская

Аударған: Сабина Зәкіржанқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар