Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінді

cover

Жамбыл және Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан аумағында жер сілкінді, деп хабарлайды Orda.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-ның мәліметінше, 2025 жылғы 6 қазан күні Астана уақытымен сағат 01:29-да жер сілкінісі тіркелді.

Алдын ала деректерге сай, дүмпу Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында сезілген.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан шамамен 465 шақырым қашықтықта, Қырғызстан аумағында орналасқан. Координаттары – 42.270° солтүстік ендік және 71.378° шығыс бойлық, тереңдігі – 10 км.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13,3, магнитудасы MPV 5,9 болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сәйкес, дүмпу бірқатар елді мекендерде 2–4 балл аралығында сезілген:

• Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылы – 4 балл (63 км)

• Тараз қаласы – 4 балл (68 км)

• Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы – 4 балл (82 км)

• Жамбыл ауданы, Аса ауылы – 4 балл (87 км)

• Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов кенті – 4 балл (89 км)

• Төле би ауданы, Ленгер қаласы – 3 балл (123 км)

• Қаратау қаласы – 3 балл (124 км)

• Манкент, Ақсукент, Сайрам, Шымкент – 3 балл (124–146 км)

• Мерке, Қазығұрт, Темірлан, Шаян – 3 балл (161–184 км)

• Жаңатас, Сарыағаш, Арыс – 2 балл (196–213 км)

• Келес, Шу, Шолаққорған – 2 балл (226–250 км)

• Отырар, Мойынқұм, Кентау, Түркістан – 2 балл (253–280 км)

• Қордай, Мырзакент, Шорнақ, Жетісай, Шардара – 2 балл (286–305 км)

Earthquake Alerts System хабарлауынша, жер сілкінісінің магнитудасы 5,4 балл болды. Сілкініс ошағы Қырғызтандағы Жалал-Абад облысының батысындағы Қара-Буура ауданында, Өзбекстан шекарасына таяу маңда тіркелді. Қырғызстандағы жер асты дүбпулері Бішкекте және шекаралас өңірлерде сезілді.

Сонымен қатар, Өзбекстан астанасы Ташкенттің тұрғындарды да зілзаланы сезді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында вице-министр Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен жедел жиын өтті. Бейнеконференция барысында өңірлердегі қазіргі ахуал қаралды.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, ТЖМ күштері мен техникалары кез келген жағдайға әрекет етуге толық дайын. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түспеген.

«Төтенше жағдайлар министрлігі ахуалды үздіксіз бақылап отыр және өңірлермен тұрақты байланыста», – деп хабарлады ведомство.

Министрлік азаматтарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздерінен мәлімет алуға шақырды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар