Қазақстанның қай өңірінде су тасқыны қаупі төніп тұр?

cover Фото: ТЖМ баспасөз қызметі мұрағатынан

Еліміздің кейбір өңірлерінде қардың еруіне байланысты көктемгі су басу қаупі сақталып отыр, сонымен қатар тиісті қызметтер су деңгейін тұрақты бақылауда ұстап, кей өңірдегі су тасқынының шарықтау шегі дәстүрлі түрде осы кезеңге сәйкес келетінін айтады, деп хабарлайды Orda.kz.    

2026 жылғы наурыз айының соңындағы жағдай бойынша Қостанай облысындағы су тасқынына қатысты саяжай тұрғындарының алаңдаушылығына қарамастан, құтқарушылар тарапынан тұрақты деп бағалануда.

Құтқарушылар Қостанай облысындағы жағдайдың тұрақты екенін хабарлағанымен, қала маңындағы тұрғындар су деңгейінің көтерілуі мүмкін екеніне алаңдаулы.

 

Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров 2026 жылғы 27 наурызда ТЖМ-де өткен брифингте Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елдің оңтүстік өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі бәсеңдеген.

«Қазір су тасқынының шарықтау шегі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары аумақтарында өтіп жатыр. Сонымен қатар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Абай облысы да бақылауға алынған», – деді Жылқайдаров.

Оның брифингте айтуынша, су тасқыны кезеңі басталғалы республика аумағында Абай облысында жеке тұрғын үйлерді су басудың 6 жағдайы тіркелген. Жағдай ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашынның түсуінен болған. Қазіргі таңда бұл жағдайлардың барлығы бақылаудан алынған.

Автомобиль жолдарында барлығы 22 су асу және бір жолды шайып кету фактісі тіркелген. Қазір 5 су тасуы мүмкін аймақ бақылауда тұр.

«Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Елдің 13 өңірінде 196 елді мекенді қамтыған 29 әуе бақылауы өткізілді. Әуеден бақылау жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе облысында қар жамылғысының үлесі 16%, ал Батыс Қазақстан облысында 19%. Болжам бойынша бұл өңірлерде ауа температурасы 20–23 градусқа дейін көтеріліп, қар толық еріп, су тасқыны кезеңі аяқталуға жақындады», – деп қосты ТЖМ өкілі. 

Бұған дейін Атбасар қаласын су басу қаупіне қатысты да тұрғындар тарапынан алаңдаушылық болған еді.

Ал енді Қостанай облысына келетін болсақ, өңірдегі ТЖД баспасөз қызметі мен құтқарушылар су тасқыны туралы жағдай тұрақты екенін хабарлады.

«Денисов ауданында Набережное ауылынан 4 шақырым жерде, қардың қарқынды еруіне байланысты Аршалы мен Набережное ауылдарының арасындағы жергілікті маңызы бар автожолдың үстінен су асып кеткені тіркелді. Елді мекендерге қауіп жоқ, көлік қатынасы бұзылған жоқ. Балама ретінде Набережное ауылына баратын топырақ жол бар», деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі. 

ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылғаны да айтылды.

«Қостанай ауданындағы Мичурино ауылында қардың қарқынды еруіне байланысты «Мелиоратор» бау-бақша қоғамы жағынан келген су Астана және Восточный шағын аудандары бағытына қарай ағуда. Тұрғын үйлер мен аула аумақтарын су басу қаупі жоқ. Оқиға орнында ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ полиция қызметкерлері жұмылдырылған» деп жазылған хабарламада.     

Құзырлы мекеменің хабарлауынша, қазіргі уақытта Восточный шағын ауданында еріген суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қонай шағын ауданында да қауіп жоқ. Жағдайды бақылау мақсатында құтқарушылар дронды пайдаланып әуеден тексеру жүргізді.

 

ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, жалпы алғанда Қостанай облысы бойынша жағдай тұрақты, барлық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Еске салсақ, биылғы наурыз айының басында елімізде  су тасқыны қаупі жоғары 1242 елді мекен анықталып, бес өңірде тасқын қаупі күшейіп отырғаны туралы жаздық. Сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ықтимал қауіптің алдын алу үшін 39 мың адам, 18 мыңнан астам техника және арнайы құралдар дайындалғанын айтты. Сонынмен қатар ол барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшкенін, егер жағдай қиындай түссе, қажетті шешімдер жедел қабылданатынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар