Қазақстандықтар мемлекеттік сатып алу заңдарын бұзғаны үшін сотталды

cover Фото: Ашық дереккөзден

Бас прокуратура мемлекеттік сатып алу саласындағы шикіліктер туралы айтты, деп хабарлайды Orda.kz порталы.

Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы жоспарлаудан бастап тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді қабылдауға дейінгі кезеңдерде барлығы 2,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды.

«Қабылданған шаралармен мемлекет кірісіне 10 миллиард теңге өндірілді. Мысалы, Жамбыл облысы Таразда жылу магистралін реконструкциялау конкурсы бойынша әлеуетті өнім берушілерге негізсіз талаптар белгіленгені анықталды. Ақмола облысында жекелеген аудандық әкімдіктер жобалық сметалық құжаттаманы әзірлемей блоктық-модульдік қазандықтарды сатып алмақшы болған» делінген хабарламада. 

Заңсыз конкурстардың күші жойылды.

"Осы облыста арнайы прокурорлар "Жайлау Сити" тұрғын үй құрылыс кооперативі және "Құрылтай" көппәтерлі тұрғын үй кешенін сыртқы электрмен жабдықтау желілерін салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді. 30.10.2023 жылы Целиноград ауданы Құрылыс бөлімінің басшысы С. және «Еңбек-Аршалы» ШЖҚ РМК директоры А. 7 және 8 жылға тиісінше бас бостандығынан айырылды, «Астана ЭлектроСтройКомплект» ЖШС директоры С. – 7жылға шартты түрде сотталды».

Аталған салада мәселелерді анықтау үшін былтырғы жылдың аяғында Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдарда тексерулер жүргізілген болатын. 

«Мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларын екіұшты қолдану, ішкі мемлекеттік аудит органдары актілеріне қарсылықтарды ұзақ қарау және басқа да бұзушылық фактілері анықталды. Қорытынды бойынша Үкіметке ұсыныс енгізілді. Қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсарту, оның ішінде заңнаманы жетілдіру жолымен іс-шаралар көзделген Жол картасы әзірленді» делінген хабарламада.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар