«Қазақстандағы педофилия сұмдықтары»: Жалғыз басты ерлердің бала асырауы қылмысты өршітпей ме?
Жақында Конституциялық сот жалғызбасты ер адамдардың бала асырап алу құқығын шектеуді заңсыз деп таныған болатын. Алда үкімет алты айдан кешіктірмей, осы мәселені талқылап, шешім қабылдайды.
Orda.kz балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық өршіп бара жатқан соң, жалғыз басты ер адамдардың бала асырап алуы жайлы бұл мәселені жан-жақты саралап, құқық қорғаушыларға хабарласып, Алматыдағы балалар үйіне барып қайтқан болатын.
Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваға хабарласқанымызда ол бұл балаларды заңды некеге тұрмаған ер адамдарға асырап алуға тыйым салуды сақтау қажет деген ұстанымды жолдағандарын айтты.
«Бұл мәселе талқыланып жатқанда мен және балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолданыстағы заңнамадағы балаларды заңды некеге тұрмаған ер адамдарға асырап алуға беруге тыйымды сақтау қажет деген ұстанымды жолдадық.
Конституциялық соттың шешімін ескере отырып, заңнамаға енгізілген өзгерістерді пысықтау кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық механизмдерін көздеу қажет деп санаймын. Бала асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды арттыру, сондай-ақ асырап алушы ата-ана мектебінде оқуды және оны аяқтау процесін қайта қарастыру қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар, бала асырап алушы ата-аналарды Балаларды қолдау орталықтарымен одан әрі сүйемелдеуді көздеу қажет», — деді Динара Зәкиева.
Үкімет дерегіне сүйенсек биыл ҚР-да 22 081 бала ата-анасыз қалды. Елімізде ол балаларды қарауына алатын 116 ұйым бар. Балалар ғана емес, жақындары теріс айналған, болмаса дүниеден өткен қарттардың жағдайы да назар аударарлық мәселе. Қазақстан аумағында 280-нен аса қарттар үйі бар.
«Туған әкесі тік ішегінен зорлады»
Orda.kz тілшісі Алматыдағы «Перзент» балалар үйіне барып, ата-анасыз қалған балалардың жағдайын біліп қайтты. «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина қажы Әжібаева 1995 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқандарын айтты. Жастайынан 4 өгей шешені көріп өскен Әмина Әжібаева бұл заңға түбегейлі қарсы екенін айтты. Оның ойынша бұл заң педофилияның көбеюіне әкеледі.
«Мен жеке меншік балалар үйімдегі баланы асырап алуға бермеймін. Ертең ол баланың әке-шешесі табылып жатса, мен балаңды беріп қойып едім деп қалай айтамын? Сондықтан тек балаларды қамқорымызға аламыз. Ал мына заңды толығымен дұрыс емес деп санаймын. Бала асырап алушылар жұп болып келуі керек. Мен 4 өгей шеше көрген адаммын. Анам қайтыс болғанда, «мынау қыз бала ғой» деп басымнан сыйпағанын көрмедім. Біреудің баласы біреуге бала болмайды», — деді Әмина қажы.
Оның айтуынша, «Перзент» балалар үйіне туған әкесі тік ішегінен зорлаған 3-4 жасар қызды әкелген оқиға болған. Ол осы оқиғаны айтып өз баласына зорлық көрсетіп жатқан кезде, өзгенің баласын асырап алған адам мұндай зорлыққа баруы әбден мүмкін екенін айтты.
«Мына заманда өзінің туған баласына зорлық көрсетіп жатқанда, біреудің баласын алған еркек бүгін басынан сипайды, ертең сөзсіз зорлайды. Сонда бала қайда барады? Жалғыз басты әйел де, жалғыз басты еркек те бала асырай алуы мүмкін емес. Маған өгей шешелерім мейірім танытпады. Ертең жалғызбасты әйел күйеуге шықса баланы тастап кетеді. Ал еркек ол балаға зорлық көрсетеді.
Жоғарыда отырғандар қайдағы-жоқты шығармасын. Бала асырап алғанда, ерлі-зайыптылар екеуі бірігіп тұрып жауапкершілікті мойындарына алуы керек. Осы баланы бірігіп өсірейік деп. Ертең Қазақстанға бес теңгелік тіршілік жасап, еңбек ететін азамат болсын. Осы баланы адал қылайық. Сауап іс жасайық деп ойлайтын ерлі-зайыпты болуы керек», — деді Әмина Әжібаева.
Қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру жобасы
Orda.kz осы мәселеге қатысты әлемде болған ерекше тәжірибені үкімет пен елдің назарына ұсынады. АҚШ-та мынадай эксперимент болды. Қарттар үйі мен балалар үйін біріктіруде, яғни мұнда қамқоршысынсыз қалған екі жақтың бір-бірімен уақыт өткізуі, көңіл бөліп, мейірімге бөлеуі көзделді.
Ең танымалы Канададағы балалар үйі мен қарттар үйін біріктіру жобасы. Мұнда қарттар мен балалар күн сайын бірге уақыт өткізіп, әр түрлі іс-шараларға қатысып отырды. Бұл балаларға үлкендерден үйренуге, ал қарттарға жалғыздығын ұмытып, қуанышты сезінуге көмектесті. Тағы бір тамаша нәтиже көрсеткен жоба Сиэтлде Providence Mount St. Vincent мекемесінде жасалды. Ол 1991 жылдан бері балалар мен қарттар арасындағы байланыс орнату бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл сәтті өткен тәжірибелер жайлы батыстық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын.
«10 жылдан аса екі қызын зорлап келген әке»
«Аманатқа қиянат жасама»
Қазақтың тыйым сөзі
Orda.kz қоғамдағы мұндай оқиғаларды бұған дейін де жазды. Биыл эпилепсиямен ауыратын қызды зорлаған 5 баланың әкесі жұрттың төбе шашын тік тұрғызған болатын. Кеше ғана өзінің екі қызына 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны 1965 жылғы Ахмет Сулаев 25 жылға сотталды.
Orda.kz қыздардың құқығын қорғаушы Айман Омароваға хабарласқан болатын. Ол бұл зорлық-зомбылыққа қыздардың анасы көз жұмып келгенін айтты. Зорлық көрсетіп жатқан сәт аудиожазбаға түсіп қалған. Осы бұлтартпас айғақпен қатар қылмыс орнынан қыздардың әкесінің биоматериалдары табылды.
«Өз басым жалғыз басты ер адамдардың бала асырап алуына қарсымын. Біз жүргізген өзінің екі қызын зорлаған азамат екі қызының пәктігін алған және ай сайын етеккірлері келгенін тексеріп отырған. Ондағысы қыздардың жүкті болып қалмағанын білу үшін тексеріпті. 10 жылдан аса қыздарды тік ішегінен, аузынан зорлады. Айғақ болатын аудиожазбалары бар. Сол аудиожазба үшін ұрып-соққан. Ол қыздарды Алматы өзенінің жағасына апарып зорлады. Мүшеқапты орап, сүрткілерді сол жерге тастай берген. Оны сот сараптамасы үшін жинап алып келді. Қазір ол сот шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылды», — деді Айман Омарова.
Сондай-ақ, адвокат Айман Омарова әке мен ананың айырмашылығы жайлы айтып, егер заң енгізілсе, ер адамға талаптарды күшейту керектігін айтты.
«Елімізде ерлер мен әйел құқығы бірдей. Біз теңбіз. Педофилия қаупі ерлер бала асырап алса да, әйелдер бала асырап алса да бәрібір бар. Педофилия тек қана ер адамға қатысты әңгіме емес. Соның ішінде кішкене балаларға зорлық көрсететін әйелдер де бар. Бұл заңды қабылдаған күннің өзінде ер адамға ерекше талаптар қойылуы керек. Себебі әйел адамның ерлерге қарағанда айырмашылығы бар. Әйелде аналық инстинкт бар. Сондықтан ол баланы қамқорына алып, бауырына баса алады. Ал ер адам табиғатынан бала босана алмайды. Мен ер мен әйел теңдігіне қарсы емеспін. Бірақ бұл заңды қабылдағанда абайлап, асықпау керек. Қазіргідей педофилия ушығып келе жатқан кезде, бұл өте маңызды тақырып», — деді Айман Омарова.
«Өгей әкесімен көңіл қосқан»
Сондай-ақ, Айман Омарова өздеріне хабарласқан бір әйелдің оқиғасын баяндап берді. Ерлі-зайыптылар бір ұл баланы асырап алған көрінеді. Уақыт өте келе әйелі күйеуі мен ұлының үстінен түседі. Ақыры күйеуі мен өгей ұлы қосылып, шетелге жолдама алып кетіп қалыпты.
«Бізге бір кісі жылап қоңырау шалды. Басында оқиғаны ұқпай қалдық. Күйеуі ұрып-соғатын шығар деп ойлап қалдық. Сөйтсек ерлі-зайыпты бір ұл баланы асырап алған көрінеді. Қазір ол бала кәмелеттік жасқа толған. Бір күні әйелі күйеуі мен өгей ұлының құшақтасып жатқанын көріп қалады. «Сен бұл баланың өмірін құрттың ғой. Бұрыннан бері осылай істеп келесің бе?» десе, өгей ұлы «бұрыннан бері біз бір бірімізді сүйеміз» деп жауап беріпті. Қазір олар виза аштырып, шетелге кетіпті. Сонда әкесі мен өгей ұлының арасында жыныстық қатынас болып отыр. Сондықтан анасы болмаған жағдайда, мен ер адамның асырап алуына қарсымын», — деді Айман Омарова.
Қорыта келе айтарымыз, бұл конституциялық сот жасаған тұжырымға қатысты көптің көкейінде туатын сұрақтар бар. Заңды қабылдаған конституциялық сот жалғыз басты ер адамдардың балаларға зорлық-зомбылық көрсетпейтініне қалай кепіл бере алады? Туған баласына зорлық-зомбылық көрсетіп жатқан оқиғалар қаптап тұрғанда, жалғызбасты ер адамдар асырап алған балаға қиянат жасаса, кім жауап береді?
Бұл бала тағдырына қатысты заң болған соң, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Педофилия Қазақстанның болашағына қауіп төндіретін ауыр қылмыс. Педофилден қорлық көріп, ауыр моральдық, психологиялық соққы алған сәбилердің ер жетіп, қоғамдық өмірге араласып кетуі өте қиын. Бұл мәселеде үндемей қалуға болмайды. Қоғам болып осы заң күшіне енбей тұрып назар аударуымыз керек.
Жаңалықтар
- Желіде әскери техниканы түсірген қорғаныс министрінің әйелінің бейнебаяны талқыланып жатыр
- 4 адамның өліміне себепші болған жүргізуші 5 жыл арқалады
- «Олар бізді пышақтап кетеді»: Қызылордадағы қыздың анасы Orda.kz-ке сұхбат берді
- Ақтөбеде бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге жұмсағандар анықталды
- Светлана Жолманова 2 айға қамалды
- 5 жылға созылған Лиза Пылаеваның ісі: айыпталушылардың бәрі ақталды
- «Бір адам көз жұмды»: Бокстан ұлттық құрама жаттықтырушысын атып кетті
- Қарағандыда ер адам 17 жастағы жігітті соққыға жықты
- «Ломбарқа өткізген»: Алматыда фельдшер науқастың алтынын шешіп алған
- Президенттікке кандидат болған экс-депутат өгей қызын зорлап, дүниесін тартып алған
- «Көкшетаудағы сыз үйге мәслихат төрағасы келді»: Ол қарт анаға қалай көмектеспек?
- «182 мың теңге үшін»: Теміртауда қылмыскер әйел 3 жылға сотталды
- «Зорлаған»: Өз пәтерінен мәйіті табылған жас дәрігерді танысы қасақана өлтірген
- Қазақстанның сыртқы қарызы 3 миллиард долларға өсті
- Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз бейтаныс адамдар қысым көрсеткенін айтты
- Полиция Талғар маңындағы атысты жоққа шығарды
- Шу ауданында ер адамның балаларына 11,2 млн теңге қарызы бар екені анықталды
- Астанада 18 млн доллар айналымы бар Sax Invest қаржы пирамидасы құрықталды
- Lenovo директорының өліміне қатысты күдікті ұсталды
- «Анам сатып жіберді»: құлдықта болған малшы мен баласының ауыр тағдыры