Қазақстан өнеркәсібі неден зардап шекті

cover Фото: gov.kz

Қазақстан өнеркәсібіндегі жағдай мәз емес: тамыз айында S&P деректері бойынша бұл сектордағы іскерлік белсенділік индексі теріс мән аймағына өтті. Қазақстан өндірісінде не дұрыс емес екенін және неге ел көрші мемлекеттерден қалып келе жатқанын Орталық Азия бойынша шетелдік сарапшы Стивен Блэнд айтып берді, деп хабарлайды Orda.kz.

The Times of Central Asia газетіне жазған мақаласында Стивен Блэнд өндіріс саласындағы іскерлік белсенділік индексі маусым айынан бері 50 бірліктен төмен деңгейде тұрғанын атап өтеді. Бұл – іс жүзінде теріс аймаққа түсу дегенді білдіреді (50-ден төмен – құлдырау, 50-ден жоғары – өсу). Оның үстіне бұл көрсеткіш 2022 жылғы наурыз айынан бері ең төмен деңгейге дейін жетті.

«Айтарлықтай экономикалық құлдырау табысты жылдан кейін болды: 2024 жылғы желтоқсанда іскерлік белсенділік индексі 11 ай бойы өсу нәтижесінде рекордтық 53,9 деңгейіне жетті. Пандемиядан кейінгі қалпына келу және мемлекеттік қолдау есебінен 2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,8 пайызға өсті – бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл жалпы ішкі өнімді бес пайызға арттыруға көмектесті» деп жазады Стивен Блэнд. 



Алайда 2025 жылы бұл жетістікті қайталау мүмкін болмады, өсім құлдырауға алмасты. Ендеше, Қазақстан өнеркәсібінде не дұрыс емес? Экономикалық керемет неге жүзеге аспады?

Сарапшының айтуынша, тамыз айында қазақстандық өнімге деген сұраныс сыртқы нарықтарда да, ішкі нарықта да төмендеді. Бұл соңғы он тоғыз ай ішінде алғашқы жағдай. Сұраныстың төмендеуі салдарынан кәсіпорындар шикізат сатып алуды және жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болды. Ал шығындар өсті – бұған әлсіз теңге бағамы мен жанармай бағасының өсуі сияқты факторлар әсер етті. Жабдық пен шикізатты импорттау қымбаттап, логистика күрделене түсті, сол себепті кәсіпорындар өнім бағасын жоспарлағаннан тезірек көтеруге мәжбүр болды.

Оған қоса, қазақстандық өнеркәсіптің төбесінде салықтардың ауыр салмағы қара бұлттай үйірілді. Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгенімен, бизнес өкілдерінің еңсесі қазірдің өзінде түсіп кеткен.

«Салықтар расында да ауыр жүкке айналып барады. 2025 жылдың ортасында қабылданған жаңа Салық кодексінде металл өндіру бойынша роялти мөлшерлемелерін көтеру қарастырылған – бұл металл өңдеу өнеркәсібіне соққы болып тиюі мүмкін. 2025 жылдың тамызында жылдық инфляция 12,2 пайызға жетті. Ұлттық банк бағаның өсуін тежеу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде – 16,5 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Бұл бизнестің қаржы тартуын қиындатып, маржиналдық табыстың төмендеуіне және сенімсіздіктің артуына әкеліп соғады», – дейді Стивен Блэнд. 


Тамыз айындағы зерттеулер көрсеткендей, қазіргі таңда қазақстандық бизнес 2021 жылдан бері болашағына деген сенімді ең төмен деңгейде көрсетіп отыр. Бұл көңілсіздіктің өз себептері бар, оптимизмнің жоқтығы түсінікті жағдай.

Сарапшының айтуынша, үкіметтің индустрия саласында болашағы бар жаңа жобалары бар – мысалы, Түркістан облысында қытайлық серіктестермен бірге 200 миллиард теңгеге тоқыма кластерін салу. Жеңіл өнеркәсіп саласы тіпті өсім көрсетуде, бұл химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын өндіру салаларымен қатар жүріп жатыр. 

«Сонымен қатар, көптеген компаниялар қазіргі кезде қаржысын үнемдеп, реформаларды – салықтық жеңілдіктер мен экспортты ынталандыруды талап етіп отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты басымдық етіп отыр, сонымен қатар әртараптандыру жобаларын алға жылжытуда. Алайда мұндай тепе-теңдікке құрылған шаралар бірден жеңілдік әкеле қоймауы мүмкін», – деп ескертеді Стивен Блэнд. 


Қазақстанның көрші елдері мұндай мәселелерге тап болып отырған жоқ. Өзбекстан 2025 жылдың алғашқы тоқсанында өнеркәсіп көлемінің 6,5 пайызға өскенін хабарлады, ал шілде айында елдегі іскерлік белсенділік индексі 15,9 пайызға, тамызда тағы 2,9 пайызға өсті. Қырғызстанда бұл көрсеткіш өнеркәсіп секторында 60,9 бірлікке жетті. Бұл жағдай Қазақстандағы көрініспен қатты қарама-қайшылықта тұр.

Блэндтің айтуынша, мұның себебі – Қазақстан өндірісінің металлургия мен ауыр өнеркәсіпке сүйенуі. Бұл сала әлемдік баға құбылыстары мен салық жүктемесінің артуына өте осал. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасы көп жағдайда шикізатқа негізделген. Ал Өзбекстан мен Қырғызстанның өнеркәсіптік құрылымы әлдеқайда әртүрлі, бұл олардың өнеркәсіп саласын сыртқы күйзелістерге анағұрлым төзімді етеді.

Халықаралық валюта қорының болжауынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 4,9 пайызға өседі – бұл өсімге тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі ықпал етеді. Үкімет осы жылы бір жарым триллион теңгеге 190 жаңа өндірісті іске қосып, 23 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Бұл өнеркәсіп секторын ынталандырып, іскерлік белсенділіктің төмендеу үрдісін кері бағытқа бұруы мүмкін.

Қазақстан өнеркәсібіне қосымша қолдау көрсету үшін теңге бағамының нығаюы және Қытай мен Ресей тарапынан сұраныстың қайта қалпына келуі ықтимал. Алайда елеулі қауіптер сақталып отыр: жоғары инфляция инвестициялар ағынын шектеуі мүмкін, ал саланы қалпына келтіру мүмкіндіктері макроэкономикалық үдерістерге тікелей байланысты болады.

«Қазіргі тамыздағы іскерлік белсенділік индексі бойынша статистиканы қарасақ,  бұл алаңдатарлық белгі. Бірнеше ай бұрын ғана кеңейіп келе жатқан сектор енді төмен сұраныс, өсіп келе жатқан шығындар мен күрделене түскен қаржыландыру қысымына түсті. Қазақстанның алдағы жолы саясаткерлердің тұрақтылықты қалпына келтіре алуына, саланы әртараптандырумен қатар, өнеркәсіпті дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспарларды нақты өндірістік жетістіктерге айналдыра алуына байланысты болады», – деп түйіндейді Стивен Блэнд. 


Стивен М. Блэнд – журналист және жазушы, Орталық Азия бойынша сарапшы. BBC және HBO арналарымен жұмыс істеген. Аймақтағы елдерге саяхат туралы танымал кітаптың авторы.

Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары тау-кен өндірісі мен құрылыс сияқты екі негізгі салада іскерлік белсенділік индексінің күрт төмендегеніне назар аударған болатын. Өндіріс бойынша статистика біркелкі емес, бірақ жалпы деректер жүйелік экономикалық мәселелердің бар екеніне ишара етуі мүмкін.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар