Қазақстан мұғалімдері мәжбүрлі жарналарды жоюды талап етіп, петиция жариялады

cover Фото:altainews.kz

Еліміздегі ұстаздар кәсіподақтарға міндетті түрде мүше болуға қарсы шықты. Жаңа петицияда олар жалақыдан қаражаттың автоматты түрде ұсталып қалатынын, оның жұмсалуы жөнінде есеп берілмейтінін, ал құқық қорғауға келгенде тек қағаз жүзінде шектелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Ұстаздар қауымы кәсіподақтарға мәжбүрлі түрде мүше болу тәжірибесін тоқтатуды және кәсіподақ жарналары жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуді талап ететін петиция жариялады. Құжат оқу-ағарту министрлігіне, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сонымен қоса  үкіметке жолданды.

Петиция авторларының айтуынша, мектептердегі кәсіподақ мүшелігі әлдеқашан ерікті сипатынан айырылып, қызметкерлердің нақты келісімінсіз әрі олардың еңбек құқықтарын шынайы қорғамаса да жалақыдан міндетті түрде ұстап қалу тетігіне айналған.

Негізгі мәселелердің бірі ретінде педагогтер ашықтықтың жоқтығын атап көрсетеді: мұғалімдер мүшелік жарналар ретінде жиналған миллиардтаған теңгенің қалай жұмсалатыны жөнінде толық әрі нақты есепті әлі күнге дейін көрген емес. Олардың сөзінше, еңбек даулары кезінде кәсіподақтар көбіне формалды ұстаным танытады немесе білім беру ұйымы әкімшілігінің жағына шығып кетеді.

Сонымен қатар мәжбүрлеу факторы да ерекше атап өтіледі. Заңда еріктілік қағидаты бекітілгеніне қарамастан, жұмысқа қабылдау барысында педагогтерді кәсіподаққа міндетті түрде кіруге мәжбүрлейтін жағдайлар жиі кездеседі.

Петицияда бірқатар нақты талаптар ұсынылған. Атап айтқанда, автоматты ұсталымдардан толықтай бас тартып, мүшелікті жыл сайын растау жүйесіне көшу ұсынылады: егер педагог жаңа өтініш бермесе, жарналарды ұстап қалу автоматты түрде тоқтатылуы тиіс.

Сондай-ақ педагогтер кәсіподаққа кіру және одан шығу үдерісін eGov және eOtinish порталдары арқылы цифрландыруды ұсынады. Бұл әкімшілік пен бухгалтерия тарапынан қысым көрсету мүмкіндігін болдырмауға бағытталған. Тағы бір талап — кәсіподақтардың қаржылық қызметі жөнінде міндетті түрде ашық, жария есеп беруі, оның ішінде шығыстардың егжей-тегжейлі құрылымы, аппаратты ұстау мен басшылыққа төленетін төлемдер туралы ақпараттың көрсетілуі.

Бұдан бөлек, бастама авторлары жыл сайынғы жазбаша келісімсіз жарналарды ұстап қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді талап етеді. Сонымен қатар олар мұғалімдердің сеніміне әкімшілік ресурспен емес, еңбек құқықтарын нақты қорғау арқылы ие болатын тәуелсіз кәсіподақтардың дамуына жағдай жасауды ұсынады.

Мысалы, өткен жылы қарағандылық тау-кен құтқарушылары кәсіподақ құрып, оның төрағасы етіп құтқарушы Алексей Головчицті сайлаған. Алайда ол құтқарушы қызметінен босатылды. 

«Кәсіподақ — педагог өз тиімділігі үшін ерікті түрде таңдайтын қызмет болуы тиіс, ал міндетті қаржылық ауыртпалыққа айналмауы керек» деп жазылған петиция мәтінінде. 


Қазіргі таңда бастама авторлары билік тарапынан жауап күтуде және мәжбүрлі кәсіподақ жарналары мәселесі қоғамдық талқылауға шығады деп үміттенеді.

Кәсіподақ мәселесіне қатысты Аралтұздағы еңбек жағдайы мен үнсіз тарыққан жұмысшылар жайлы тілшіміздің репортажын ұсынамыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар