Кәсіпкер Қайрат Реимов Қорғастағы Гаджиев жайлы айтып, Тоқаевқа кеңес берді

«Алматыметроқұрылыс» АҚ басқармасының төрағасы, кәсіпкер Қайрат Реимов Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға берген сұхбатында Қытай мен еліміздің шекарасында қалайша салық жинайтын топ құрылғанын баяндады. Сонымен қатар, қалтасын қампайтқан олар миллиардтаған доллардың орнын кеден есебінде қалай үңірейтіп кеткенін айтты.
Бейнежазбаның толық нұсқасын біздің ORDA News YouTube арнамыздан көре аласыз, ал мәтінді ықшамдап назарларыңызға ұсынамыз.
70% жүгенсіздік
«Алматыметроқұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Қайрат Реимов бір сұхбатында Гаджи Гаджиевтің адамдары «Орда» басылымының 4 қыркүйектегі хабарламасынан кейін толық ықпалынан айырылғанын айтқан еді. Онда біз бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Гаджиев және ҰҚК жоғары лауазымды қызметкерлерінің ұсталғаны жайлы хабарладық. Ол Гаджиевті өз адамдарымен бірге Қазақстанның Қытаймен шекарадағы кеденінен біржола кетті деп топшылайды.
Ал «Орда» басылымында әзірге қауқары бар, қолы ұзын, Қытаймен қоян-қолтық жұмыс істей алатын Гаджиевті кем дегенде жаңа жылға дейін қалдыруы мүмкін деген деректер бар.
Қайрат Реимовтің айтуынша, Гаджи Гаджиев кеден төңірегін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған. Байланыс өте берік. Оның сөзі бәріне өтімді.
«Бұл салада бұрыннан берілген міндеттемелер бар, рәсімделген өтінімдер мен жолда келе жатқан жүктер бар, кеден рәсімінен өтуге қойылған шарттар мен келісімдер бар. Гаджиев сондай бір жүйе құрған, онсыз ешбір іс шешілмейтін. Енді сол торапты тарқату үшін оны құрған адамның өзі қайтадан ретке келтіріп беруі керек», – деді Қайрат Реимов.
Ол Гаджиевтің адамдары кеденнен кеткен бойда келесі күні бәрі сақадай сай жұмыс істеп кете береді деп ойлау жаңсақ пікір екенін атап өтті. Сондықтан құқық қорғау органдары Гаджиевтің кеденде қалған адамдарына өз істерін ретке келтіруге уақыт беруі мүмкін.
Бүгінде кедендегі тексерулер – күрделі жүйе, онда жүктерді тасымалдаушылар, жөнелтушілер мен алушылар кеден брокері немесе экспедитор арқылы жұмыс істейді. Өтініш сол арқылы беріледі, брокер немесе экспедитор кеден жұмыстары мен тексерулерді жүргізуге көмектеседі. Сондай-ақ барлық қажетті процедураларды қамтамасыз етеді. Бұл жүйе ұзақ уақыт бойы бір топтың бақылауында болды. Енді бәрін қайта құрып, жаңадан ұйымдастыру қажет.
Қайрат Реимов кедендегі жұмыстарда қазір ілгерілеу бар екенін, бірақ ол үшін терең «ордан» шығу керектігін айтты.
«Орда» деректеріне зер салсақ, Қытаймен шекарада автомобиль өткізу үшін төленетін 70% қаражат, яғни кедендік бөлімшелерге төленетін жарна, тасымалдаушылардан брокерлерге беріліп, олар контрабандалық топқа жететін қаражат тізбегіне қосылған. Бір көлік үшін 25–36 мың доллар төлеу қажет болған. Ал мемлекет осы рәсім үшін тек 25 мың теңге алған. Осылайша Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда статистикасында миллиардтаған доллардың орны ойсырап тұр.
«Біз кеденде жарна төленетінін жақсы білеміз. Қанша адамның шымбайына батса да, наразы болса да белгілі бір жүйе болған және ол жұмыс істеді. Мәселе – олар қанша талап ететінінде емес, бұл жүйенің Қазақстанда 2025 жылы болып жатқандығында. Кеденде адам факторын азайту үшін электрондық видеотексеру орнатылған болатын. Мұның бәрін қымбатқа сатып алып, автоматтандыру мен есеп жүйесін ұйымдастырды. Бірақ қазіргі таңда бәрі әлі де өте қарабайыр, нашар деңгейде жүріп жатыр», – деді Қайрат Реимов.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл жүйе қарапайым. Олар тасымалдаушылардан алдын ала айтылған қаражатты талап етеді. Кім төлемесе, оның көлігін түрлі сылтаумен тоқтатып, қоймаға қамап, жүктің бәрін түсіртіп, қайта тиетіп ит әуреге салады. Жүктің қанша уақыт сонда тұрып қалатыны белгісіз. Оларды ешкім тектемейді.
Тауарды түсіріп-тасымалдау кезінде бірдеңе бүлінеді, бірдеңе сынып кетеді. Бірақ ең үлкен шығын – зымырап бара жатқан уақыт.
«Бәріміз де қолжетімді бағамен сапалы әрі жылдам қызмет алғымыз келеді. Жүк тасымалдағанда ешкім де тексеріске ілініп, уақыт жоғалтқысы келмейді. Әсіресе, егер жүк тез бұзылатын болса немесе тапсырыс берушімен жеткізу мерзімі бойынша келісімге келген болса. Сол себепті тасымалдаушылар тексеріске бармас үшін, кейде еш негізсіз болса да, ақша төлеуге мәжбүр. Бұл — сыртқы саудамен айналысатындарға қысым жасаудың «ыңғайлы» тәсілі болып алған. Көп адам бәрі дұрыс болса да, жүкті түсіріп, қайта тиеп жүргеннен гөрі еш себепсіз ақша төлейтіндерін айтады», — дейді Реимов.
Тауарды уақытында және сапасына сын келмейтіндей етіп жеткізу — кәсіпкерлердің міндеті. Тапсырыс берушіге «кеденде қиындықтар болды» деп түсіндіру мүмкін емес. Айлар бойы шекарада тұрған жүгін сарылып күткенді ешкімнің су қаны сүймесі анық. Сондықтан мұндай жүйе бизнеске ерекше қысым түсіреді. Қысым дейтініміз — ол жерде еш таңдау да жоқ.
Салық реформасы кеше керек еді, енді ол басқа бағытта жүргізілуі тиіс
«Кеденде біреулердің қалтасына кетіп жатқан ақша мемлекет қазынасына түсуі тиіс», – дейді Қайрат Реимов.
Оның айтуынша, бұл мәселе қазір өте өзекті. Өйткені мемлекет салықтан түсетін ақшаның аздығына алаңдап, мөлшерлемелерді көтеріп, барлық қаржылай айналымдарды, тіпті ақша аударымдарын да толық бақылауға алып жатыр.
«Мобильді аударымдарды тексерудің не қажеті бар? Ол сауда емес, туысқа жіберілген қаражат, көмек қой. Енді соны салық салынатын табыс деп есептеп, халықты қорқытуға тырысып жатыр. Аударым – жай ғана ақша жіберу, бұл айналым да емес, мәміле де емес. Сонда салықшылар миллиондаған аударымның арасынан қайсысын салыққа жатқызатынын қалай ажыратпақ? Бос сөз бе, әлде елді үркітудің бір амалы ма?» – дейді кәсіпкер.
Реимовтың айтуынша, салық базасын кеңейтудің ең тиімді жолы – мөлшерлемелер мен рәсімдерді азайту, әсіресе шағын және орта бизнеске жеңілдік жасау.
«Бар салығын уақтылы төлеп жүрген кәсіпкерлерден барын сығып алуға тырыспай, керісінше жаңа бизнес ашатын адамдардың санын көбейту керек. Сонда экономиканың өзегі кеңейеді», – дейді ол.
Оның айтуынша, үйінің жанында шағын дүкендер бар, базарда сауда қылатын әжелер, жеке қожалықтар – бұлардың бәрі жеңілдетілген тәртіппен салық төлей алады.
«Осылардың өзі экономиканың тірегі. Басқа елдердің тәжірибесін зерттеу керек. Салықты көтеру немесе салаларға бөліп қою дұрыс шешім емес. Бастысы бизнестің деңгейіне қарай әділ жүйе жасау. Егер көрші елдерден өнім кіріп жатса, ал біз өз шаруашылықтарымызға салықты көбейтсек, онда өзіміздің өндірісімізді өлтіріп аламыз», – дейді Реимов.
Кәсіпкердің пікірінше, мемлекет қазір халықты кәсіпке тартуға күш салуы керек.
«Адамдар табыс табу үшін мемлекеттік қызметке емес, кәсіпке баруы қажет. Өз ісін ашуға деген қызығушылықты ояту керек. Ал жаңа бастағандарға салық салмау керек, не өте аз болуы тиіс. Есепші ұстамай-ақ, шағын мөлшерде төлем жасауға мүмкіндік берілсе жеткілікті. Сонда мыңдаған адамнан құралған үлкен, тірі экономика пайда болады. Ал қазір көбі қорқып, жеке іс ашуға батпай, шенеунік болуға ұмтылады», – дейді ол.
Реимовтың пікірінше, салық реформасы мен өзге де өзгерістер елде тым кеш жүріп жатыр:
«Бізде «жарты жылдан кейін, бір жарым жылдан соң жасаймыз» дейді. Ал шын мәнінде, Қасым-Жомарт Кемелұлына айтқым келеді: бізде ол бір жарым жыл жоқ. Уақыт күтпейді. Сенатты таратып, саяси реформа жасауға да, экономикалық реформаға да уақыт жоқ. Мұның бәрі кеше болуы керек еді. Енді тек қатал, нақты басқаруға көшу қажет. Бұрынғы жүйеде де пайдасы тимеген, бүгінде де пайдасы жоқ шенеуніктерге кеңесші болуға жол бермеу керек», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ ол елде жастарға көбірек мүмкіндік беру керек деп есептейді. Бізде экономиканы да, саясатты да түсінетін, бастамашыл, алғыр жастар көп. Бірақ солардың дауысы естілмейді. Ал биліктің ұшар басында ат төбеліндей ғана адамдар айналып жүр.
«Қорғас» қалай жаңа «мұнайға» айналды?
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеден бекетінде қалайша қылмыстық топтар пайда болғанын бұрынғы көлік прокуроры, бұрынғы қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаров ісі бойынша айыпталып жүрген, шетелге қашқан лауазымды тұлға Мақсат Дүйсенов баяндаған. Ол YouTube арқылы «Қорғас ісі» жөнінде мәлімдеме жасаған.
Кәсіпкер Қайрат Реимов кедендегі контрабанданың қалай басталғанына өз көзқарасын айтты. Оның сөзінше, бәрі қарапайым деңгейдегі қызметкерлер мен орта буын басшыларының өз бетінше ақша жинауынан басталған. Жүргізушілерден «тез өтуі үшін» аздаған ақша талап еткен.
«Мұндай нәрселер әуелі ретсіз басталады. Кейін әлдекім соны жүйеге түсіреді. Мұндайды ықпалы бар, билікке жақын адам ғана жасай алады. Кішігірім делдалдар мұндай ауқымды процесті басқара алмайды, өйткені оған жүйелі бақылау мен қорғау қажет. Солайша, кеденде өз «тәртібін» орнатқан «құдіреттілер» пайда бола бастады. Олар мұны тәртіп орнату деп есептеді», – дейді Реимов.
Бұл құбылыс 2000-жылдардың басында басталған. Уақыт өте келе кедендегі заңсыз схемалар біртіндеп ұйымдасқан жүйеге айналды. Кейін мұнай бағасының өзгеруіне байланысты дағдарыс туындады.
Билікте отырған, молшылыққа үйренген адамдар жаңа «кіріс көзін» іздей бастады. Сол кезде олардың «Қорғасқа» назары ауды. Бұл шекара арқылы күн сайын қомақты ақша өтіп жатты, тіпті мұнай саласына қарағанда оңайырақ пайда көруге болатын. Тек өз «бөгетіңді» қою жеткілікті еді.
Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар отбасы мен оларға жақын олигархтар байлық көздерінен, соның ішінде «Қорғастан» да шеттетілді. Бірақ олардың орнын басқа адамдар басты. Елде бәрі өзгереді, заң үстемдік құрады деген үміт болды. Алайда жаңа келгендер ескі тәсілдерді қайта тірілтті.
«Бір кезеңде бәрі расымен өзгеріп жатқандай көрінді. Электронды жүйелер енгізіледі, жүк сканерлеу арқылы өтеді, адам факторы болмайды деді. Бірақ бірнеше ай өтпей-ақ, бұрынғы тәртіпке қайта оралды. Тек кейіпкерлер ауысты. Олар ескі жүйені айна-қатесіз көшіріп, қайта құрды. Ал құқық қорғау органдары олардың шашбауын көтеріп жүрді», – дейді Реимов.
Бірақ бір айырмашылық бар екенін айта кету керек. Әлгі талап етілетін қаражаттар еселеп өсті. «Ескі Қазақстанның» кезінде ешкім қатты шағымданған жоқ. Кедендегі пара көлемі шектен аспайтын. Жаңа команданың қалтасы қампая берді, осылайша бизнеске қысым қатты түсті.
«Бұрын 50 де 50 болатын үлес енді 70 де 30-ға өзгерді. Бұл ашкөздіктің көрінісі. Бұрынғы жүйемен бизнес аз да болса өмір сүре алатын. Ал енді 70 пайызын берсе, өзіне ештеңе қалмайды. Бірақ сол 20 пайызда адамдар тіршілік етіп жүр», – дейді кәсіпкер.
Реимовтың айтуынша, Гаджиевтің тобының асығыстық танытуының тағы бір себебі бар. Президент Тоқаевтың өкілеттігі 2029 жылға дейін шектелген. Демек, «темірді қызған кезінде соғып» үлгеруі қажет.
«Сол мерзім – олардың бағытының соңғы нүктесі еді. Өйткені бұл адамдарды президент өзі тағайындады. Олар басында «біз кеденді заңды жолға қоямыз» деп уәде берді. Бірақ нәтижесі мүлде басқа болды», – деді Реимов.
«Сен қай елде тұрасың?»
«Алматыметроқұрылыс» компаниясының басшысы Гаджи Гаджиевті таниды екен. Бірінші рет 2024 жылы кездескен. Олар алғаш рет 2024 жылы кездескен. Алайда екеуінің арасында арқа-жарқа әңгіме болмаған. Негізінен әңгіме Алматы метросының құрылысы жайлы өрбіген. Кейін кәсіпкерге әкімдіктен компаниясының жаңа метро станцияларының құрылысына арналған тендерлерге қатыспайтыны, әрі бұдан былай барлық мәселелерді «Интегра» компаниясы арқылы шешуі керектігі айтылған. Ал бұл компанияның бейресми түрде Гаджиевке тиесілі екені белгілі болды.
«Менің байқауымша, ол өзіне тым сенімді адам. Бұл сенімділік ойлаған істері жүзеге аса бастағанда пайда болған сияқты. Шекарадағы істер, өз адамдарын орналастыру – бәрі жоспарлағанындай жүзе бастағанда, оның сенімі арта түсті. Ал біздің бай-манаптар, олигархтар өз мәселесін шешу үшін оған келе бастағанда, өзін көк пен жерді тіреп тұрғандай сезінді», — дейді Реимов.
Уақыт өте келе Гаджиевтің мінез-құлқы да өзгерген.
«Адамға үнемі мадақ айтылса, ол өзін өзгелерден жоғары сезінеді. Содан барып менмендік пайда болады. Бұл – шектен асып кеткеннің белгісі. Бірінші, екінші, үшінші олигарх келіп, өз мәселесін шешуді өтінгенде, ол өзін ерекше тұлға сезіне бастады. Содан кейін-ақ ақпарат алаңында оның ықпалы мен байланыстары туралы әңгімелер тарай бастады».
Реимовтың айтуынша, олар соңғы рет тілдескенде сөзге келіп қала жаздаған. Кәсіпкер өз компаниясын метро құрылысына қатыстырмай жатқандарына наразылығын білдірген. Оның айтуынша, компанияның тәжірибесі де, біліктілігі де, барлық құжаты да талапқа сай болған.
«Олар маған: «Сен қай елде өмір сүріп жатырсың?» деп қояды. Мен өзімнің мінезімді танытып, ондайды жақтырмайтынымды және олай жұмыс істемейтінімді айттым. Олардың өзімшілдігін су қаным сүймейтін», – дейді ол.
Ол бұл істің артында заңсыз, арам пиғылды схема тұрғанын, тіпті оған құқық қорғау органдарының араласа бастағанын байқаған. Ал егер мұндай іске күштік құрылымдар тартылса, онда заңның күші қалмайды.
Гүлнәр Бажкеноваға берген сұхбатында Қайрат Реимов Қазақстандағы Кәсіби бокс федерациясының жұмысы, Гаджи Гаджиев пен оның адамдарын әртүрлі спорт ұйымдарынан қалай көргені, Алматы метросы мен астаналық LRT арасындағы ұқсастықтар туралы айтты. Сондай-ақ ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз кеңесін де жеткізді.
Жуырда Реимов «Гиперборей» арнасында сұхбат беріп, «Орда» 4 қыркүйекте жариялаған материалдардан кейін Гаджиевтің адамдары оның компаниясында көрінбей кеткенін айтты.
Бұған дейін «Орда» редакциясы бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Гаджи Гаджиевке қатысты тергеу шаралары жүргізілгенін, ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталғанын хабарлаған еді. Ресми БАҚ пен мемлекеттік органдар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ал ақпаратты жария еткен «Орда» редакциясына қысым мен қоқан-лоқы көрсетілді.
Кейін президент Мұрат Нұртілеуді сыртқы істер министрі қызметінен босатты. Ал қазіргі уақытта Гаджиевтің аты Украинадағы «Миротворец» базасына енгізілгені белгілі. Онда ол қазақстандық оппозиционер Айдос Садықовты өлтіруге қатысы бар және Ресейдің түрленген агрессиясымен байланысты тұлға ретінде көрсетілген.
Жаңалықтар
- Қазақстандықтар енді Арменияға шетелдік төлқұжатсыз ұша алады
- СІМ Азаттықтың 12 тілшісінің аккредитациясын 3 айға созды
- Кәсіпкер Қайрат Реимов Қорғастағы Гаджиев жайлы айтып, Тоқаевқа кеңес берді
- Обухов «ГОК» ісі: Прокурор Долгалевке 12 жыл сұрады
- Енді жоғары сынып оқушылары гинеколог қабылдауынан өтеді
- Астанада автобус апатынан екі аяғынан айырылған 8 жастағы Алуаның алғашқы қадамы
- «Көлікті 13 жастағы бала басқарған»: Алматы облысында жол апаты болып, 2 адам көз жұмды
- «Сотталған шенеуніктің ұлы»: Жандос Иманалиев президент әкімшілігіне қызметке келді
- Қайта қаралады: бір айға созылған 30 млн бопсалады деген блогерлердің ісі жарамсыз деп танылды
- Алматы әуежайында Lufthansa ұшағына жанармай көлігі соғылды
- «Тренд пе, мазақ па?»: есту қабілеті нашар таксисті видеоға түсірген блогер жұрт талқысына түсті
- «Жұмыстан қуады деп үміттенемін»: Димаш автобус бағасын 500 теңгеге өсіруді айтқан сарапшыны сөкті
- Айсулууды өлтірген қандықол қылмыскер 15 жыл бойы өзге де әйелдерді өлтіргенін мойындады
- «Хасанға түрмеде телефон берді»: адвокаттар жәбірленушінің бұрын істі болғанын алға тартты
- «Автобус жолақысы 500 теңге»: Депутаттар бұл бағамен келісе ме?
- Блогер Мирболат Мырзатайұлының ісі бойынша тергеу аяқталды
- Ақтауда пышақ ұстаған ер адам бөтен пәтерге терезе арқылы кірмек болды
- Судьяға жедел жәрдем шақырылды: 30 млн бопсалаған блогерлердің үкімі кейінге қалды
- Мәжіліске жаңа депутат келді
- Ердоған Италияның премьер-министріне темекіні тастауға кеңес берді