Иран теңізге мина қоя бастады, АҚШ «теңдессіз соққымен» сес көрсетті. Таяу Шығысқа шолу

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Ормуз бұғазындағы жағдай ушығып, әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке қатер төнді. Иранның стратегиялық маңызы бар су жолын миналауына байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға қатаң ескерту жасап, әскери салдары ауыр болатынын мәлімдеді. Orda.kz тілшісі Таяу Шығыстағы оқиғаларды баяндайды.

Бұғаздағы жағдай: Барлау мәліметтері не дейді?

Америкалық барлау қызметі мен жетекші БАҚ (CBS, CNN) хабарлауынша, Иран Ормуз бұғазына бірнеше ондаған мина орнатып үлгерген. Алдағы уақытта олардың саны жүздеп артуы мүмкін деген болжам бар.

Бұған дейін Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) бұғаз арқылы өтетін кез келген кемені нысанаға алатынын ескерткен болатын. Қазіргі уақытта бұл аймақта кеме қатынасы іс жүзінде тоқтап тұр, бұл әлемдік нарықта мұнай мен газ бағасының күрт өсуіне әкеп соқты.

Трамптың реакциясы: «Шұғыл түрде тазартылсын!»

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында Иран билігіне ультиматум қойды. Ол миналарды дереу алып тастауды талап етіп, әскери күш қолданудан тайынбайтынын жеткізді:

«Егер Иран Ормуз бұғазына қандай да бір мина орнатқан болса, біз оларды дереу залалсыздандыруды талап етеміз! Олай болмаған жағдайда, Иран үшін әскери салдарлар бұрын-соңды болмаған деңгейде қатаң болады», деп жазды АҚШ басшысы.

Неліктен Ормуз бұғазы соншалықты маңызды?

Ормуз бұғазы — әлемдік энергетиканың «күре тамыры». Оның маңызын мына цифрлардан көруге болады:

  • Күніне шамамен 20 млн баррель (әлемдік теңіз тасымалының 25%-ы).
  • Сұйытылған газ: Әлемдік экспорттың 35%-ы осы жерден өтеді.

Блокада салдарына ойыссақ, CNN мәліметінше, қазірдің өзінде Парсы шығанағында күніне 15 млн баррель мұнай мен 4,5 млн баррель мұнай өнімдері қамалып қалды. Ирак пен Кувейт сияқты елдерде баламалы экспорттық бағыттар жоқ.

Британияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) Парсы шығанағында, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Рас-эль-Хайма қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 25 теңіз милі қашықтықта контейнер тасығыш кемеге шабуыл жасалғанын хабарлады. Кеме белгісіз снарядтан зақымдалған, қазіргі уақытта шығын көлемі нақтыланып жатыр. Кеме экипажы аман, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ал кейін Трамп Иранның Ормуз бұғазы маңына теңіз миналарын орната бастағаны туралы мәліметтерден кейін, Америка күштері 10 мина қойғыш катер мен кеменің көзін жойғанын мәлімдеді.

Қақтығыс құрбандары: Соңғы мәліметтер

Соғыс қимылдары басталған 11 күн ішінде тараптар айтарлықтай шығынға ұшырады:

Израильде зымыран соққыларынан 12 адам қаза тауып, 200-ге жуығы жараланған. АҚШ-та қақтығыс барысында 150-ге жуық америкалық әскери қызметкер жарақат алды.  Тегеран 1300 бейбіт тұрғын қаза тапқанын және мыңдаған нысан қирағанын хабарлады.

Сондай-ақ Бейруттегі қонақ үйге жасалған соққыдан 4 ирандық дипломат мерт болғаны үшін Израильді айыптады.

Америкалықтар: Иранмен арадағы соғыс ұзаққа созылады

Америкалықтардың 60%-ы Иранмен қақтығыс тез арада аяқталмайды деген пікірде. Респонденттердің тек 36%-ы ғана әскери науқан жақын арада бітетініне сенімді. Бұл Reuters агенттігі мен Ipsos халықаралық қызметі бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижелерінен белгілі болды.

Ipsos зерттеуі Бұдан бөлек, америкалықтардың 67%-ы Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты алдағы айларда бензин бағасының одан әрі өсуін күтеді.

Нетаньяхудың ирандықтарға үндеуі

Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Иранға бұрын-соңды болмаған соққылар жасалып жатқанын мәлімдеді. 

«Біз бостандық үшін тарихи соғыс жүргізіп жатырмыз. Бұл — аятолла режимін құлатып, еркіндікке қол жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Біз АҚШ-пен бірлесе отырып, Тегеран тирандарына бұрын-соңды болмаған жойқын соққылар жасап жатырмыз... Жақын күндері біз өз тағдырларыңызды өздеріңіз шешуге мүмкіндік беретін жағдай жасаймыз... Сол сәт туғанда, ал ол сәт жақындап қалды, біз эстафетаны сіздерге береміз. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға дайын болыңыздар!», делінген Израиль премьер-министрі Нетаньяхудың Иран халқына жолдаған үндеуінде.

Тоқаевтың Иранды айыптауы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иран аумағынан Біріккен Араб Әмірліктерін зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуылдау әрекеттерін айыптады. Соның салдарынан көптеген тұрғын қаза тауып, азаматтық инфрақұрылымға нұқсан келгені айтылды. 

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысты одан әрі ушықтыратын мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық даулы мәселелерді шешудің ең дұрыс жолы дипломатиялық тәсілдерге жүгіну екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар