Ғасырлық мерейтой: Нұрғиса Тілендиев – тарихты тірілткен тұлға

Биыл қазақтың бірегей композиторы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Қазақ музыкасының алтын дәуірін қалыптастырған тұлғаның ғасырлық мерейтойы жыл бойы тойланбақ. Orda.kz тілшісі өнегелі өмірін өнерге арнаған біртуар азаматтың көзін көргендермен сұхбаттасты.
Даңқты тұлға 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келді. Әкесі Атабай домбырашы еді. Анасы Салиқа сырнайда ойнап, музыкадан кенде болмаған адам. Ахмет Жұбанов бала Нұрғисаның бойындағы домбыраға деген махаббатты көріп, училищеге баруға кеңес береді. Ол жерде композитор Латиф Хамиди Нұрғисаны би сыныбына жазып қояды. Әуенге деген таланты басым баланың биге барып жүргенін естіген Жұбанов оны дереу музыка сыныбына ауыстырыпты.
1948 жылы Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Кейін оқуын Мәскеу консерваториясында жалғастырады. Нұрғиса — осы консерваторияда оқыған алғашқы қазақ баласы. Нұрғиса ән жазатын уақыт пен мезгіл таңдамаған адам. Саз әлеміне терең бойлаған композитор ойына келген әуенмен тербеліп, Тұманбай Молдағалиев пен Қадір Мырза Әліге cөз жазып беруін өтінеді екен. Тіпті ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Тілендиевтің үйінде бір ай жатып, отыздан аса әнге сөз жазады.


Нұрғисаның қос ішекті аспапты күмбірлеткеннен бөлек бокспен айналысқанын көбі біле бермес. Көзін көрген замандастарының айтуынша, Ахмет Жұбанов не музыка, не боксты таңда деп шарт қойған екен. Бойына сазгерлік дарыған бозбала 16 жасында соғысқа сұранады. Тіпті соғысқа бару үшін төлқұжатына екі жыл қостырып алған. Бұл туралы композитор Ермұрат Үсенов былай дейді:
«Ахмет Жұбанов оны он үш жасында оркестрдің дирижер пультіне отырғызды. Кейін әскерге алып кетті. Сол кезде Жұбанов хат жазып, соғыстан алдырып алды ғой. Осындай жағдайлар болған. Ахмет Жұбанов ұстазы оның әкесіндей болды. Ол кісі де көреген ғой. Осындай талантты адамды аман алып қалды».
Тілендиев соғыстан жаралы болып қайтты. Алайда дене жарақаты жан арпалысының жанында түкке де тұрмады.
«Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестірінің артисі болған Мақсат Закиров Тілендиевтің бүкіл өмірі өнермен байланысты екенін айтты.
«Нұрғиса Тілендиевтің бүкіл саналы өмірі өнермен тығыз байланысты болды. Оны сәби кезінен домбыра тартуға үйреткен, сол аспаптың биік деңгейін бағындырды. Ол ойнағанда тыңдаушыларды өте нәзік сезімге жеткізе білген және өзін басып алған сезімдер мен эмоцияларды көрсетуде ерекше мәнерлілікке қол жеткізе білетін қас шебер болған. Оның бүкіл өмірі өнер», деді ол.
Ескіні жаңартқан, өліні тірілткен - «Отырар сазы»
Нұрғиса Тілендиев 1980 жылы «Отырар сазы» оркестрін құрды. Басында шағын ансамбль болып құрылған ұжым, екі жылдан соң оркестр болып өнер көрсетті. «Отырар сазы» ескіні жаңартып, өліні тірілтті. Қазақ халқының көне жәдігерлерін қайта жандандырды. Ұлттық аспаптарды оркестрге шақтап, әуезді әуен тудырған Нұрғиса Тілендиев болды. Дирижер қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды.
Белгілі қылқобызшы Әбдіманап Жұмабеков өз естелігінде Болат Сарыбаев ұмыт болған 30-ға жуық аспапты жарыққа шығарғанын айтады. Кейін аз адамнан ансамбль құрып, ақыр аяғы үлкен фольклорлық-этнографиялық оркестр бой көтерген. Оркестрдің аты «Отырар сазы» болуына Отырардан табылған сазсырнай аспабының да үлесі бар көрінеді. Осы орайда оркестр аспаптарының қатарына қосылған сазсырнай аспабын зерттеуші, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті Гүлфайруз Далбағайдан сұхбат алдық.
«Нұрғиса Тілендиев қазақ музыка мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Көне аспаптарға үлкен мән берді. Болат Сарыбаевтан кейін көне аспаптарды жүйеге қойған тұлға. Бұл кісі 50 жыл бұрынғы мақаласында «Ең алдымен көне ұлт аспаптар ансамблінің құрылғанын құптар едім. Өйткені бұл аспаптар арқылы небір ұмыт болған күйлерді қайта жарыққа шығаруға болады» деп жазды. Ол кездері Болат Сарыбаевтың бес, жеті адамдық ансамбльдері құрылып, концерт қойып жүрген кездері еді. Болат Сарыбаев сол ансамбльмен Индияға барып келген. Кейін 1974 жылы «Шертер» ансамблі құрылды.Тілендиев атамыз Болат Сарыбаевтың еңбегін жоғары бағалап «Көне ұлт аспаптарын жарыққа шығаруда Болат Сарыбаев пен Оразғазы Бейсенбаевтың еңбектерін ерекше атап өту керек. Оразғазы шебер ендігі ұмыт болған аспаптардың суретіне қарап пішінін жасап шығарса, сол аспапқа тіл бітірген Болат Сарыбаев» дейді», - деді Гүлфайруз Далбағай.


Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген, ізімен жүріп, ақылын тыңдаған адамдардың бірі Ықылас Нұрғалиев. Ол бүгінде «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің бас дирижері.
«Өткен ғасырдың 80-жылдары «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі болып құрылып, кейін Нұрғиса Тілендиевтің арқасында оркестр болып өзгертілгені есімізде. Оған дейін Қазақстанда жалғыз «Құрманғазы» оркестрі болатын. «Отырар сазы» оркестірінің ерекшелігі Болат Сарыбаевтың зерттеуімен жетілген көне музыкалық аспаптардың құрамда болуы еді. Тілендиев көне аспаптармен оркестірдің деңгейін асқақтатты. Домбыра мен қобыздан тұратын оркестрге жаңаша өң кірді. Отырар сазы осылай ерекшеленіп тұрды. «Құрманғазы» оркестрі орындап жүрген «Ата толғауы», «Махамбет» поэмасын «Отырар сазы» оркестрінен тыңдағанда мүлдем өзгеше болатын», - деді Ықылас Нұрғалиев.
Тілендиев көне аспаптарды сахналық өнерге бейімдеді. Оркестрге халық жадынан шыға бастаған шертер, сазсырнай, асатаяқ, желбуаз аспаптары қосылды. Ол кісі желбуазды «месқобыз» деп атап, бұл аспапты алғаш рет «Отырар сазында» музыкаға шақтады. Мәскеуде Нұрғиса Тілендиевтің өңдеуімен месқобыз аспабымен Ықыластың күйі «Қамбар батыр» орындалды.
Нұрғиса Тілендиевтің өмірін зерттеп отырып, 1999 жылғы афишаға көзіміз түсті.

«Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің ІІ-концерт маусымының ашылуы» деп жазылыпты. Жеке орындаушылар қатарында марқұм Бақытжан Ысқақов, Ермек Әбілтаев бар. Сонымен қатар жуырда 95 жасқа толған Бибігүл Төлегенова, Бағдат Сәмединова және Рамазан Стамғазы да бар екен. Orda.kz тілшісі Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазымен байланысқа шығып, осыдан 26 жыл бұрынғы концерт туралы сұрады.
«Тілендиевпен жеке концерттерге шығып, ел аралаған емеспін. Тек Алматыдағы үлкен концерттеріне қатысатынмын. Афишада тұрған Ермек Әбілтаев оркестрдің белді әншісі болған. Өмірінің соңына дейін «Отырар сазының» отымен кіріп, күлімен шықты. Сол кісілер дәстүрлі әншілерден кім бар дегенде, Қайрат ағалардың қолы тимей жатса, орнына мені шақыратын. Афишада тұрған Бақытжан Ысқақов та талантты, танымал әнші еді. Менің ол кезде енді-енді атым шығып келе жатқаүжатқан кездер еді. Конкурстарға қатысып, халық тани бастаған кездер», деді әнші.
Сан ғасыр өтсе де сыры көшпейтін саз-әуен
жатқан.
Нұрғиса Тілендиев 500-ден астам музыкалық туындылардың авторы. Ол сонымен бірге фильмге, мультфильмге ән жазды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультхикаялары мен «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдері Нұрғисаның әуенімен әрленген. «Әлқисса», «Махамбет», «Ата толғауы», «Аққу», «Көш керуені», «Саржайлау», «Бәйтерек» секілді күйлер халықтың санасынан өшпейді.
«Өз елім», «Құстар әні», «Саржайлау», «Әже туралы ән» сияқты әндері ел тағдырынан сыр шертеді. Нұрғиса Тілендиев халықтың сырласы да, мұңдасы да бола білді. Оның музыкасы дүйім жұрттың рухани серігіне айналды.
Көзден кеткенімен, көңілден кетпейтін естеліктер
Мақсат Закиров «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінде 1983 сәуірден - 1994 қарашасына дейін оркестр артисі болған. Мамандығы - бас қобызшы. Сонымен қатар соңғы үш жылда оркестр инспекторы болып қызмет атқарған.
«Нұрғиса Тілендиевтің мінезі қызық еді. Онымен жұмыс істеу өте оңай болды. Көңілді, тынымсыз, еңбексүйгіш адам болатын. Өзі таусылғанша жұмыс істеп, бәрімізді бірдей жұмыс істеуге мәжбүр етті. Қалааралық жолды есептемегенде, күніне үш рет концерт беретінбіз. Бірақ бізге ұнайтын. Ол бәрімізді өзінің ынта-жігерімен таңқалдыратын», деді Мақсат Закиров.


Мақсат Закиров: (Бірінші суреттің тарихы — Нұрғиса Тілендиев ағамыз «Отырар сазы» оркестрімен менің әскери борышымды атқарып жатқан Мәскеу облысы, Загорск қаласының аумағында, саз балшық орманның арасында, Мәскеу қаласынан 135 шақырым жерде орналасқан әскери бөліміме арнайы келіп, концерт берген сәті. 23 ақпан. 1986 жыл. Мен сол кезде 23 жастамын).
Ал Ықылас Нұрғалиев дирижерлік қабілетін Нұрғиса Тілендиевтің ақыл кеңесімен толықтырғанын еске алды. Оның шығармашылық жолының бастауы да Нұрағасынан басталады екен. Ол Тілендиевтің әдістерін қолданып, ұлттық аспаптардың тынысын кеңейткен.
«1985 жылы «Адырна» фольклорлық ансамбіліне көркемдік жетекші және дирижер болып келгенімде Нұрағамның әдістерін қолдандым. Сол арқылы мен де көне аспаптарды әуенге қосуды үйрендім. Алайда менікі ансамбль еді. Ол табиғи талантты адам. Ол кісі аз уақыттың ішінде «Отырар сазын» халыққа танытты, атағы тез тарады. Концерттер кезінде көмекке баратынбыз. Сол кезде Нұраға тәжірибесімен бөлісіп, ақылын айтатын. Ағамыз дүниеден озғаннан кейін Дариға жеңгеміз де ағамыздың жолын қуып, бірнеше әндерді дүниеге әкелді. Сол әндерді «Отырар сазына» өңдеуге септігім тиді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді», дейді дирижер.
Рамазан Стамғазы дарынды тұлғамен дастархандас болмағынымен, оны жұмысына жеткізіп ақыл-кеңесін алғанын айтады. Дәстүрлі әнші 1997 жылғы болған оқиғадан сыр шертті.
«Бір күні көлігімнің жанында тұрып, «Мынаның шопырын шақырыңдар» депті. Шықсам темекісін шегіп тұр екен. Қарап «Мына көлік сенікі ме?» деді. «Иә, аға» десем, «мені филармонияға жұмысыма алып бар» деді. Сөйтіп ағамды отырғызып, тасып жүрген кездерім болған. Бір естіген сөзін ешқашан ұмытпайтын кісі еді. Сол кезде кімде оқығанымды, қандай репертуармен жүргенімді бәрін сұрап алатын. Кейде сол кісімен бір рет болсын суретке түсіп алмағаныма өкінемін», деді ол.
Перзентке қалған мұраның бүгінгі даңқы
Бүгінде Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі мен дирижері Тілендиевтің қызы Дінзұхра Тілендиева. Асылдың сынығы орестрдің беделін әлемге танытып келеді. Бұны Рамазан Стамғазы да жоққа шығармады.
«Отырар сазы» облыстың, қаланың, Қазақстанның шеңберінде өнер көрсетіп жүрген ұжым емес. Ол — ұлттың бренді. Өйткені «Отырар сазының» репертуарында қазақтың бүкіл тарихы, халықтың аманаты жатыр. Аңыз күйлерді, авторлық көне күйлерді осы күнге жеткізіп отырған бірден бір оркестр — «Отырар сазы». Бұлар тек халық күйімен қалып қойған жоқ. Кейінгі заман композиторларының, бүгінгі заман композиторларының туындыларына дейін қамтып жатыр. Көп күйшілер «Отырар сазымен» авторлық концерт береді. Кез келген мемлекеттік деңгейдегі концерттерде «Отырар сазы» жүреді», дейді дәстүрлі әнші.
Ал талай жыл «Отырар сазында» еңбек еткен Мақсат Закировтың қазіргі оркестрдің еңбегіне көңілі тоқ екен. Ол оркестрге баға беру қиынға соғатынын айтты. Ұжымда қазір көптеген жас орындаушылар бар екенін, соның арқасында әлдеқайда күшті және техникалық жағынан мәнерлі екенін жасырмады. Рамазан Стамғазы Дінзұхра Тілендиеваның өнеріне жоғары баға берді.
«Ол оқыған, тоқыған, әкесінен кейін бүтін бір оркестрге ие болып, сүйреп жүрген адам. Ол «Тәттімбет» атындағы оркестр, «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрлерін қосып дирижерлік еткенін талай рет көргенмін. Оркестрдің сиқырлы таяғын ие бола алатын адамға ғана береді ғой. Ол сондай биіктегі адам», деді Қазақстанның халық әртісі.


Ұлы сазгердің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай әр өңірде тағылымды кештер ұйымдастырылып, өнер иесінің өмірін арқау еткен қойылымдар өтіп жатыр. Мерейтой жыл соңына дейін жалғасып, Парижде қорытындысы болады. Дінзухра Тілендиева әкесінің мерейтойы туралы былай деп пікір білдірді:
«Әкемнің 100 жылдық мерейтойы күллі қазақ үшін айтулы шара. Ол өз халқын шексіз сүйді. Жүрегін жарып шыққан әр шығармасынан еліне, жеріне деген ыстық махаббаты көрінеді. Әкемнің бейнесі мәңгі көз алдымда. Айтқан өсиеті мен ақылы әлі күнге құлағымда тұр».


Биылғы мерейтой қаралы хабармен басталды. Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікеліні биыл 11-ші наурызда дүние салды. Уақыт өтсе де, есімі өшпейтін ұлы тұлға мен оның отбасы халықтың мәңгі жадында қалмақ!
Жаңалықтар
- Алматы тау шаңғысы кластері жылына 7,5 млн турист қабылдай алады
- Ерейментауда жас футболшылар апатқа ұшырады: басшылық турнир туралы білмеген
- Полицейлер Алматы жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады
- Тоқаев Ресей энергетика министрін қабылдады
- Ақмола облысында балалар футбол командасы бар автобус төңкеріліп, жаттықтырушы қаза тапты
- Эр-Риядта Украина мен АҚШ делегацияларының кездесуі басталды
- Қазақстанда қауіпті жазбадан қорғайтын балалардың SIM карталары сынақтан өтіп жатыр
- Жаңаөзендегі лицей түлегін ұрып-соғуға қатысты түсініктеме берілді
- АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар өз еркімен кетуі тиіс
- «9 айыпты»: Шерзат ісіндегі куәгерлер бар сұмдықты жайып салды
- «Қазір қаруымды шығарып, атамын»: Шерзат көз жұмған түн туралы куәгер қыз баяндады
- Қазақстандық «Болашақ» стипендиаттары Флоридадағы атыс кезінде зардап шекпеді
- Елорда да 25 кәсіпорынға заңсыз шектеу қойылғаны белгілі болды
- Отарда сарбазды ұрып, жансақтау бөліміне түсірген сержант 3 жылға сотталды
- «Байбектің жұбайымен таныс»: Экс-судья Светлана Жолманованың алаяқтығы ашылды
- «Хуторлықтар» біздің көршімізді пышақтап, атып өлтірген – Қаржаубай Нұрымов
- Семейде мектеп мұғалімі оқушыны зорлағаны үшін өмір бойына сотталды
- Ақтөбеде аурухана қызметшілеріне тас төсеткізіп қойды
- Бөлшектеп, кішкентай табытқа тыққан: Қазақстанда «сұраусыз» мәйіттерді қалай жерлейді?
- «Daricorn жанжалдың ортасында қалды»: блогерге жауап берген бала буллингке ұшырады