Елімізде бизнесмендер үшін жоспарлы салық тексерістері алынып тасталды 

cover

Қазақстандық бизнес жоспарлы салық тексерістері кезеңінен шығып барады. Енді компаниялардың тізімдері жасалмайды, ал тексеру рәсімі толықтай электронды форматқа көшеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Жаңа жылдан бастап жоспарлы салық тексерістерін жүргізу тәжірибесі тоқтатылады — енді кәсіпкерлерді тек тәуекел-моделі бойынша ғана тексеретін болады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді:

«Мемлекеттік органдар жылына екі рет міндетті тексеріске арналған компаниялар тізімін енді жасамайды. Бақылау тәуекел-моделіне өтеді. Енді салық органдары тек жоспардан тыс тексерістер жүргізе алады».



Біржановтың түсіндіруінше, тексерістің өзі жүргізілетін тәртіп те өзгереді. Тексерісті екі реттен артық тоқтатуға болмайды. Кезеңдердің басым бөлігі электронды форматқа ауыстырылды. Офлайн түрде қалатыны — тек тексеріс жүргізу туралы бұйрықтың алғашқы рет қолма-қол табысталуы. Министрлік жаңартылған жүйе әкімшілік жүктемені азайтып, жұмыстың ашықтығын арттырады деп есептейді.

Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер мен төлем ұйымдары қазақстандықтардың шетелдік интернет-дүкендердегі барлық сатып алулары бойынша деректерді салық органдарына жолдай бастайды.

Есептер тоқсан сайын тапсырылады және нөлдік белсенділік жағдайында да міндетті болады. Қаржы министрлігі мұндай тәсіл салық әкімшілендіруін жақсартатынын және тексерістер санын қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 2023 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы есеп палатасы мемлекеттік органдар жұмысының салықтық жеңілдіктер және оларды әкімшілендіру бөлігіндегі тиімділігіне жүргізілген тексерудің нәтижелері туралы айтып, Сенатта салық жеңілдіктерін тексеру қорытындысы жариялап: «Жүйе де, бақылау да жоқ» деген болатын.

Ал 2024 жылы Қазақстан кәсіпкерлік белсенділік белгілері бар мобильді аударымдарды жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңінде тексеретін болған. 

2025 жылы  миллиондаған салықтан қашқан блогерлер қылмыстық іспен құрықталып жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар