Депутаттар қалашығы: Астанада сегіз миллиард теңгеге сатылып жатқан сарайдың иесі кім?

cover Фото: Krisha.kz

Елордадағы сол жағалауда, Есілдің жағасында көздің жауын алатын сәулеті келіскен, бағалары удай үйлер сатылып жатыр. Ең қымбат үйлердің суреті де, толық сипаттамасы да жоқ. Мәлімет толығымен құпия.

Orda.kz бұл үйлер жайлы ақпараттың неліктен осынша құпия сақталғанын және депутаттар қалашығындағы салтанатты ғимараттардың құны қанша екенін анықтап көрді.

Krisha.kz сайтындағы хабарламаларды шолып отырып, ең қымбат нысандар дәл осы депутаттар қалашығында орналасқанын байқадық. Аумағы жабық, ал терезесінен Есіл өзені көрінеді. Бағаларына қарап таңғалмасқа амал жоқ. Бәрінен бұрын «арзанырақ» дегенінен бастайық.

Мәселен, тоғыз бөлмелі, үш қабатты үй мен 20 сотық жер телімі бар нысанның бағасы — бар болғаны бір миллиард теңге. Ішінде терраса, сауна, кино және спорт залдары, тіпті қонақтарға арналған жеке киіз үй мен телескоп бар!

Бұдан да қымбат үйлер табылды. 17,5 сотық жердегі екі қабатты кірпіш үй қолдан жасалған италиялық жиһазбен безендірілген.

Төбесі жеті метр биік, өз фитнес-залы бар. Үйдің бағасы — екі миллиард теңгеге жуық. Иесі туралы ақпарат беймәлім.

Енді ең қызығы. Ең қымбат сарайлардың суреті мүлде жоқ. Мысалы, бірі алты миллиард теңгеге бағаланған. Сипаттамасы қысқа ғана: 12 бөлме, 80 сотық жер, төбенің биіктігі — сегіз метр.

Хабарландыруда былай деп жазылған:

«Депутаттар қалашығы — жабық аумақ, сапалы құрылыс және мәртебелі көршілерімен танымал аумақ. Мұнда бизнес өкілдері, саясаткерлер мен дипломаттар тұрады».

Ал тізімнің «інжу-маржаны» — 8 миллиард 90 миллион теңге тұратын сарай. Үйдің аумағы — 2100 шаршы метр, жері — 240 сотық. Барлық жағдай жасалған: гараж, монша, бассейн, бақ, жазғы ас үй, ет қақтайтын аймағы мен күзет бар. (Салыстыру үшін еске салсақ, Кәрім Мәсімовтің сарайы кезінде 1,8 миллиард теңгеге бағаланған).

Бірақ бір «әттеген-айы» бар: бәрін тек көзбен көруге болады және ол мүмкіндік кез келгенге берілмейді.
Біз риелторға хабарласып, үй жайлы ақпараттың не себепті құпия екенін сұрадық.

«Фото мен видео жоқ. Себебі сату жабық форматта жүреді. Үйді көру үшін сатып алушының аты-жөнін және жеке куәлігінің көшірмесін жіберу керек. Барлығын қабылдамаймыз», — деді жылжымайтын мүлік агенті.

Элитаға жататын мүлікті сатқанда осылай құпия ұстайды. Бәлкім, иелері мәміле жайлы бөтен адамдардың білгенін қаламайтын болар. Әлде аты-жөні елге танылған адамдар ма? Иә, кейде сатып алушылардың өздері де көпшілік назарына түскісі келмейді.

Қалашықта кімдер тұрады?

Депутаттар қалашығы шамамен 2014 жылы, бұрынғы саяжайлардың орнында салынған (ол кездегі қала әкімі — Иманғали Тасмағамбетов). Атауы қайдан шыққаны белгісіз. Қала орталығы қасында, ал іргеде Есілдің жағалауы тұр.

«Таза ауа, көркем жағалау, ыңғайлы жолайырық. Жанында Президент саябағы, Хазірет Сұлтан мешіті, Haileybury және Spectrum мектептері орналасқан», — деп сипаттайды риелторлар.

Айтуларынша, мұнда кәсіпкерлер, бұрынғы және қазіргі саясаткерлер, сондай-ақ жоғары лауазымды күштік құрылым өкілдері тұрады.

Автор: Зарина Файзулина

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар