Бітім бе, шатасу ма? АҚШ пен Иран келіссөздері үш түрлі жоспарға бөлініп кетті

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалған

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер күткен «бітімге» емес, түсініксіз көпқабатты сценарийге айналды. Бір келісімнің орнына — бірден үш түрлі жоспар пайда болған. Соның кесірінен тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптап отыр, ал нақты қай нұсқа талқыланып жатқаны әлі де анық емес. Orda.kz тілшісі жағдайға шолу жасады.

14 күндік атысты тоқтату туралы мәлімдемеден кейін жағдай тіпті шиеленісе түсті. Израиль Ливандағы Хезболла нысандарына соққыны күшейтті. Иран бұл әрекетті бітімді бұзу деп бағалады. Ал АҚШ пен Израиль Ливандағы операциялар келісімге кірмейтінін ашық айтты. Яғни, тараптар бір келісім туралы сөйлеп отырған жоқ — әрқайсы өз «ережесімен» әрекет етіп жатыр.

Келіссөздердің өзі де бір арнамен жүрмегені белгілі болды. Пәкістан арқылы орнатылған байланыс кезінде Иран мен АҚШ бір емес, екі түрлі келісімді қатар талқылаған. Кейін үшінші нұсқа да пайда болған. Осы жайтты АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс журналистерге растады. Оның айтуынша, Иран келіссөздерге 10 тармақтан тұратын үш бөлек жоспар ұсынып, жағдайды одан әрі шатастырып жіберген.

Вэнстің сөзінше, алғашқы жоспар тым шикі болған — тіпті «ChatGPT жазғандай» деп сипаттады. Бұл нұсқа Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерге жіберілгенімен, бірден қабылданбай, кері қайтарылған. Екінші жоспар әлдеқайда нақтырақ болған және АҚШ, Пәкістан және Иран арасындағы белгілі бір келіссөздерге негізделген. Вэнс дәл осы нұсқаға Дональд Трамп өзінің Truth Social желісіндегі жазбасында сілтеме жасағанын айтты.

Ал үшінші жоспар әлеуметтік желілерде тараған. Вэнстің бағалауынша, бұл нұсқа бірінші жоспардан да қатаң әрі талаптары ауыр. Яғни келіссөз алаңында нақты бір құжат емес, бірнеше параллель ұсыныс қатар жүрген. Соның салдарынан тараптар бір-бірін дұрыс түсінбей, келісімнің өзі күмәнді күйде қалды.

@ordaqazaqs

АҚШ пен Иран арасында бір емес, 3 түрлі жоспар жүр. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс? 14 күндік бітім жарияланған соң Израиль ливандық Хезболлаға шабуыл үдеткен. Осы тұста Иран тарабы мұны бітімді бұзу деп бағалады. АҚШ пен Израиль болса Ливандағы Хезболла ісі атысты тоқтату келісіміне кірмейтінін мәлімдеді. Сөйтсек, Пәкістан арқылы орнатылған байланыста Иран мен АҚШ бір емес, екі түрлі келісімді талқылаған. Артынша үшінші нұсқа да шыққан. @AQULTAY 🇰🇿

♬ түпнұсқа дыбыс - ORDA

Бұл арада Израильдің позициясы да жағдайды күрделендіріп отыр. Вэнстің айтуынша, Израиль Иранмен келісімге келу үшін Ливанға жасалып жатқан соққыларды уақытша тоқтатуды ұсынған. Бірақ сонымен қатар АҚШ та, Израиль де Ливанды ресми бітім шарттарына қоспаған. Яғни бір жағынан тоқтатуға дайын, екінші жағынан келісімге енгізбейді — бұл да негізгі қайшылықтардың бірі.

Ақ үй қазіргі жағдайды «түсінуге болатын түсініспеушілік» деп сипаттап отыр. Бірақ іс жүзінде бұл — келіссөздердің жүйесіз жүріп жатқанын көрсетеді. Бір келісімнің орнына бірнеше нұсқа ұсынылуы дипломатиялық процесті әлсіретіп, сенім дағдарысын күшейтеді.

Сонымен қатар, Вашингтон қысымды азайтпайтынын да аңғартты. Дональд Трамп Иран маңындағы әскери күштерін әкетпейтінін мәлімдеді. Егер 11 сәуірге жоспарланған келіссөз нәтиже бермесе, АҚШ соққыларды қайта бастауға дайын. Осылайша, қағаз жүзінде бітім бар сияқты көрінгенімен, іс жүзінде тараптар әртүрлі шартпен әрекет етіп отыр. Ал бұл — уақытша тыныштықтың артында жаңа шиеленіс дайын тұрғанын білдіреді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар