«Баламды ауру қылды»: БҚО-да ата-ана ұлын азаптады деп психикалық орталықты айыптады
Коллаж: Orda.kz
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны кәмелетке толмаған ұлының облыстық психикалық денсаулық орталығында заңсыз ем қабылдағанын және соққыға жығылғанын мәлімдеді. Ата-анасы прокуратура мен тиісті органдардан дереу тексеріс жүргізуді талап етіп жатыр.
Orda.kz тілшісіне баланың анасы сұхбат берді.
Баланың ата-анасы мектепте оқып жүргенде ауыр психотроптық дәрілерді берген соң, баланың психикасы бұзылып, психикалық денсаулық орталығына жатқызуға мәжбүр болған. Енді психикалық денсаулық орталығында жатқан соң «жағдайы жақсарар» деп үміт еткенде ұрып-соққандарын біліп анасының бауыр еті езілген.
Жалпы оқырманға түсінікті болу үшін оқиғаны басынан бастайық. 2015 жылы Галияш өзінің ұлы Құзанбай Исабекті бірінші сыныпқа апарады. Арада біраз уақыт өткенде мектеп мұғалімі Исабектің анасына шағымданады. Мұғалімнің айтуынша, Исабек сабақ үстінде орнынан тұрып кете берген. Мектеп мұғалімі анасына психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға апаруға кеңес береді.
«Мен еш қарсылықсыз баламды апардым. Олар бізге «Көңіл аудармағаннан туған синдром және гиперактивті әдетінің бұзылуы», («синдром дефицита внимания и гиперактивности с поведенческими нарушениями»), ротацизм деп айтты. Осындай диагноз қойды», — деді анасы.
Анасы баласының бірінші сыныпқа барғанда анық сөйлегенін айтты.
«Біз әртүрлі дәрігерге барып қаралдық. Әрқайсысы әртүрлі диагноз қойды. Сонымен қатар жалған диагноз қойды. Балам бірінші сыныпқа барғанда тақылдап сөйлеп тұрды. Ол тек сабақ кезінде орнында отыра алмағаны болмаса, денсаулығында психикасында проблема болмаған. Ешқандай агрессия болмаған, керісінше кішкене ұяңдығы бар еді. Мен бұл дәрігерлердің алдына барғанда баламның іші ауыратындығын айтқанмын. Баламның ішінде құрт бар еді. Сол себепті сабақ кезінде отыра алмады ма деп ойлаймын. 2019 жылы сонапакс (ред. кей жерлерде санапакс) деген дәріні берді. Бұл дәріні ішкеннен кейін балам қатты өзгеріп кетті. Тамақ ішуден қалды», — дейді анасы.
Сонапакс — жүйке жүйесіне тікелей әсер ететін күшті психотроптық препарат. Невроз, мазасыздық, ашуланшақтық, ұйқысыздық кезінде дәрігерлер ішуге нұсқау береді. Соның ішінде балаларға сирек береді. АҚШ-тың Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығының (National Center for Biotechnology Information) ресми парақшасында жүрек соғысын бұзатындықтан дәл осы дәріні нарықтан алып тастағаны жазылған. Дегенмен оған ұқсас жалпылама дәрілер қатаң шектеулер қойыла отырып, сатылады. Ал Қазақстанда көріп отырғандарыңыздай дәрігер нұсқауымен беріледі.
Анасының айтуынша дәрігерлер баланың ішінің ауыратындығына қарамастан психотроптық ауыр дәрілерді беріп, балаға ауру «жамап» берген.
«Уақыт өте балам өте ашушаң болып кетті. Психикалық денсаулық орталығына жатқызуға тура келді. Ол жақтан көп қысым көріп жатыр. Барған сайын денесінің көгергенін көреміз. Кейде тіпті карантин деп айлап апталап көрсетпей қояды. Бірнеше аптадан кейін кездескенде көзі көгеріп сарғайып қайтып келе жатқан іздерін көремін. Момын баламның өзгергені соншалық қазір бір орында тұра алмайды. Үйге алып келсек, кетіп қала береді. Сол үшін осы орталыққа жатқызуға мәжбүрміз», — деп анасы көз жасын тыя алмады.
Анасы баласының тек психотроптық дәрілермен емделіп жатқанына қынжылады. Тіпті ол ем көмектеспей жатыр деп налып отыр. Оқушының ата-анасы арыз жазған.
Анасының айтуынша аурухана оқушының ауруы жайлы мәліметтерді базадан өшіріп тастаған.
Анасының сөзінше, ұлына ауыр диагноз телемедицина арқылы – қашықтан, ата-анасының және басқа да мамандардың қатысуынсыз, нақты медициналық тексерусіз қойылған. Ол мұны «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің, сондай-ақ ҚР ДСМ-нің 2021 жылғы 1 ақпандағы № 12 бұйрығының талаптарының өрескел бұзу деп есептейді.
«Балама қатысты телемедицина жасалып, шизофрения деген ауыр диагноз қойылды. Бұл жердегі заңсыздық кәмелеттік жасқа толмаған оқушының ата-анасының қатысуынсыз телемедицина жасалып осындай ауыр диагноз қойылған», — деді анасы.
Галияш Күлбалаеваның айтуынша, 2009 жылы туған ұлы 2022 жылдан бері бірнеше рет БҚО психикалық денсаулық орталығына (ЦПЗ) жатқызылып, психотроп дәрілермен негізсіз ем қабылдаған.
«8 тамыз күні ұлым ауруханадан қашып кетіпті. Біз сол күні үйде болмаған едік. Бұл баламның алғаш сол мекемеден қашып кетуі емес. 8 тамыз күні балам үйге қашып келгенде артынан бір топ медицина қызметкерлері қуып келіп, көлікке отырғызып шашынан жұлып ұрған. Ұрып жатқан кезде көршіміз көріп қалып жүгіріп келіп: «неге ұрып жатырсыңдар?» деген кезде: «шаруаң болмасын» деп көліктің есігін жауып, алып кетіп қалған. Енді осы куәгердің сөзімен арыз жазсақ, прокуратура қайта-қайта істі жауып тастап жатыр», — деп оқушының ата-анасы қынжылды.
Осы оқиғадан кейін әкесі екі күн қатарынан ұлын медициналық сараптамаға апаруға тырысқанымен, оған рұқсат берілмеген.
Әкесінің айтуынша, қашқаннан кейін ол ұлын көруге инспектор Айгүл Кәрімовамен бірге барған. Полиция қызметкері жалғыз өзі кіріп, баланы көрген. Бірақ карантин деп, әкесін ішке кіргізбеген. Сол кезде Айгүл Кәрімова баланың денесінде бұрын алған жарақаттарымен қатар көгерген жерлері бар екенін хабарлаған. Анасының сөзіне сенсек, ұлын жедел жәрдем көлігінің ішінде бес медицина қызметкері ұрып-соққан. Бұл жайтты оның Максим деген көршісі көргенін айтып, жазбаша арыз жазған.
Заңгер баланың әкесіне орталықтың дәліздеріндегі бейнекамера жазбаларын дереу сұратуға кеңес берген. Олардың сөзінше ұлдары бұл мекемеден үшінші рет қашып отыр. Оған себеп ұрып-соғу мен азаптау фактілері болуы мүмкін деген ой ата-ананың санасын сан саққа жіберіп, жанын жегідей жейді.
Күлбалаева прокуратурадан және құзырлы органдардан баласының құқығын қорғауды, заң бұзушылықтарды анықтауды, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді. Егер өтініші қаралмаса, ол бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, барлық заңсыздықтарды толық жариялайтынын ескертті.
Orda.kz осы оқиғаға байланысты орталыққа арнайы сауал жолдаған болатын. Батыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығы Исабек Құзанбайдың денсаулығына қатысты мәліметтер науқастың немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімінсіз жарияланбайтынын хабарлады. ШЖҚ «ОПДО» МКК директоры А.Қалибековтың айтуынша, шешімге қатысты шағымды Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс тәртібімен беруге болады. Ал заңды өкілі, яғни ата-анасы болса бұл «қашқалақтау» деп отыр.
Orda.kz жолдаған арнайы сауалға денсаулық сақтау министрлігі ресми жауап берді. Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті Исабек Құзанбайға көрсетілген медициналық көмекке қатысты ресми түсініктеме жолдады. Ведомство мәліметінше, «2023 жылғы 7-20 қыркүйек аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілген».
«РММ-мен 2023 жылғы 7-20 қыркүйек аралығында жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижелері бойынша «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК-сі деңгейінде көрсетілген медициналық көмек диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізілген. Сондай-ақ, 2024 жылы 21-ші мамырда Министрліктің тапсырмасымен «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық отралығы» ШЖҚ РМК (бұдан әрі – РПДҒПО) бас директоры м.ғ.д. К. Алтынбеков және РПДҒПО дәрігерлері комиссиялық тексеру жүргізді. 2022 жылдан бастап республикалық деңгейде Алматы қаласының РПДҒПО деңгейінде ем-шара алу бірнеше рет ұсынылды, алайда олар бұдан үзілді-кесілді бас тартқан», деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Министрлік психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары бар адамдарды стационарға емдеуге жатқызу оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылатынын айтады. Егер ата-анасы қарсы болса, «емдеуге жатқызу сот тәртібімен жүргізіледі». Қорытындылай келе, министрлік «өтініште көрсетілген кейбір мәселелер жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіретінін хабарлап, Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасына жүгінуді ұсынды.
Сондай-ақ «психиатриялық стационар палаталарында және арнайы көліктерде бейнекамераларды орнату көзделмеген» деп нақты жауап қайтарды.
Жаңалықтар
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды
- Стоматологиядағы бала өліміне қайталама наркоз бен ескерілмеген препараттар себеп болуы мүмкін — сарапшы
- БЖЗҚ нарықты шайқады: жарты триллион теңгеге жуық аударым баспана бағасын шарықтатып жіберді
- Әлем чемпионаты: 2026 жылдың топтық кезеңі белгілі болды
- Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, туған күнімен құттықтады
- 2026 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуда ҚҚС қалай жұмыс істейді
- Ақмола облысында автобус пен экскаватор соқтығысып қалды, зардап шеккендер бар
- Қазақстан енді ақбөкен мүйіздерін заңды түрде экспорттай алады
- Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН беру тоқтатылды
- 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының алауы Римде жағылды
- Елімізде бизнесмендер үшін жоспарлы салық тексерістері алынып тасталды
- Дәулет Тұрлыханов Қазақ күресі федерациясының басшысы қызметінен кетті
- Еріктілік туралы: Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында сөз сөйледі