Балалар онкологиясымен күрес күні: Қазақстандағы негізгі көрсеткіштер

cover Фото: gov.kz

15 ақпан халықаралық Балалар онкологиясымен күрес күні. Осыған орай Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ауыр дертпен күресіп жатқан балалар мен олардың отбасыларына қолдау білдіретіндерін атап өтті, деп хабарлайды Orda.kz.      

Министрлік мәліметінше, соңғы 10 жылда елдегі балалар онкологиясының сырқаттану деңгейі тұрақты сақталып, 100 мың балаға шаққанда орта есеппен 9,7 жағдай болады. Аурудың бұл түрінде жедел лейкоздар басым (36 пайыздан астам), одан кейін орталық жүйке жүйесі ісіктері (20 пайыз) мен лимфомалар (7 пайыз) болады. Бұл көрсеткіштер Еуропа елдеріндегі жағдаймен сәйкес келеді.

Қазақстанда балаларға кешенді заманауи ем жүргізіледі. Оның ішінде химиотерапия, иммундық және нысаналы терапия, жоғары технологиялы хирургиялық әдістер, сәулелік ем және 2012 жылдан бері қолданылып келе жатқан гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау бар. Соңғы жылдары диагностика мен емдеудің халықаралық стандарттары кеңінен енгізілген.

Ел бойынша жыл сайын шамамен 5 мың бала ем қабылдайды. Бес жылдық өмір сүру деңгейі 71 пайыздан асыпты, ал кейбір диагноздар бойынша бұл көрсеткіш 80 пайыздан жоғары. Тұрақты ремиссияға жеткен балалардың жыл сайын 500-ден астамы есептен шығарылады.

Биыл Қазақстанда протондық терапия, йодтерапиясы және ми ісіктері мен тамыр патологияларын емдеуге арналған жаңа технологиялар қолжетімді болмақ. Денсаулық сақтау министрлігі балалар онкологиясын дамыту және ауруды ерте анықтау ел медицинасының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар