Қажыгелдин Тоқаев туралы ойларымен бөлісті

cover

Қазақстанның экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының төрағалығын алу арқылы саяси күш-қуаты туралы өз пікір білдірді.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың еркіндігі кеше де күшейетін еді... мінез көрсетсе... Қолыңда билік пен қуат жеткілікті. Ол кісі Нұрекеңді (Нұрсұлтан Назарбаев) бір түн ішінде рахмет айтып, ұшаққа отырғызып, Түркия немесе Біріккен Араб Әмірлігіне «Барыңыз аға! Сол жақта демалыңыз. Керек болса келіп тұрыңыз. Ешқандай әңгіме жоқ. Сөзімде тұрам. Ешкімге тигізбеймін. Бірақ, мына биліктен тайыңыз! Жетеді» деп айта алады. Бірақ оған бара алмай отыр. Мінез! – деді Қажыгелдин Азаттыққа берген сұхбатында.

Сонымен қатар, экс-премьер саяси реформалар туралы сөз қозғады. Ол реформаларды бес жылда істеген Қытай басшысы болған Дэн Сяопинды үлгі ретінде көрсетті.

– Реформа жасайтын болсаңыз. Жылдам жасау керек. Ешқандай реформа 10-15 жылға созылмау керек. Ол реформа емес. Көрші мемлекетіміз бар – Қытай. Дэн Сяопин 5 жылда жасады. Реформа жасасаң – тез жаса! Жасамасаң тұрып кет! Реформа оңай нәрсе емес, ал саяси реформа өте жеңіл. Бір сөздің іске баратын болса, 18 айда жасауға болады. Мінез жоқ болып тұр. Нұрекен кетпей, ешқандай өзгеріс болмайды, – деді Қажыгелжин.

Оның айтуынша, тұңғыш президент балалары мен немерелері туралы уайымы көп.

– «Балаларым не болады? Немерелерім не болады?» ойы сонда. Себебі 25 жылда жасаған жақсылықтары бар. Бірақ, заңды бұзғандары да бар, – деп түйіндеді экс-премьер.

Әкежан Қажыгельдин – 1993-1997 жылдар аралығында Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарды.

1997 жылдың күзінде Әкежан Қажыгелдин өз еркімен премьер-министр қызметінен кетті. 1998 жылғы наурызда Қажыгелдин ҚР өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті болып сайланды.

Осы кезеңде Әкежан Қажыгелдин мен президент Назарбаевтың саяси көзқарастарында сәйкессіздіктер анықталды. 1998 жылдың жазында Алматыда «Қазақстан: таңдау құқығы» кітабы жарық көрді. Онда Қазақстандағы саяси жүйенің сын-ескертпесі бар. Қажыгелдин елде азаматтық қоғам құруды, биліктің сайлануы мен ауысуын, мемлекеттік шешімдер қабылдауға қоғамның қатысуын, сот билігінің тәуелсіздігі мен БАҚ-тағы бостандығын жақтады. Ол «жұмсақ авторитаризмнен» толыққанды демократияға көшу талабын тұжырымдады.

Наразылық белгісі ретінде Қажыгелдин 1998 жылдың қазан айында өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының президенті және Назарбаевтың штаттан тыс экономикалық кеңесші өкілеттігінен кетті.

8 қазанда Ә. Қажыгелдин алдағы ҚР Президентінің сайлауына өз кандидатурасын ұсыну ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, экс-премьердің жоғары саяси рейтингі оған Назарбаевпен тиімді бәсекелесуге мүмкіндік берген.

1998 жылдың қазан айында Алматы қаласының Медеу аудандық соты Қажыгелдинге «Адал сайлау үшін» қозғалысының құрылтай жиналысына қатысқаны үшін айыппұл салды. Осы үкім негізінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қажыгелдинді президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты.

Қажыгелдин сайлауға қатысудан шеттетіле отырып, Қазақстанның ең танымал саясаткерлерінің бірі болып қала береді. 1998 жылғы желтоқсанда оның бастамасы бойынша Мәскеуде ҚР демократиялық күштерінің Конгресі өтті. Оған қатысушылар Қазақстанның республикалық халықтық партиясын (РҒПК) құру туралы шешім қабылдады.

1998 жылдың 17 желтоқсанында партияның Алматыдағы құрылтай съезінде Әкежан Қажыгелдин РҒПК төрағасы болып сайланды.

1999 жылы экс премьерге халықаралық іздеу жарияланды.

2001 жылғы 13 шілде — бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің айыбы бойынша қылмыстық іс аяқталуға жақын. Айыптау: билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, бопсалау және бірнеше рет пара алу, олардың мөлшері миллиондаған доллармен есептеледі. Мемлекетке жүздеген миллиард теңгеге тең залал келтірілді. Сондай-ақ, оған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау және беру және салық төлеуден жалтару бойынша айып тағылды.

2001 жылғы 6 қыркүйекте ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Бектас Бекназаров АҚШ-та тұратын сотталушы Қажыгелдинді қылмыстық кодексінің 311-бабы 4-бөлігінің а, в, г тармақтарында; 308-бабы 1-бөлігі; 251-бабының 2-бөлігі көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониясында жазасын өтей отырып және мүлкін тәркілей отырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру шешімі қабылданды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар