Астанада 5 жасар баланы пышақтаған жасөспірімнің диагнозы маманның күмәнін тудырды

cover Фото: pixabay

Психиатриялық диагнозы бар жасөспірім неліктен агрессияға бой алдырып, лифт ішінде балаға шабуыл жасады ? Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін психикалық ауытқуы бар балалар мен жастарға қандай көмек ұйымдастыру қажет және бұл үшін кім жауапты екенін Orda.kz  осы саланың мамандарынан сұрастырды.

Астанада болған жантүршігерлік жағдай көпшілікті алаңдатып қойды. 2010 жылы туған жасөспірім тұрғын үйлердің біріндегі лифт ішінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасап, оның бетін жарақаттаған. Тұрғындардың айтуынша, оқиға қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Е-15 көшесіндегі үйде болды.  

Жараланған балаға №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінде шұғыл түрде ота жасады. Қазіргі таңда оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.

Фото: бейнеден кадр
Фото: бейнеден кадр

 Жауапкершілік кімнің мойнында?

Шабуыл жасаған жасөспірім ұсталды, ол психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған бала. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық тергеу жүргізілуде.  

Сонымен қатар, жасөспірімнің заңды өкілдері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Бұл бап ата-аналар мен заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамауына қатысты. Баптың үшінші бөлігі ата-аналық міндеттердің орындалмауы салдарынан баланың қылмыс жасаған жағдайларын қарастырады. Бұл бойынша жаза – 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу. Шешімді сот шығарады.

Кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыстық іс, болжам бойынша, суық қаруды қолдану арқылы жасалған бұзақылық бабы (293-бабы, 3-бөлімі) бойынша қаралады. Егер жасөспірімнің ақыл-есі дұрыс деп танылса, оған 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.  

Лифттегі оқиғаға қатысты заңдық жауапкершілік мәселесін адвокат Саида Сүлейменова  Facebook-тегі жазбасында жан-жақты түсіндірді.  

Оның пікірінше, бірнеше маңызды аспектіні қарастыру қажет:

1. Айыпталушының жауапкершілігі

Егер айыпталушы кәмелетке толмаған және «шизофрения» диагнозымен Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған болса, бірақ белгілі бір себептермен тиісті бақылаудан шығарылған болса, онда келесі мәселелерді анықтау қажет:  

  • Ол әрекетке қабілетті болды ма, әлде әрекетке қабілетсіз деп танылды ма?  
  • Егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылған болса, оның жауапкершілігін заңды өкілдері (ата-анасы немесе қамқоршылары) көтереді.  
  • Егер ол әрекетке қабілетті деп есептелсе, бірақ психикалық ауытқуы болса, оның әрекеттері ҚК-нің 16-бабы (есі дұрыс еместік) бойынша қарастырылады.

2. Кәмелетке толмаған айыпталушының ата-анасының жауапкершілігі

  • Баласының емін жеткілікті деңгейде бақыламаса 
  • Дәрігерлердің нұсқауларын орындамаса  
  • Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төнуіне жол берген болса 

Бұл әрекеттер ҚК-нің 140-бабына, яғни «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауға» сәйкес қарастырылуы мүмкін.

3. Психикалық денсаулық орталығының жауапкершілігі

  • Пациентті емдеу және шығару барысында немқұрайлылыққа жол берілсе (ҚК 317-бабы – «Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы»).  
  • Кейінгі бақылау мен қадағалау шаралары қабылданбай, бұл қылмысқа алып келсе.

Осындай жағдайлар анықталса, медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

4. Жәбірленуші баланың ата-анасының әрекеттері  

Зардап шеккен баланың ата-анасына келесі қадамдарды жасау қажет.

  • Құқық қорғау органдарына (полицияға) қылмыс туралы арыз беру.  
  • Баланың мүддесін қорғау үшін адвокат көмегіне жүгіну.  
  • Моральдық және материалдық шығынды өндіру мақсатында азаматтық талап арыз беру.  
  • Егер медициналық қателік анықталса, дәрігерлерге қатысты денсаулық сақтау органдарына шағым түсіру.

Еліміздегі психиатрияның осал тұстары  

Оқиғадан кейін көптеген адамдар, көпшіліктің санасында келесі сұрақтар туындады:
- Неліктен психикасы тұрақсыз жасөспірім қалада пышақпен еркін жүріп, лифтте балаларға шабуыл жасайды?  
- Ол неге оқшауланбаған, неге психиатриялық клиникаға жатқызылмаған?  

Осы сұрақтарға жауаптардың бірін «Қорғау» қорының жетекшісі, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталықтары желісінің негізін қалаушы Анна Рыльдің  Facebook-тегі жазбасынан таптық.

«Біз қанша адамның психикалық диагнозы бар екенін білмейміз, бұдан ешкім сақтандырылмаған. Көптеген агрессивті және қауіпті адамдар психикалық ауруға шалдыққанымен, әрдайым тексеруден өтпейді. Психиатриялық аурулардың ремиссия кезеңдері (сау күйі) болады, кейде бұл ұзақ жылдарға созылатын тұрақты ремиссия болуы мүмкін. Бірақ, сырқаттың асқынуы біртіндеп те, күтпеген жерден бір сәтте де орын алуы мүмкін», – деді Анна Рыль.

Анна Рыль өз жұмысында психикалық тұрақсыз адамдармен жиі бетпе-бет келгенін айтады – олардың арасында зорлық-зомбылық құрбандары да, оны жасаушылар да болған. Сондай-ақ, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық орын алған отбасыларда өскен балалар арасында да мұндай жәйттар жиі кездеседі.  

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда психиатриялық көмек алу белгілі бір кедергілерге тап болады.

«Бізде психоневрологиялық патологиялары бар адамдарға көмек көрсету жүйесі фрагментті түрде ғана жұмыс істейді. Оларға арналған инфрақұрылым, бақылау жүйесі, арнайы орта, күндізгі орталықтар, сондай-ақ,, оларды жұмыспен қамту шаралары болуы қажет. Егер ата-анасы жұмыс істесе, мұндай балалар үнемі бақылауда болып, бір іспен айналысуы керек. Оларды қолдайтын ұйымдарға барынша көмек көрсетілуі қажет. Ал бізде не ЖСН жоқ, не тіркеу жоқ, не ауруханаға бекіту қиын, немесе үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсету үшін лицензиялау талап етіледі», – деді Рыль.

Өз кезегінде, жасөспірімдер арасында психоневрологиялық диагнозы бар балалармен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан педагог-психолог Күлдрайхан Жүнісбекова Қазақстанда мұндай пациенттерге көмектесетін инфрақұрылым бар деп есептейді. Алайда, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және білім беру ұйымдары арасында үйлесімділік жоқ екенін айтты. 

«Бізде мамандар да, белсенді дамып келе жатқан жүйе де бар. Бірақ түрлі ведомстволардың өзара байланысы жоқ, олар бірге әрекет етіп, көмек көрсете алмайды. Ал бізде керісінше, психоневрологиялық аурулары бар балаларға мектептерде күмәнмен қарап, оларды бірден оқшаулауды, үйден оқытуды ұсынады», – деді Жүнісбекова.
Күлдрайхан Жүнүсбекова жасөспірімнің диагнозына күмән келтірді. Оның айтуынша, «шизофрения» диагнозы бұл жаста өте сирек қойылады, сондықтан әлеуметтік желілерде тараған ақпарат – жергілікті тұрғындардың болжамдары болуы мүмкін. Олар жасөспірімнің психиатриялық есепте тұрғанын білгендіктен, осындай қорытынды жасаған болуы мүмкін.

Егер жасөспірім бұрыннан психикалық ауытқулар белгілерін көрсетіп, өзіне жарақат салса, өзгелерге шабуылдаса немесе агрессия танытса, онда оны оқшаулауға негіз болушы еді. Бірақ, шамасы, ондай жағдайлар болмаған. 

«Енді біз барлық балалардан күмәндануымыз керек пе? Психоневрологиялық аурулары бар балаларды торға жаба алмаймыз. Оларға толыққанды өмір сүру үшін қоғамға араласу қажет. Бұл мәселемен дәрігерлер мен білім беру жүйесі айналысуы керек, бірақ олар мұндай балаларды қоғамнан алыстатпауы тиіс. Егер балалар қоғамға кіріктірілмесе, олар қоғамда қалай әрекет ету керектігін үйренбейді. Ал бізде онсыз да мұндай балалар көп, егер оларды оқшаулау жалғаса берсе, қоғам оларды қабылдамайды», – деп қортындылады маман. 

Еске сала кетейік, кәмелетке толмаған жасөспірім 11 ақпанда лифт ішінде бес жасар балаға шабуыл жасады. Кейінірек белгілі болғандай, бұл жасөспірім бұған дейін лифт ішінде кішкентай қызға да тиіскен, оны қорқытқан, кетуіне мүмкіндік бермеген, тіпті пышақ шығарған. Алайда біреу оны үркітіп жіберіп аман қалыпты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар