Әскерде зорлық көргені туралы жалған ақпарат таратып, жылу жиған жігіт қамауға алынды

cover Фото: freepik.com

Полиция желіде жалған ақпарат таратқан 23 жастағы астаналық тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Orda.kz. 

ІІМ мәліметінше, 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы бір желі қолданушысы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған сұмдық оқиғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін мәлімдеген. Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолданушыларының назарын аударатындай егжей-тегжейлі мәліметтер келтірілген. Ол өзіне шетелге кету қажеттігін жеткізген. Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген. Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген. 

«Алайда шотты тексеру үшін полицияға жүгінген бір желі қолданушысының қырағылығының арқасында жазба авторының жалған әрекеттері әшкереленді. Жедел қызметкерлерге тек реквизиттер ғана емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Барлық күдік есепшот иесі - 17 жастағы жасөспірім екені анықталғаннан кейін расталды», деп хабарлады полиция. 


Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауды өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам адам ақша жіберіпті.  Жазба авторы ұсталды. Жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар