Арайлым Қожамұратова ісіндегі заңбұзушылықтар мен менеджерлердің рөлі қандай?

cover Фото: Orda.kz

Арайлым Қожамұратоваға қатысты сотта жәбірленушілер тапсырыс пен төлемнің аймақтардағы менеджерлердің жеке шоттары арқылы қабылданғанын айтты. Осыған байланысты сотта менеджерлердің рөлі мен шығын үшін кім жауап беретіні талқыланды. Соттан кейін қорғау тараптың адвокаттары іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арайлым Қожамұратоваға қатысты кезекті сот отырысында жәбірленушілерден жауап алынды. Іс бойынша негізгі күдікті ретінде Арайлым Қожамұратова танылғанымен, сот барысында бірқатар жәбірленушілер келтірілген шығынға Қожамұратованың қол астында жұмыс істеген менеджерлердің де қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оларды тексеріп, жауап алуды сұрады. Orda.kz тілшісі сот отырысына қатысып, істің мән-жайын анықтады.

Аталған іс бойынша Арайлым Қожамұратовадан бөлек тағы 12 адам сотталушылар қатарында. Олардың басым бөлігі — оның жақын туыстары. Қазіргі уақытта үш адам кепілмен босатылып, сотқа айыпталушы ретінде қатысып отыр, ал қалған он сотталушы тергеу изоляторында қамауда. Өткен сот отырысында туыстары  тергеу изоляторында отырған 12 сотталушы негізінен Қожамұратованың қол астында қоймада жүк тасып жүрген әрі төлемдер мен тапсырыстарға тікелей қатысы жоқ адамдар екенін айтқан еді. Туыстарының айтуынша, оларды тек  Арайлым Қожамұратованың туысы болғаны үшін қамап отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, 298  жәбірленушінің алда әлі 80-нен астам жәбірленушілерден жауап алынуы керек. Жәбірленушілердің басым көпшілігі Қазақстанның түпкір-түпкірінен. Ең қызығы, жауап алу барысында көбісі тапсырысқа ақшаны тікелей Қожамұратоваға емес,  әр қалада белгіленіп қойған менеджерлерге аударған екен. Сұрастыра келе кейбір менеджерлерге тіпті қылмыстық іс қозғалған болып шықты. Ал ол менеджерлерден тапсырыс қаражаты Қожамұратованың есеп-шотына түскен түспегенін кейбір жәбірленушілер дәлелдей алмады. Себебі іс құжаттарында төлем түбіртектері болмай шықты. Судья Самал Кеңесова келесі сот отырысына осы дәлелдерді жеткізуді тапсырды.

Қожамұратова 2018 жылдан бері саудамен айналысып, тапсырыс алып жеткізіп келген екен.Нақты қылмыстық іс 2022 жылғы тапсырыстарға қатысты қозғалған.

Еске салайық, айыптау актісіне сәйкес, қазіргі таңда бұл іс бойынша 298 жәбірленушінің арызы қаралуда, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 4,6 млрд теңгеден асады.  Бұған дейінгі сот отырысында қорғаушылар сот тарапынан өрескел заңбұзушылықтар болғанын айтып, сотталушылардың 32 күн бойы тергеу изоляторында заңсыз ұсталғанын мәлімдеп, судья  Самал Кеңесоваға адвокаттар қарсылық білдірген еді. Іс 2023 жылы тергеліп басталғанымен, сот процесі тек 2025 жылдың мамыр айында басталды. Айс Мұратова есімімен танымал кәсіпкер Арайлым Қожамұратова Қытайдан арзан тауар әкелемін деп азаматтардан ақша жинап, уәде етілген тауарды жеткізбеді деген күдікпен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни алаяқтық дерегімен айыпталып отыр.

Жалпы Арайлым Қожамұратоваға қатысты істе менеджерлердің рөлі қандай соған тоқатала кетсек. 

Тапсырыс беру схемасы қалай жұмыс істеген? Сотта белгілі болғандай, Арайлым Қожамұратова негізін қалаған  «Шын Сауда» ЖШС арқылы ыдыс-аяқпен қатар жиһаз, кілем және үйге қажетті өзге де тауарлар сатылған. Алайда тапсырыстардың басым бөлігі Қожамұратованың өзіне емес, аймақтардағы менеджерлер арқылы қабылданыпты.

Жәбірленушілердің жауаптарында ортақ WhatsApp топқа қосылу үшін де ақша алынғаны айтылды. Көп жағдайда төлемдер менеджерлердің жеке Kaspi шоттарына аударылған. Алайда бұл қаражаттың ары қарай қайда бағытталғаны нақты белгісіз. Соған қарамастан, жәбірленушілердің басым бөлігі шығынды тікелей Қожамұратовадан өндіруді талап етіп отыр.

Сотта жауап берген жәбірленуші Сидеренко Дүйсенбаева Анар өзіне ортақ чатқа кіру үшін адамдардан 300 мың теңгеден алғанын айтты. Осыған байланысты қорғау тарабы судьядан Дүйсенбаевадан қайта жауап алуды сұрады. Себебі сот барысында бұл дерек бірнеше рет аталған. Ал Сидеренкоға Мурзабекова деген менеджер арқылы тіркеліп, тапсырыс пен ақаша аударымын соған аударған,  одан кейін нақты ақшаны Қожамұратоваға аударды деп ойлап отыр. Алайда сотта анықталғандай, Мурзабекованың өзі де жәбірленуші болып шықты.


Сот барысында жәбірленуші Әлемгүл  Сарбасова бұған дейін тапсырыс берген тауарларын уақытында алып жүргенін, сондықтан күмәні болмағанын айтты. Алайда соңғы тапсырысында шамамен 2 млн теңге тауарға тапсырыс беріп, оны ала алмаған.

Сотта жәбірленушілердің жауаптарын тыңдау кезінде бірқатар қарама-қайшылықтар анықталды. Атап айтқанда, айыптау актісінде көрсетілген шығын көлемі мен сотта айтылған қаражат арасында айырмашылық бар. Сонымен қатар кейбір төлемдерге қатысты чек пен банк құжаттары іс материалдарында жоқ болып шықты.

Келесі жәбірленуші Баян Төлегенова тапсырыс үшін ақшаны Әділбекұлы Нұрғасырға аударғанын айтты. Сондай-ақ, сотта жауап берген жәбірленушілердің арасында үшінші немесе екінші тұлғалардың Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасағаны да анықталды. Бұл өз алдына заңбұзушылық болып есептеледі.

Сонымен қатар, сотта Алматы қаласының прокуратурасы Мөлдір Кәнісоваға қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Кәнісова Қожамұратованың қол астында жұмыс істеп, көпшіліктен тапсырыс пен төлем қабылдаған менеджерлердің бірі болған екен.  Сондай-ақ, сотта шамамен 49 жәбірленуші өздерінің қатысуынсыз сот процесі өткенін сұраған өтініш бойынша судья қанағаттандырып қаулы шығарды.  Алайда адвокат Рышқалиев олардың кейбірі өздерінің ондай өтініш-хат жазғандарынан хабарсыз екенін айтты. 

Қожамұратованың адвокаттары іс  басталғалы бері тергеу мен сот барысында қандай заңбұзулар болғанын және судьяға бір емес бірнеше рет қарсылық білдіргенін айтып берді.

Сот соңында адвокат Сағынтай Рышқалиев өтінішхат оқыды. 

«Бұл өтінішхатта қорғау тарапы соттың алдын ала тыңдауды заңсыз ұзартқанын көрсетіп отыр. Заң бойынша (ҚР ҚПК 321-бап) алдын ала тыңдау қаулы шыққан күннен бастап 10 тәулік ішінде өтуі керек және оның мерзімін ұзартуға болмайды. Алайда сот 2025 жылғы 26 мамырда алдын ала тыңдауды тағы 20 тәулікке ұзарту туралы қаулы шығарған. Бұл — ҚПК-ге де, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына да қайшы, яғни сот өз өкілетінен асып кеткен. Қорғау тарапы мұны елеулі процессуалдық заң бұзушылық деп санайды», — деді Рышқалиев.

Адвокат Рышқалиевтің  өтінішхатына қатысты судья Самал Кеңесова сот өткізу мерзімін  ұзартудың себебі істің көлеміне байланысты деп жауап берді.

Арайлым Қожамұратованың адвокаты Айдос Қалжатбай сот соңында осы іс бойынша сот отырысы басталғалы бері судья Кеңесоваға неліктен бірнеше рет қарсылық білдіріп, тергеу мен сот барысында қандай заңбұзушылықтар болғанын толығырақ айтып берді. 

  •  Айыптау актісінің заңсыз жасалуы
    Сотта анықталғандай, 05.05.2025 жылы күдіктілер мен қорғаушылар қылмыстық іс материалдарымен толық таныспай тұрып, прокурордың орынбасары жаңа айыптау актісін жасаған. Ал 22.05.2025 жылы бұрын іс материалдарында болмаған жәбірленушілер мен эпизодтарды қамтитын тағы бір жаңа айыптау актісі ұсынылған.
    Бұл әрекеттер ҚР ҚПК-нің 302-1-бабының 3-бөлігінің талаптарына қайшы келеді. Сонымен қатар 22.05.2025 жылғы айыптау актісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілмеген.
  • Қорғау құқығының шектелуі
    Сотталушы А.А. Қожамұратова 100 томнан астам іс материалымен толық таныспаған, алайда судья бұл жағдайға қарамастан сот тергеуін жалғастырған. Бұл ҚР ҚПК-мен кепілдендірілген қорғау құқығын шектеу болады.
  • Айыптау актісі мен жәбірленушілердің жауаптары арасындағы сәйкессіздік
    Сотта жауап алынған шамамен 150 жәбірленушінің көрсетулері жаңа айыптау актісіндегі мәліметтерге сәйкес келмейді. Кейбір эпизодтарда бір ақша сомасына бірнеше жәбірленуші талап қойып отырғаны анықталды, ал қаражаттың халықтан жиналғаны айтылды.
  • Қамауда ұстау мерзімінің заңсыз ұзартылуы
    ҚР ҚПК-нің 342-бабының 2, 3, 4-бөліктеріне сәйкес, сотталушыларды күзетпен ұстау мерзімі заңда белгіленген шектен асып кеткен. 13.11.2025 жылдан кейін қамауда ұстау мерзімі уақтылы ұзартылмағанына қарамастан, судья бір қаулымен әрі қорғаушының өтінішін қанағаттандырмай, әрі қамау мерзімін 13.05.2026 жылға дейін заңсыз ұзартқан. Бұл әрекет Жоғарғы Соттың 24.01.2020 жылғы №1 нормативтік қаулысына және Конституциялық Соттың 18.07.2025 жылғы №73-НП қаулысына қайшы келеді.

Жоғарыда аталған заңбұзушылықтарға қатысты қорғау тарапы судьяның бейтараптығына күмән келтіріп  
ҚР ҚПК-нің 87-бабы 1-бөлігінің 6-тармағына сәйкес судьяға қарсылық білдіруге негіз болады  деп қарсылық білдірген.

Сонымен қатар, тергеушілерге қатысты заңбұзушылықтар болғанына қатысты да өтініш-талап жазылған екен.  Адвокат Қалжатбайдың айтуынша, Алматы қаласының ПД Тергеу басқармасының тергеушісі А.Қаңтарбаев 26.08.2024 жылы  іс бойынша “тергеп-тексеру аяқталды” деп жариялап, іс мерзімін 30 тәулікке ұзартқан, бірақ іс бойынша тек күдіктілерден жауап алу ғана жүргізіліп, басқа тергеу әрекеттері жасалмаған. Кейін 29.08.2024 жылы жаңа іс тіркеліп, онда Қожамұратоваға қатысты іс материалдары қайта жаңадан ашылған. Бұл әрекет ҚР ҚПК-нің 24-бабының, 296-бабының және 302-1-бабының талаптарына сәйкес тергеудің толық жүргізілмеуі және іс материалдарымен толық таныстырудың болмауы. Сондай-ақ, тергеуші қылмыстық істі бірнеше рет аяқталған деп жариялап, кейін қайта тіркеу арқылы қылмыстық процестің заңдылығын бұзғанын  адвокат Қалжатбай мәлімдеді.

Осыған орай Orda.kz Конституциялық сот пен Жоғарғы сотқа Қожамұратованың адвокаттары сот және тергеу барысында айтқан заңбұзушылықтардың қаншалықты заңды екенін анықтау мақсатында сауал жолдады. Себебі іс кең көлемде резонанс тудырып, жәбірленушілер саны көп, шығын сомасы да үлкен. Әдетте мұндай істер қатаң бақылауда өтуі тиіс емес пе деген заңды сұрақ туындайды. Сауалымызға жауап келген жағдайда оны қосымша жариялаймыз.

Orda.kz келесі сот отырыстарынан да хабар таратуды жалғастырады. 


 

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар