«Анашым» әніне қатысты дау: композитор Марат Омаров Луинаны авторлық құқықты бұзды деп айыптады
Фото: Orda.kz
«Анашым» әнінің авторы, композитор Марат Омаров Orda.kz журналистіне Луинаның бұл әнге жасаған кавер-нұсқасы авторлық құқықты қалай бұзатынын түсіндірді.
«Мені орындаушымен шатастырмаңыз!» 6 наурызда қазақстандық әнші Луина (шын есімі — Луиза Обухова) Instagram-да «Анашым» әнінің кавер-нұсқасын жариялады. Видео сипаттамасында 8 наурыз қарсаңында әйгілі зергерлік үй мен Луина «ерекше сыйлық — Нұрлан Өнербаевтың аңызға айналған әніне жүрек тебірентерлік кавер дайындағанын» хабарлаған.
Марат Омаров, осы шығарманың музыкасын жазған автор ретінде бұл жағдайға таңғалғанын айтты.
«40 жыл бойы Қазақстан авторлар қоғамының мүшесімін, 2000 жылдан бері АҚШ-тың Дүниежүзілік композиторлар ассоциациясының мүшесімін. 300-ден астам ән жаздым, солардың ішіндегі мені халыққа танымал еткен — „Анашым“ әні. Луинаның Instagram-дағы, әлемдік деңгейде жарияланған жазбасында әннің авторы ретінде Нұрлан Өнербаев көрсетілгенін көріп, қатты алаңдадым», — деді ол.
Композитор тек Instagram-дағы қате жазбаға емес, сонымен қатар әнді орындау үшін өзінен рұқсат сұрамағанына да наразы. Осыған байланысты, ол әншіге қатысты сотқа шағым түсіруді жоспарлап отыр.
«Менің әннің авторы ретінде көрсетілмегенім аздай, Луина менің рұқсатымсыз жаңа аранжировка жаздырды. Оның үстіне, ол осы әнге бейнебаян түсірді. Оған белгілі зергерлік компанияның және бірнеше сауда орталығы басшыларының қатысы бар. Бәрі заңсыз жасалды. Сондықтан мен заңгерлерге жүгініп, сотқа арыздануды ойлап отырмын. Бұл мәселе шешілуі керек», — деп мәлімдеді композитор.
«Мені орындаушымен шатастырмаңыз. Мен — осы әннің авторы, композиторы боламын. Нұрлан Өнербаев тек орындаушы», — деп қосты Марат Омаров.
«Бізде әнді орындауға ауызша рұқсат бар»
Біздің журналист Луинамен байланыса алмады, бірақ оның күйеуі Артем Обуховпен сөйлесіп, жағдайды толық түсіндірді. Ол бірден Instagram-дағы жазбаны Луина емес, зергерлік үй жариялағанын атап өтті.
«Қараңыздар, жазбаны Луина емес, зергерлік үй жариялаған. Бұл жазба зергерлік үйдің ресми парақшасында шықты, дұрыс па? Бұл — авторлық бірлескен жұмыс, дегенмен постың мәтінін жазған Луина емес. Жариялаушылар, мүмкін, қателесіп, орындаушыны көрсетіп, авторды жазуды ұмытып кеткен шыған», — деп түсіндірді Артем Обухов.


Оның айтуынша, Луина Марат Омаровқа үлкен құрметпен қарайды және екеуінің арасында ауызша келісім болған. Сол келісім бойынша, Луина бұл әнді орындауға рұқсат алған.
«Марат Омаров бірнеше жыл бұрын ауызша рұқсат берген. Біз тек жаңа аранжировка жасадық. Луина бұл әнді орындаған сайын, интернеттегі жазбаларда да бар, әрдайым: „Бұл әннің авторы – Марат Омаров, ол маған орындауға рұқсат берді“ деп айтып жүреді», – деді Артем Обухов.
Әншінің жұбайы Луинаның авторлық құқық мәселесіне өте мұқият қарайтынын атап өтті.
«Біз ешқашан өзгенің әнін жай ғана алып, сонымен сахнаға шықпаймыз. Шығармашылық этиканы әрқашан ескереміз. Әрине, орындауға рұқсат алу немесе авторлық құқық иесіне ақы төлеу қажет. Мысалы, біз Мұрат Насыровтың әндеріне құқықты оның балаларынан сатып алдық. Марат Омаровтан да рұқсат алдық. Ол: „Бұл әнді еркін орындай беріңдер“ деді».
Сонымен қатар, Артем Обухов бұл мәселені ушықтырмай-ақ шешуге болар еді деп есептейді.
«Бұл жай ғана телефон қоңырауы арқылы шешілетін мәселе. Әрине, Марат Омаровтың өз құқығын қорғауға толық құқығы бар – ол БАҚ-қа немесе сотқа жүгіне алады. Бірақ біз мәселені келіссөз арқылы шешер едік. Егер оның өкілі бізге хабарласып, „Клиентім бұл жарияланымды этикалық тұрғыдан дұрыс деп санамайды“ десе, біз: „Кешіріңіз, ешкімнің көңіліне қаяу түсіруді ойлаған жоқпыз. Қажет болса, жазбаны өшірейік немесе өзгертейік“ деп жауап берер едік»
Айта кетейік, біздің қоңырауымыздан кейін Instagram-дағы жазбаға өзгерістер енгізілді. Жазбада «Нұрлан Өнербаевтың әні» деген тіркес сол қалпы қалғанымен, жақша ішінде композитор – М. Омаров, сөзін жазған – Қ. Жұмағалиев деп көрсетілген.
Адвокат Евгений Яворский, Марат Омаровтың қорғаушысы, оның клиенті бұл мәселеге неліктен қоғам назарын аударғысы келетінін түсіндірді. Ол Қазақстанда авторлық құқықты қорғау мәселесі өзекті екенін және мұндай жағдайларды жасырудың дұрыс емес екенін айтты.
«Біз бәріміз интеллектуалдық меншік құқықтарымызды қорғауды үйренуіміз керек, оны құрметтеуіміз қажет, өйткені бұл – оны жасаған адамдардың жетістігі. Бұл негізгі қағидалар, сондықтан біз қоғамға осындай мәселенің бар екенін жеткізгіміз келеді», — деді Яворский.
Оның пікірінше, Луина әннің авторын дұрыс көрсетіп, немесе өз постына бірлескен автор ретінде жауапкершілікпен қарауы керек еді.
«Бұл ән Нұрлан Өнербаевтікі емес, оның авторы — Марат Омаров, біздің мықты композиторымыз. Ол — біздің мақтанышымыз, мұны ашық айту керек. Ол маған өз құқықтарын қорғауға көмектесу үшін жүгінді», — деді адвокат.
Адвокат сотқа жүгінуге дайын екенін растады, бірақ мәселені соттан тыс реттеу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
«Мен сарапшыларға жүгіндім, бірнеше сараптама дайындап жатырмыз. Одан кейін істі сот арқылы шешеміз. Мүмкін, мәселені сотқа жеткізбей-ақ реттей аламыз. Бірақ орындаушы композиторды көрсетуі керек деп есептеймін. Өйткені оны бәрі таниды, бұл жағдай оны ренжітеді және бұл түсінікті. Заң бойынша да, адамгершілік тұрғысынан да бұл дұрыс емес», — деп қорытындылады ол.
Егер келісім болмаса, әнді пайдалану құқығы да жоқ
Orda.kz авторлық құқық саласының сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты Темірлан Төлегеновтен жағдайды түсіндіріп беруді сұрады. Ол авторлық құқық туралы заңға сілтеме жасап, елде ауызша келісімдердің заңды күші жоқ екенін айтты.
«Біздің заң бойынша, туындыны пайдалану құқығы тек келісімшарт арқылы беріледі. Ауызша уәделермен ешқандай құқық берілмейді. Сондықтан егер келісім болмаған болса, онда бұл әнді пайдалану құқығы ешкімге өтпеген. Егер әншінің жазбаша келісімі болғанда, ол қазір Марат Омаровқа: „Аға, мен сізді қатты сыйлаймын, бірақ менің сізден осы әнді орындауға алған рұқсатым бар, сол себепті кешіріңіз“, деп жауап бере алар еді. Бірақ бұл жағдайда ондай келісім жоқ. Демек, композитордың авторлық құқықты бұзу туралы заңды талап қоюға мүмкіндігі бар», — деді ол.
Біздің Instagram-дағы жарияланымға қатысты сұрағымызға ол былай деді:
«Бұл да авторлық құқықты бұзу болады. Мұндай құқықтар бар, мысалы, жеке және мүліктік емес құқықтар. Оның ішінде авторлық құқық та қарастырылған. Яғни, кез келген пайдаланушы туындыны қолданған кезде автордың атын көрсетуі тиіс. Бұл жағдайда әрине, әртүрлі түсіндірмелер болуы мүмкін, бірақ бастысы – туындының нақты авторын көрсету маңызды».
«Бұл ән – нағыз аналарға арналған гимн»
«Бұл ән – нағыз аналарға арналған гимн. Оның сөздері терең мағынаға толы: егер анаң тірі болса, сен ешқашан қартаймайсың», деп жазылған Instagram-дағы жазбада.
Бұл пікірмен ешкім дауласа қоймас. 1987 жылы жазылған мәңгілік хит қазақстандықтардың барлық буынының сүйіспеншілігіне бөленген. Көптеген отандық әншілер оны жүрекпен орындады. Бірақ ең басты орындаушысы, сөзсіз, Нұрлан Өнербаев.
Қызықты ақпарат: Марат Омаровтың айтуынша, бұл композиция бастапқыда Мақпал Жүнісоваға арналған екен.
Ал 8 наурызда әннің жаңа кавер-нұсқасын музыкант Sadraddin ұсынды. Ол «Анашым» әнін Gaissin Orchestra оркестрінің сүйемелдеуімен орындады.
Бұл әнді тек жұлдыздар ғана орындап жүрген жоқ, әрі ол тек Халықаралық әйелдер күніне арналған емес. 2024 жылдың қыркүйек айында Астанадағы «Барыс Арена» стадионында You Fest жастар фестивалінің 12 мың қатысушысы осы әнді хор болып орындады.
Жаңалықтар
- Instagram блогерлер Борейко, Бокаев және Ниязовтың жарияланымдарын жойды
- Белгілі әнші Мұқасан «Нұрмұқасан» тобына жаңадан қосылған Ғалымжанды көгала қойдай етіп сабап тастады
- Етті түсіңде көресің: Ел халқы көп тұтынатын негізгі тағамдар қымбат, үкімет шешім таба ма?
- Қорғаныс министрі сарбаздардың өлімін мазақ етті. Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелесіп жатыр. Картоп — алтынмен тең
- Алматыда қоймадағы ірі өрт сөндірілді
- 10 адам ұсталды: Қырғызстанда саясаткерлерге қатысты жаппай тінту жүргізіліп, тергеу басталды
- «Шешімі табылғанда мәселеге оралайық»: ДСМ басшысы Теміртау дәрігерлерінің талаптарына жауап берді
- Украинаға қатысты бейбіт жоспар түпкілікті емес — Трамп
- «180 мың теңге аламыз»: Жамбыл облысының фельдшерлері де президентке үн қатты
- Алматыда 22 қарашадан бастап жүргізушілерге жаңа айыппұл қосылды
- Талғарда 14 жастағы баланы өлтіріп алған жасөспірімнің анасы өз шындығын айтты
- Қорқынышты детектив: Астана маңында 14 жастағы Лераны кім және неге өлтірді?
- Қазақстан VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында 56 медаль жеңіп алды
- «Алқаш» деді»: мас ер адам 15 жастағы қызын 16 рет пышақтап өлтірді
- Маңғыстау облысында түлкі мектеп оқушыларына шабуыл жасады
- Терапевтен өсті: Денсаулық сақтау саласына жаңа вице-министр тағайындалды
- «Лукойл» активтері үшін соғыс: ойынға Әбу-Дабидің алып компаниясы қосылды
- «Тоқалының ағасы»: Нұрсұлтан Назарбаевтың қайын ағасы ұсталды
- Қазақстан МАГАТЭ-нің Қиыр Шығыс тобына енді
- Астанада жеті тұрғын үй кешені жарықсыз қалды