Ана болу мүмкіндігі артты: Қазақстанда ЭКО бағасы қанша тұрады?

cover Фото: Коллаж оrda.kz

Белгілі репродуктолог Салтанат Байқошқарова ана болуды кейінге шегерген әйелдер үшін аналық ұрықты криоконсервациялау (қатыру) маңызы, Қазақстандағы ЭКО саласының елімізде қалай дамып жатқандығы мен ЭКО бағасының елімізде неге арзан екені туралы Orda.kz тілшісіне сұхбат берді. 

Ал ЭКО бойынша алғашқы «Мәриям» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, белгілі тележүрзгіуші Ләйлә Сұлтанқызы «Осындай қорлардың көп болуы мәселені шеше ме?» деген сұраққа тоқталды.

Салтанат Байқошқарова Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасын 1996 жылы жүзеге асырды. Сол жылы дүниеге келген бала бүгінде 28 жаста. Бұл жағдай еліміздегі репродуктология саласының дамуына үлкен ықпал етті. Мыңдаған отбасылар ЭКО арқылы бала сүю мүмкіндігіне ие болды. Содан бері елімізде осы саладағы жетістіктер үздіксіз дамып келеді.

 — Ұрықтың, эмбрионның криоконсервациялаудың (қатыру) маңызы неде? 

 — Бұл әдіс әлем бойынша ата-ана атануды кейінге шегерген жандар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі 35 жастан асқан әйелдер мен ерлердің ұрығының сапасы нашарлайды. Ұрықтың саны мен сапасы көбінесе әйелдің жасына қарай өзгереді. Ұрықты қатыру процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен, әйелдің аналық ұрығын дайындау қажет, яғни арнайы стимуляция жүргізіледі. Содан соң әркімде әртүрлі мөлшерде бірнеше аналық ұрық алынады. Бірақ 10 аналық ұрық алынса да – бұл міндетті түрде 10 бала туады деген түсінік болмау керек, өйткені ғылымның зерттеуі бойынша олардың 80 пайызында хромосомдық патология болады. Кейін аталық ұрықпен ұрықтанып эмбрионға айналған кезде, көбінесе 1 немесе 2-уі ғана жарамды болуы мүмкін. Аналық, аталық ұрықтар және эмбриондар 2000 жылға дейін сақталу мүмкіндігі бар. Дегенмен, біз бұл әдіске жарнама жасамаймыз, өйткені табиғи жүктілік, ана болудың процестері жаратылыстың заңымен және уақытымен болуы дұрыс.

— Көптеген адамдар криоконсервацияның қауіптері туралы алаңдайды. Осыған қатысты не айта аласыз?

— Адамдарда «қатырылған бала ауру болады» деген негізсіз сенім бар. Бірақ, криоконсервация – қауіпсіз процесс. Біздің клиникамызға алдын ала ұрықтарын, эмбриондарын қатырып, кейін ата-ана болуды жоспарлап отырған адамдардан гөрі, көбінесе онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар келеді. Химиялық, сәулелік ем-шараларға дейін болашақта балалы болу мүмкіндігін сақтау үшін әйелдер мен ерлер өз ұрықтарын қатырып қояды. Қазіргі таңда онкологтар да науқастарды бізге жібереді, өйткені ауыр ем-шаралар бүкіл организмге әсер етеді. Бұл тұрғыда криоконсервацияның пайдасы зор.

— Криоконсервация процесі мен бағасы қандай?

— Алдын ала клиника мен пациент арасында келісімшарт жасалады. Келісімде қанша жыл сақтау керектігі және басқа да маңызды тұстары көрсетіледі. Әйелден аналық ұрықты алу үшін толықтай дерлік ЭКО бағдарламасы қолданылады. ЭКО-ның бағасы криоконсервация (қатыру) әдісімен қосқанда 1,5 миллион теңгенің айналасында, бұл сомаға алдын ала дайындық, дәрі-дәрмек, және аналық ұрықты алу кезіндегі стимуляция процесі кіреді. Ары қарай ай сайынғы азотпен қатырып, белгілі бір температураны сақтап отыру үшін айына 3000-5000 теңге көлемінде төлем бар. Ал ер адаммен жұмыс істеу тез, жеңіл және арзан, ол үшін ЭКО жасалмайды, өйткені ер адамның ұрығы миллиондап сыртқа өзі шығады, оны қатыру орта шамамен 50 мың теңгедей тұрады.

— Эмбриондарды қатыру әдісінің ЭКО-ға бала көтеруге тікелей қандай көмегі бар?

Бұл эмбриондарды қатыру әдісі ЭКО процесін жеңілдетті және қауіпсіз етті. Бұрын 15-20 жыл бұрын эмбриондарды сол алған айда салуға тура келетін, бірақ аналық без қатты ісініп, қалыпқа келуіне уақыт көп кететін еді. Көбінесе бұл әйелдің өміріне үлкен қауіп төндіретін жағдайларға алып келетін.  Сондықтан криоконсервация әдісі арқылы гиперстимуляциядан аман қалуға болады. Яғни, алынған  эмбриондарды қатырып қойып, бір-екі айдан соң, аналық без қалыпқа келгенде біртіндеп салуға мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда нәтижелілік көп болады, 1,5 -2 есеге жоғарылайды. Сонымен қатар, осыдан 20-25 жыл бұрын, қазіргідей нәтижелі криоконсервация жоқ кезде, қанша эмбрион пайда болатын, соның бәрін салуға тура келетін. Тіптен 7 эмбрионды жүктілік шыққан жағдайлар болған, бірақ әйел ондай көп баланы көтере алмайтындықтан, 5-іне дейін алып тастауға мәжбүр болатын. Ал қазіргі криоконсервация әдісі мұндай жағдайларды болдырмайды және қауіптілікті азайтады.

— Қазақстанда ЭКО «әлем бойынша ең арзан» деген пікір бар, қаншалықты рас?

— Қазақстанда 31 ЭКО клиникасы тіркелген. Оның 19-ы ғана квота бағдарламасына қатысады, арасында тек 2-і ғана мемлекеттік клиникалар. Және клиникалардың барлығы бірдей деңгейде қызмет көрсетпейді, олардың технологиялық мүмкіндіктері әртүрлі. 2021 жылдан бастап мемлекеттен жыл сайын 7000-ға жуық квота бөліне бастады, көпшілікке бұл жаңалық  ЭКО-ны қол жетімді етті.  Квоталық ЭКО-ға бір адамға орташа есеппен 1-1,1  миллион теңгедей мөлшерінде қаражат бөлінеді. Оның 600, кейде 700 мыңдай  теңгесі  дәрі-дәрмекке, қалған 500-600 мың теңгесі ЭКО технологияларына, яғни қатыру процестеріне жұмсалады, тағы дәрігерлердің еңбегін қосыңыз.  Көбінесе 90-95 пайызында криоконсервация әдісі қолданылады. Ол шамамен 200-300 мың теңгедей болады, бірақ ол квотаға кірмейді, сондықтан жұптар өздері төлейді. Егер  жұбайлар жасатқысы келсе, генетикалық диагностика тағы бар, орта шамамен 500 мың теңгедей кетуі мүмкін, бұл қымбат технология квотаға кірмейді. Біз осы бағалар көлемінде 30 жыл  бойғы тәжірибемізбен жұмыс істеп келеміз. Валютаның өсу мен теңгенің құлдырауы, девальвацияға да аса қарамай отырмыз. Осы орайда мысал ретінде айтатын жәйт – небары 3 жыл бұрын ғана ЭКО әдісін қолға алған көршілес Өзбекстан бірден еуропалық баға қойды. Сол жақтағы әріптестеріміз біздің бағамызға таң қалады. Өйткені жеке біздің клиникаларда ЭКО-ға арналған соңғы технологиялар мен мамандардың біліктілігінің жоғары екенін біледі. ЭКО-да жоғары нәтиже алу үшін дүниежүзілік дамыған мемлекеттердің технологиясын үнемі сатып алып отыру қажет. Бір де бір ЭКО-ға қажет зат елімізде және ТМД мемлекеттерінде өндірілмейді. Барлығын валюта бағамында атақты фирмалардан тапсырыс беріп үнемі жаңартып, сатып алып отыруымыз керек. Бұл тұрғыда Қазақстанда ЭКО бағасы расымен де төмен. Бұл жерде мәселе – ЭКО-ның бағасын қымбаттату емес, оны жоғары сапалы қызметке лайықты ету. Бұл мамандардың кәсіби біліктілігін және жаңа технологиялардың құнын ақтау үшін қажет. Өйткені медицина бір орында тұрмайды, күн сайын жаңа әдіс пен технологиялар пайда болады, бұл қызмет сапасын, нәтижелілігін арттырады. Бір рет алған құрал-жабдық өмірбақи қызмет көрсетпейтіні айтпаса да ақиқат.

Сонымен қатар, науқастар ЭКО процесі үшін соңғы технологиялар мен жасанды интеллект қолданылатын орталықтарды таңдағаны жөн. Бұл нәтижелілікті ұлғайтып, әйел өміріне деген қауіпті азайтады. Мысалы, жақында біз жасанды интеллектпен жұмыс жасайтын жаңа, ақылды инкубатор- «Эмбриоскоп плюс» деген ең озық технологияны сатып алдық. Құны 300 мың евроны құрайтын аппаратың 9-ын зертханаларымызға орнаттық. Біз үнемі тапқан табысты осы іске қайтадан құйып, жаңашылдыққа ұмтыламыз. Тағы айта кететін жаңа технология – ЭКО лабораториясының «Таза бөлме» жобасы. Бұл технология көптеген зертханаларда жоқ, өйткені бұл да үлкен қаражатты қажет ететін дүние. Біз барлық зертханаларымызда осы жаңалықты қолданамыз. Бұл не үшін қажет? Таза бөлме жобасы ластануды азайту мақсатында ауадағы токсиндер, шаң, микроорганизмдер және басқа да бөлшектердің мөлшерін бақылайтын және тазалайтын арнайы кеңістік. Мұның бәрі эмбриондардың дамуын сапалы ету, жүктілік нәтижесін жоғарылату, болашақта дені сау сәбидің дүниеге келуіне барлық ғылымның мүмкіндіктерін пайдалану үшін қажет. Сондықтан, технологияларды үнемі жаңартуға біз аса мән береміз, ал технологияларды дамытуда қаражаттың маңызы зор. 

Фото: ngc.kz

—  Шетелден ЭКО жасату үшін келетін науқастар да бар деп естідік, олардың саны көп пе?

—  Иә, бізге бұрыннан шет мемлекеттерден келіп ЭКО процесін жасататын азаматтар бар, көп болмаса да баршылық. Атап айтқанда, Америка, Израиль, Дубай, Германия, Европа мемлекеттерінен тіпті Қытайдан да келді. Бастапқыда осы жақтағы елшілікте, ірі компанияларда істейтін шетелдіктер келген болатын, артынша естіп, басқалары да арнайы іздеп келе бастады. Мысалы, Америкада 9 жыл бойы бала көтере алмай, 2 рет сол жақта ЭКО жасатқан этникалық қазақтарға Нью-Джерсиде бір дәрігер: «Неге өз елдеріңе барып жасамайсыңдар? Сендерде ЭКО дамыған сала әрі бағасы да арзан», – деп айтқан екен.

— Қазақстандағы ең алғаш Экомед орталығы ЭКО әдісімен тұңғыш сәбиді дүниеге әкелді. Қазіргі таңда еліміз бойынша Экомедтің қанша орталығы бар?

— Қазақстан бойынша Экомедтің 12 орталығы бар, оның 6-уы ірі, яғни ЭКО лабораториясы бар. Әрбір орталық ашылмас бұрын, көп региондарда бедеулікті емдейтін мамандар тапшы болғандықтан, ол жерлерге 2-3 репродуктолог маманды дайындаймыз. Сол орталықтарда ЭКО-ға жүгінбей-ақ, халықтың 60 пайызы табиғи жолмен алысқа бармай-ақ бала көтереді, ал қалған 40 пайызға жуығы ЭКО-ға жүгінеді. Аймақтардағы кішігірім орталықтар негізінен әйелдерді табиғи жүктілікке қол жеткізу үшін емдейді және біразын ЭКО процесіне дайындайды, олар ірі қалалардағы орталықтарға тек ұрықты алу және кейінірек жатырға салу үшін ғана келеді. Бұл тиімдірек, себебі квотаға бөлінген қаражат тек емге жұмсалады, ал өз қалтаңнан шығатын жатар орын мен жолға кететін шығынды азайтады. 

—  Қоғамда әлеуметтік бедеулік термині бар, осыны маман ретінде кеңінен түсіндірсеңіз.

— Әлеуметтік бедеулік – адамның биологиялық мүмкіндіктеріне әлеуметтік факторлардың кедергі келтіруі. Тек әйелдер ғана емес, сонымен қатар еркектің де 35 жастан соң ұрықтарының сапасы нашарлайды. Салдарынан дүниеге ауру бала келіп жату мүмкіндігі артады. Жастары ұлғайған сайын, әйелдің де аналық ұрықтары азайып сапасы төмендейді. Мансапқа көп көңіл бөлген кезде бала тууды кейінге қалдырып, 1-2 баламен шектелуге шешім қабылдаймыз. Әрине, мансап маңызды, бірақ биологиялық сағатты да ескеру қажет. 35 жастан асқан соң, өмірлік серігіңізді таппасаңыз, ұрықтарды қатырып қою мүмкіндігі бар медицинада. Бірақ, қайталап айтқым келеді, біз бұған жарнама жасамаймыз, ең дұрысы бәрінің өз уақытында болғаны дұрыс.  Жалпы алғанда, физиология ғылымының тұжырымдауы бойынша,  20 жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі 1 айда - 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, ал 40 жаста – 5 пайыз ғана. Тіпті алдын-ала жоспарлап, аналық ұрығыңызды қатыруға берсеңіз де, нәтижелілік мәселесі бар. Яғни, жас әйелдің ұрығында да 80 пайызында хромосомалық патология болады. 1-2 сапалы эмбрион алу үшін 10 ұрық тапсыруыңыз мүмкін. Оның  үстіне қазіргі таңда,  25-30 жастағы әйелдер арасында ерте климакс кездесіп жатыр.  Негізі, неғұрлым уақытында тұрмысқа шықсаңыз, дені сау ұрпақ туу мүмкіндігі артады. Табиғаттың заңы осындай.

— Жалпы елімізде  жыныстық тәрбиеге аса қатты мән берілмейді, бұл тұрғыда не айтасыз?

— Жыныстық тәрбиенің дұрыс болуы өте маңызды. Қазіргі жастар ерте жыныстық қатынасқа түседі,  жүкті болмау үшін гормоналды дәрілер қабылдайды, инфекциялық аурулар мен аборт мәселелері де бар. Бұл жолда тәрбиелеп, балаға дұрыс бағыт-бағдар беретін ата-ана мен мектеп болуы керек. Дұрыс жыныстық тәрбие, сапалы тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану – қарапайым, бірақ маңызды әрі болашақта дені сау ұрпақ әкелуге себепші болатын қағидалар.

Осы орайда, мемлекеттік квотаға іліне алмаған жандарға ата-ана болуға көмектесіп жүрген танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының «Мәриям» қайырымдылық қоры бар. Orda.kz тілшісі қор ашылғаннан бері қанша сәби дүниеге келгенін және қор көмегіне қалай жүгінуге болатынын сұрастырды.
««MARIYAM» қайырымдылық қоры 2 жылға жуық  уақыт аралығынд 13 сәбидің дүниеге келуіне себепші болды. Қордың көмегіне жүгіну үшін біздің ресми «MARIYAM» қорының сайтына кіріп,көмек керек батырмасын басып, анкета толтыру қажет. Анкетада қажетті құжаттарды тіркеп жіберу арқылы өтініш беруге болады. Біз Қазақстан Республикасы азаматтарына, ресми некеде тұрған отбасыларға көмектесеміз. Әрине, мемлекеттік «Аңсаған сәби» квотасына іліге алмағандарға да ерекше назарда. Бізге келетін жүздеген хаттардың көбі дұрыс толтырылмайды. Құжаттарын толық жібермейтіндер, бірнеше жыл бұрын тапсырған анализ нәтижелерін жүктейтіндер көп. Соның салдарынан да уақыт жоғалтып алады. Сонымен қатар, соңғы уақытта біздің қорға жүгінушілер саны өскенін байқадық. Дегенмен, қорлардың көптігі проблеманы толық шешпейді. Көп жағдайда біз салдарымен емес себебімен күресуіміз керек. ЭКО-мәселенің шешімі болғанымен, соңғы түйіні емес. Жалпы бедеулікке әкеліп соғатын бірнеше факторлар бар. Көп жағдайда ерте жастан алдын алуға болады. Яғни, балаларымызбен жұмыс маңызды. Жыныстық сауаттылық, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану сияқты бағытта әңгіме жүргізген абзал деп санаймын. Осы тұста «онда сіз неге айналыса бастадыңыз?» деген сұрақ туу мүмкін. Мен жеке басымнан өткен соң, жағдайды ішінен білген соң көмектескім келді. Қорымызға түсетін қаражаттың 80%-ы жеке кәсіпкерлер, іскер азаматтардың қолдауы», —  деді Ләйлә Сұлтанқызы. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар