Алматы маңынан ежелгі жануарлардың жүзден астам қаңқасы табылды

cover Фото: Институт зоологии РК

Қазақстан зоология институтының ғалымдары Алматы облысы, Күрті ауылының маңында ежелгі жануарлардың 120-ға жуық қаңқасын тапты. Мамандардың айтуынша, олардың жасы шамамен 280 миллион жылдай, деп хабарлайды Orda.kz.

Зерттеушілердің мәліметінше, бұл аймақ құрлықтық палеозойдың пермь кезеңіне жатады. Яғни, динозаврлар дәуіріне дейінгі уақыт. Мұнда алғаш рет ежелгі жануарлардың іздері өткен ғасырдың 60–70 жылдары табылған. Кейін зерттеу тоқтап қалған. Себебі нысанның нақты координаттары жоғалған болатын. Оларды ғалымдар жақында ғана 50 жыл бұрынғы дала күнделіктерінің жазбалары арқылы қайта тапқан.

«Біз бұрынғы экспедициялардың деректерін қалпына келтіріп, қазба орнының орнын анықтадық. Нәтижесінде Utegenia shpinari түріне жататын ежелгі қосмекенділердің жүзден астам қаңқасы табылды», — дейді ғалымдар.

Утегениялар — шамамен 30 сантиметрге дейін өсетін, сыртқы түрі тритон мен саламандраға ұқсас ежелгі құйрықты қосмекенділер. Жас дараларының желбезектері бар.

Сонымен қатар, ғалымдар ежелгі өсімдіктердің іздерін, соның ішінде ағаш тәрізді қырықбуын — каламиттердің қалдықтарын тапқан.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар