Алматы әкімдігінде 4 баланың анасы өзін-өзі өртемек болды
Фото: Orda.kz
Алматы қаласы әкімдігінің азаматтарды қабылдау орталығында 39 жастағы келіншек қасында еріп жүрген кішкентай баласына қарамастан өзін-өзі өртемек болып үстіне бензин құйды. Orda.kz оқиға орнына барып, келіншектің неге мұндай жанкешті әрекетке бармақ болғанын анықтады.
Бүгін Orda.kz редакциясына «Алматы қаласы әкімдігінің ішінде белгісіз бір келіншек өзін-өзі өртегелі жатыр» деген ақпарат келді. Оқиға орнына барғанымызда әкімшіліктің азаматтарды қабылдау орталығының алдында екі жедел жәрдем мен бес-алты полиция көлігі тұрды.
Кіреберістегі әкімдік қызметкері қабылдауға келген адамдардың сөмкелерінен оттық пен сіріңкенің бар-жоғын тексеріп, егер бар болса сыртта тастап кетуін қатаң қадағалап тұрды. Сонымен қатар ғимарат ішінен бензиннің иісі мүңкіп тұрды.
Араға бір сағаттай уақыт салып өзін-өзі өртеуге оқталған келіншекті қоршап бірнеше полиция сыртқа шықты. Orda.kz тілшісі келіншектен неліктен мұндай әркетке барғанын сұрастырды.
Өз-өзін өртемек болған келіншек 39 жастағы төрт баланың анасы Жанар Қалжанова соттан әділетсіздік көрген соң, әкімшілікке 2025 жылдың мамыр айынан бері келіп жүр екен.
«Мені 2021 жылы жаяу жүргіншілер жолағында көлік қағып кетті. Салдарынан сол кезде 12 апта болған ішімдегі баламнан айырылдым. Аяғым сынды, артынан маған төрт ота жасалды. Сол оталардың салдарынан жатырымды да алып тастады. Мені қағып кеткен бір дөкейдің қызы. Түрксіб аудандық сотында осы іс қаралып, сот шешімі менің пайдама шықты. Яғни, маған денсаулығыма қатысты барлық моральдық және материалдық өтемақыға қатысты да шешім шықты. Алайда, екінші тарап шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірді», – деді Қалжанова.
Апелляциялық шағым қалалық сотта аудандық соттың үкімінің күшін жойып жоққа шығарған. Мұнымен келіспеген Қалжанова ары қарай кассациялық арыз түсіргенімен қалалық соттың үкімі өзгеріссіз қалды.
«Ал енді мұнда әкімдіктің не қатысы бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Келіншектің айтуынша, әкімдікке мамыр айынан бастап келіп жүрген екен. Тіпті Дархан Сатыбалдының жеке қабылдауында да болып соттан әділетсіздік көргенін әрі денсаулығына зиян келгенін түсіндіріп айтыпты.
«2 маусымда Дархан Сатыбалдының жеке қабылдауында болдым. Ол кісі: «көмек берілсін» деп айтты. Егер Бас прокуратураға ресми хат жазылса, ол істі қайта қарауға болады екен. Мен төрт балалы анамын. Денсаулығыма қатысты жұмыс істей алмаймын. Осында кішкентай баламмен келдім. Үстіме бензин құйдым. Өзімді өртемек болдым. Себебі әділеттік таппадым. Қазір маған да ешкім ештеңе деп уәде бермеді. Міне, қазір мені психикалық орталыққа өз-өзіме қол жұмсамақшы болғаным үшін апара жатыр», – деді Қалжанова.
Келіншекті баласымен бірге полиция алып кеткен соң, әкімдік өкілдері шығып, болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бірінші сотта жеңгенімен келесі апелляциялық шағым қаралған қалалық сотқа келіншек қатыспаған. Ал қалалық сот Қалжанованың қатыспағанына қарамастан сот үкімін шығарып жіберіпті. Ал келіншек уақытында істі қолдан шығарып алған. Бұл іс бойынша қазіргі уақытта қалалық сот пен кассациялық сот шешімді өзгертпеген әрі істі қарау уақыты да әлдеқашан өтіп кеткен екен.
Сонымен қатар, әкімшілік өкілдері келіншекке мамыр айынан бері әлеуметтік көмек көрсетіліп келе жатқанын айтты. Әкімдіктің айтуынша, Қалжанованың сегіз ай бойы төленбеген коммуналдық төлемдері мен жалдамалы пәтердің ақысы, сондай-ақ, азық-түлік берілген әрі үлкен баласының оқу ақысы да төленіпті. Тіпті оқу бітірген ұлы мен келіншектің өзіне де жұмыс та ұсынылған екен.
Келіншектің басты талабы әділетсіз өткен соттың шешімін қайта қарау мен баспана мәселесі.
Әкімдік жауабы
Алматы әкімдігі Жанар Қалжановаға кешенді әлеуметтік көмек көрсетілгенін хабарлады. Әкімдіктің мәлімдеуінше, көпбалалы әрі жалғызбасты ана Жанар Қалжановаға Жетісу ауданы әкімінің аппараты тарапынан жан-жақты әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
- 2025 жылдың ІІ тоқсанында ай сайын 139 996 теңге, ал ІІІ тоқсанда ай сайын 154 132 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленді;
- 2025 жылдың 3 маусымында азаматшаға 20 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді;
- демеушілердің қолдауымен тұрғын үй жалдау ақысы, коммуналдық қызмет пен ұлының колледждегі оқу ақысы бойынша берешектері өтелді;
- сондай-ақ азық-түлік себеттері мен балаларға арналған мектеп жабдықтары табысталды.
«Бұдан бөлек, өтініш берушіге және оның кәмелет жасына толған ұлына жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар айтылды. Алайда олар бас тартқан. Ж.Қ. 2023 жылдың 15 мамырынан бастап «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде тұр», деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұл оқиғадағы түсініксіз бір жайт, қалалық соттың іс бойынша жәбірленушінің сотқа қатыспағанына қарамастан сыртынан үкім шығарып тастағаны. Сондықтан Orda.kz қалалық прокуратураға ресми сауал жолдады.
Orda.kz ары қарай жағдайды бақылап, ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Тоқаев Ердоғанмен 14 мамырда болатын кездесуді талқылады
- Серік Сәпиев Қазақстан бокс федерация президентінің кеңесшісі атанды
- Ақмола облысының тас жолында фура жол жиегінде тұрған көлікке соқтығысты
- Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына кінәлі 10 жылға сотталуы мүмкін
- Енді атыраулықтар Ташкентке тікелей ұша алады
- Соғыс басталғалы бері Ормуз бұғазынан алғашқы Ирак танкері өтті
- Өскеменде полиция қызметкерін атып кеткен күдіктілер ұсталды
- Тағы бір танымал блогерге халықаралық іздеу жарияланды
- Полиция Шахтинск қаласындағы өртке кінәліні ұстады
- Зеленский Ресей жаппай қауіпті соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдеді
- Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды
- Трамп Иранмен уақытша бітімге келді: Соғыс 5 күнге тоқтады
- Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың бейтарап елдерді шарпып жатқанына қарсымыз: Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы елшісімен кездесті
- Атырауда мереке кезінде 80-ге жуық бала ата-анасынан көз жазып қалды
- Алдағы күндері оңтүстік өңірлер 28 градусқа дейін жылынады
- Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарға үндеу жасады
- Нью-Йорк әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігіне соғылды: Зардап шеккендер бар
- Алматыда алып ағаш көшенің қақ ортасына құлап түсті
- Трамп Израильге барып, беделді марапат алуды қарастырып отыр
- Шахтинскіде газ жарылды: Сегіз адам зардап шекті